ҚАЗАҚСТАНДА КОРОНАВИРУСТЫҢ ТАРАЛУЫ: ЕҢ СОҢҒЫ МӘЛІМЕТТЕР ҚАНДАЙ?

Уақыты: 15.03.2020
Оқылды: 1072
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Бүгінде елімізде коронавирус жұқтырған 6 науқас тіркелді. Алматы қаласында – 4, Нұр-Сұлтан қаласында – 2 адам. Стационарлық карантинде 1 мың 425 адам, үй карантинінде 496 адам жатыр. Бұл жайында Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Қытайдан және шекаралас мемлекеттерден келген азаматтарға мониторинг жалғасуда. Барлық санаттар бойынша мониторингіге 2 507 адам алынды, оның ішінде 1 «а» санаты бойынша – 1 мың 619, 1 «б» санаты бойынша – 520, 2 санаты бойынша – 368 адам. Мониторингіге алынған 2 507 адамның 424-і бақылау тоқтатылды.

Бүгінгі жағдай бойынша барлығы 2083 адамға мониторинг жүргізілуде. Қазіргі уақытта дене қызуымен және ЖРВИ белгілерімен 122 адам ауруханаға жатқызылды, оның ішінде 1 «б» санаты бойынша – 35 адам; 2 санат бойынша – 42 адам; 3 санат бойынша - 45 адам. Ауруханаға жатқызылғандар саны 122 адам, 62 азамат шығарылды. 60 адам стационарда қалады. Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысымен аталған пациенттер алгоритмге сәйкес инфекциялық стационарға жатқызылды.

Эпидемияға қарсы қажетті шаралар, оның ішінде оқшаулау, емдеу және дезинфекция жасау жұмыстары жүргізілуде. Айта кету керек, жағдай Денсаулық сақтау министрінің тұрақты бақылауында.

Әлемде 152 елде 156 494 КВИ (коронавирус) жағдайы тіркелген, оның ішінде: ҚХР-да 80 884 (тәулігіне - 20 жағ.) жағдай (күн сайынғы өсім – 0,02%), оның ішінде - 3 199 өліммен аяқталған (өлім көрсеткіші – 3,9%). 66 911 адам жазылған (82,7%). Стационарларда 10 734 науқас қалады; Әлемнің басқа елдерінде – 75 650 (круиз лайнерін қоса алғанда) оқиға (күн сайынғы өсім – 17,2% құрады), оның ішінде – 2 623 өлім, өлім көрсеткіші-3,4 %.

Денсаулық сақтау министрлігі жаңа коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу үшін қатаң алдын алу шараларын сақтауға кеңес береді. Ол кеңес мынадай:

- қолды, бетті сабынмен жиі және мұқият жуу;

- адамдар көп жиналатын жерлерге мүлдем бармау;

- сырқат адамдарға жақындамау;

- суық тию белгілері пайда болған жағдайда (дене қызуы жоғарылап, мұрын бітелсе, жөтел, тамақтың ауыруы) тез арада үйге "Жедел жәрдем" шақыру.

Ресми ақпаратты Денсаулық сақтау министрлігінің "Фейсбуктегі" парақшасынан оқи аласыздар және өзге де сұрақтар бойынша тәулік бойы жұмыс істейтін 1406 байланыс-орталығына қоңырау шалуға болады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет ғаламтордан алынды