КОРОНАВИРУС: ЖАРТЫ КҮНДЕ ЖҰҚТЫРҒАНДАР САНЫ ТӨРТ АДАМҒА ЖЕТТІ

Уақыты: 14.03.2020
Оқылды: 1239
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Германиядан ұшып келген Қазақстанның тағы бір азаматынан коронавирус анықталды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Диас Ахметшәріп ұлттық арнадағы «Ашық алаң» бағдарламасында айтты.

- Бізге шұғыл хабар келіп түсті. Германиядан келген ұшақта болған 1976 жылы туған ер адамнан коронавирус табылып, қазір ол Алматыдағы көпбейінді медицина орталығының стационарында ем алып жатыр. Осылайша науқастардың саны төртке жетті. Айта кетейік, оның үшеуі Германиядан келген, қазір Алматыда карантинде, ал төртінші елордалық әйел күйеуімен бірге Италияның Милан қаласынан ұшып келді. Оның жолдасынан коронавирус табылған жоқ, - деді Диас Ахметшәріп.

Еске сала кетейік, Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Қазақстанда екі адамның коронавирус жұқтырғанын жеткізген еді. Кейіннен Милан қаласынан Нұр-Сұлтанға келген тағы бір қазақстандықтан коронавирус инфекциясы табылды. Бұдан бұрын айтқанымыздай, елімізде коронавирус тіркелген жағдайда Үкімет жанындағы ведомствоаралық комиссия тиісті іс-шаралар жоспарын бекіткен еді. «Б» жоспары күшіне енді.

Қазір барлық шара бекітілген алгоритм бойынша жүргізіліп жатыр. Коронавирус инфекциясына шалдықты деп күдіктелген тұлғада аурудың клиникалық белгісі жоқ. Эпидемияға қарсы барлық қажетті шара қолданылып жатыр. Сұрақ туған жағдайда, 1406 нөміріне - call-орталыққа хабарласу керек.

"ҚАЗАҚПАРАТ"