Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ҰЙҒЫР АУДАНЫНЫҢ ОРТАЛЫҒЫНА ТӨРТ ЖЕРДЕН БЛОКПОСТ ҚОЙЫЛДЫ

Уақыты: 28.11.2020
Оқылды: 614
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Ұйғыр ауданының орталығы - Шонжы ауылына кіріп-шығатын жолдарға блокпост қойылды. Бұл туралы Ұйғыр аудандық бас санитар дәрігерінің қаулысында жазылған.

"Қазақпараттың" мәлімдеуінше, соңғы бір аптада бұл ауылда коронавирус жұқтырудың 21 жағдайы тіркелген. Шонжыға енді тек осы ауылда тіркелген тұрғындар, жұмыс істейтіндер мен маңызды қызметтердің өкілдері ғана кіре алады.

«Коронавирус инфекциясы таралуының алдын алу және Ұйғыр ауданы тұрғындарының өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында аудан орталығы - Шонжы ауылының кіреберіс жерлеріне 4 блокпост қойылды. Бұған аймақта коронавирус жұқтырғандар санының күрт артуы себеп. Бүгінде Шонжы ауылының 21 тұрғынынан вирус анықталды. Олармен қарым-қатынаста болғандар үй жағдайында оқшауланып, індет ошағы залалсыздандырылды. Эпидемиологиялық жағдайдың күрделенуіне байланысты әкімшілік аумақ бақылауға алынды. Тәртіп сақшылары мен дәрігерлер жолаушылардың дене қызуын тексеріп, сауалнама жүргізіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізуде», - делінген Алматы облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының баспасөз қызметі жариялаған хабарламада.

Қазіргі уақытта төрт блокпост өз жұмысын бастады. Бір ескеретін жайт, аудан аумағындағы ыстық су көздері барлық санитарлық талаптармен жұмысын жалғастыра бермек.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет - ғаламтордан