БАЛҚАШ АУДАНЫНДА ЖАСӨСПІРІМДЕР БЕЛДЕСТІ. БАТЫРДЫ ЕСКЕ АЛУ ТУРНИРІ

Уақыты: 28.04.2022
Оқылды: 1327

Аралтөбе орта мектебінде жасөспірімдер арасында грек-рим күресінен ауданның Құрметті азаматы болған Бейсетай Дәуренбековті еске алуға арналған аудандық ашық турнир өтті.

Аталмыш спорттық шараға Балқаш ауданы әкімінің орынбасары Бөріхан Әбдібаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақыт Сқабаев, аудандық педагог қызметкерлерінің «Бірлік» кәсіподақ ұйымының төрағасы Сайран Смағұлов, Ақжар ауылдық округінің әкімі Айдос Момынқұлов қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі.

Байрақты бәсекеге аудан көлеміндегі білім шаңырақтарынан келген командалармен бірге Жамбыл ауданындағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы спорт мектебінің, сонымен қатар, Талғар, Іле аудандарының және Алматы қаласының спортшылары да қатысты. Жас балуандар өз салмақ дәрежелері бойынша белдесулер өткізіп, өзара мықтыларды анықтады.

Бейбіт күннің батыры болған Бейсетай Дәуренбековті еске алуға арналған турнирде алтыннан алқа таққан Ақдала орта мектебінің балуандары Мадияр Бақтығалиұлы, Рамазан Шолпанбек, Санжар Ринатұлы, Арнұр Асан, Саян Нұрболұлы, Б.Бейсекбаев атындағы мектеп гимназиясының оқушылары Ануар Аманжол, Нұрбек Рысбек, Эльдар Мұқанғали, Мақсат Омар, №1 Жамбыл атындағы орта мектебінің намысын қорғаған Әділ Болат, М.Сеңгірбаев атындағы орта мектебінің оқушысы Санат Арыстанбай, Аралтөбе орта мектебінің балуаны Мұхит Мәмекиев өз салмақтары бойынша сынға түсіп, доданың жеңімпазы атанды.

Бақтығали ДӘУІТБАЕВ

Балқаш ауданы

Алматы облысы