Талдықорған қаласында Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған «Клиникалық медицинаның өзекті мәселелері» атты І Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Жиынға Израиль мен Ресей Федерациясы медицинасының білікті мамандары, отандық ғалымдар, денсаулық сақтау саласының қызметкерлері қатысты. Конференцияны өткізудегі мақсат – «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын іске асырып, халықтың денсаулығын нығайту барысындағы атқарылатын іс-шараларды пысықтау. Пленарлық отырыста негізінен кардиология, ми қан айналымының бұзылуы, онкология, жарақаттану, ана мен бала, жедел медициналық көмек көрсету мәселелері сөз болды.
Конференцияға облыс әкімінің орынбасары Бақтияр ӨНЕРБАЕВ пен облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асқан БАЙДУВАЛИЕВ қатысты.
Жиынның басында «Жетісу өңірінің денсаулығы» атты бейнефильм көрсетілді. Онда облыс көлеміндегі денсаулық сақтау саласы бойынша жаңалықтар мен жетістіктер, сонымен бірге саладағы өзекті мәселелер айтылды. Соңғы бес жылда облысқа 350 маман келген. Соның 150-і ауылдық жерлерде жұмыс істейді. Облыс әкімінің грантымен 82 студент дәріс алуда. Олардың біразы еңбекке араласып та кетті. Жұмысқа келген 375 жас маман баспанамен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, Талдықорғандағы медицина колледжіне жаңа құрал-жабдықтар сатып алынған. Қара жолдың бойында жол-көлік оқиғаларына көмек көрсететін 5 бекет бірнеше жылдан бері үздіксіз жұмыс жасауда. Сондай-ақ, шалғай ауылдардағы жағдайы ауыр науқастарды ауруханаларға жеткізу үшін авиамедицина қызмет көрсетеді. Бүгінгі таңда жиі кездесетін сырқаттың бірі – жамбас, тізе буын аурулары. Эндопротездік ота жасау жүйелі жүргізілуде. Ота жасату үшін Үкімет тарапынан қомақты қаржы бөлініп, квота берілуде. Мұның бәрі соңғы жылдардағы жаңалық пен жетістік.
Облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Өнербаев медицина саласы қызметкерлерін алда келе жатқан мерекемен құттықтап, ел үшін атқарып жатқан еңбектеріне жеміс тіледі. Конференцияға жиналған жұртшылық Ақтөбеде террорлық актінің салдарынан қаза болған азаматтарды бір минуттық үнсіздікпен еске алды. Жиын барысында облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Өнербаев пен Ресей университеті Медициналық институты госпитальды терапия кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымының докторы Павел Огурцов екеуі екіжақты әріптестік меморандумға қол қойды.
Бақтияр Әлтайұлы шалғайда тұратын ауыл халқына медициналық көмек көрсетудің өз дәрежесінде атқарылып келе жатқандығына тоқталды. Облыс тұрғындарының 73 пайызы ауылда тұрады. Бүгінде жер-жерлерде ФАП-тар көптеп ашылуда. Сондай-ақ, арнайы мамандар әлсін-әлсін амбулаторияларға барып, тұрғындарды скринингтік тексеруден өткізіп, флюорографиялық көмек көрсетеді. Иә, медицина сырқаттың алдын алуға барынша көңіл бөлуде. Бірақ, адамдардың өздері кей кездері тексерілуге немқұрайды қарап, жұқпаның алдын алатын екпеден бас тартады. Әлем бойынша тәжірибеден өткізілген алдын алу шаралары көптеген сырқатты ауыздықтауға негіз болуда. Бұл тұрғыдан алғанда деннің саулығының 80 пайызы адамның өмір сүру салтына байланысты екенін әлі де білмей жатқанымыз өкінішті.
Конференцияда Мәскеуден келген профессор М. Газимиев онкологиялық сырқаттанушылық және оны емдеу жолдары туралы сөз қозғады. Профессордың айтуынша, скринингтік тексерудің нәтижесінде Қазақстан бойынша онкологиямен сырқаттанғандардың 39,6 пайызы аурудың I-II сатысында анықталған. Ал аталмыш кеселге шалдыққандардың 41,6 пайызы ІІІ сатыда, 18,8 пайызы IV сатыға жеткенде бірақ білген. «Егер тұрғындар қатерлі ісік дертіне уақытында тексеріліп тұрса, мұндай қорқынышты цифр болмас еді»,– дейді дәрігер. Чешен ұлы М. Газимиев өз сөзінде аталарының бір кездері жер аударылып, Қазақстанда тұрғандығын, олардың жергілікті халыққа ризашылық сезімде екенін айтып, тұрғылықты халыққа алғысын білдірді.
Конференцияда Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің өкілі, медицина ғылымдарының докторы, кардиология және ішкі аурулар ҚазҒЗИ директорының орынбасары Гүлнәр Жүнісбекова сөз сөйлеп, министр Тамара Дүйсенованың ыстық ықыласын жеткізді. Денсаулық сақтау саласындағы жетістіктерге жергілікті мамандардың қосып отырған үлесінің мол екендігіне тоқталды. «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы бойынша алдын алу қызметін жетілдіру, денсаулық жүйесін қаржыландыру, сала құрылымын жандандыру барысындағы мақсаттарды айтты.
Еліміздің денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016 – 2019 жылдарға арналған бағдарламасын іске асыруға орай өткізілген ғылыми-тәжірибелік конференция екі күнге созылды. Екінші күні білікті мамандар облыс ауруханаларында халыққа қанқысымы, онкологиялық сырқат, эндокринологиялық кесел, аллергия және бүйрек, бауыр ауруларын емдеу жайлы тегін кеңес берді.
Гүлжан ТҰРСЫН