ЕЛ  ДЗЮДОСЫНЫҢ  ЕРТЕҢДЕРІ

Уақыты: 07.10.2023
Оқылды: 718

Азия Ойындарында үш қола жүлде ғана иеленіп,елге оралған Қазақстан дзюдошылар командасын мен осылай атадым

...Қытайдың Ханжоуындағы 19-шы Азия Ойындары ә дегенше бел ортадан асып барады.  Ханжоуға келгенше жан-жақтан сәуегейсінген спорт түрлеріміздің көбісі биігінен төмен болып,еңсені тіктетпей тұр.  Солардың ішіндегі үміт артқан спорт түрлерінің бірі ерлер дзюдосы еді.  Әрине,бұл спорт түрінен Шығыс Азияның үш командасының — Қытай,Корея,Жапония — дес бермесін білетінбіз.  Оларға Монғолия мен Өзбекстанды қосыңыз.  Әйтсе де кейінгі жылдары әлемдік ірі жарыстарда сирек болса да ірі жүлде алып жүрген жігіттеріміз Азия ғана жиналған жерде бас жүлденің көкпарына түсетін шығар деген үміт болған.  Жарыс нәтижелерін білесіздер.  Сіздер білмейтін нәрселерді сұрау үшін дәл елге жол жүргелі тұрған дзюдошылардың бас бапкері Нұрбол Сүлейменовке жолығып,әңгімеге тарттым.  

— Азия Ойындарынан жігіттеріміз үш қола жүлде ғана жеңіп алды,аға,-деді Нұрбол сәл көңілсіздеу үнмен,-жоспарымызда алтын жүлде де бар еді,амал не,бұйырғаны осы болды.  
— Жүлдегерлерді атай кетейік
— Мағжан Шамшадин,Аблайхан Жұбаназар және Нұрлыхан Шархан.
— Азия Ойындарына даярлық толыққанды өтті ме?  Әттеген-айлар болған жоқ па?  
— Жоқ,аға,Ойындарға даярлық өз дәрежесінде болды. Жоспарлаған үш жаттығу жиынын да жақсы өткіздік.Спорт министлігінің тікелей қамқорлығымен,»Самұрық-қазына» әл-ауқат қорының және спорт және туризм индустрия Қорының арқасында бірінші жаттығу жиынын Шымкентте,екіншісін Грузияға брып,сол елдің командасыме бірге өткіздік,үшіншісін Алматығы таяу салынған жаңа Олимпиадалық Орталықта өткізіп,сол жерден осы Ханжоуға ұштық.  Ойындар басталғанда байқадық,спортшыларымыздың күш-қуат даярлығы жоғары дәрежеде болды.  Жігіттердің бірде- бірі белдесу барысында болдырып қалған жоқ.  Тыныстары кең болып,шиыршық атып тұрды…
   — Нұрболжан,ондай жағдайда бір алтын болса да қағып түсу керек еді ғой…
   — Соған өзім де өкінемін,аға!  Бірақ себебін білемін: Ханжоуға барған бұл команда жас команда,ірі жарыстардағы тәжрибелері аз,ысылмаған. Араларындағы тәжрибелілері Ғұсман Қырғызбаев пен Дидар Хамза болатын.  Ғұсман Ойындарды жақсы-ақ бастады. Бірақ…  Екінші кездесуде өзбекстандық дзюдошымен кескілескен шайқаста аяғынан қатты жарақат алды.  Тіпті сол жарақаттың кесірінен жұбаныш белдесуіне шыға да алмады.  Жарыстан соң ол өзінің Париж Олимпиадасынан соң үлкен спортты қоятынын мәлімдеді.  Дидар Хамзадан зор үмітіміз бар болатын.  Алтын алса сол алуы керек еді.  Бірақ…  Жарыс аяқталған соң ол да орынын жастарға беретінін айтты.  Біз де оны қуаттадық.  Бір сөзбен,командамызды «жасартып» жатырмыз.  Бұл кезең оңай болмайтынын өзіңіз білесіз,амандық болса,Париж Олимпиадасына қарай жаңа құрамамыз сақадай сай болуға тиіс.  
— Жастар келгені жақсы-ақ құрамаға. Олардың арасында да көшбастаушылар болуы керек қой. 
— Әрине,аға.  Біз бұл жолы Мағажан Шамшадиннен де алтын жүлде күткенбіз.  Ол жігітті Ханжоудағы құрамаға алғанда да аздап дау-дамай боп қалды.  Оның салмағында Олимпиада жүлдегері Сметов бар ғой.  Соны алу крек,сол алтын әпереді делінді де.  Бірақ бапкерлер алқасы ақылдаса келіп,құрамаға соңғы ірі жарыстарда жақсы нәтиже көрсеткен Мағжанды алуды дұрыс көрдік.  Мағжан жас балуан,ол алған қола жүлде ертеңіне зор үмітпен қаратады.   Аблайхан Жұбаназардың күресі де көңілден шықты.  Қола жүлдегер атанған Ғалымжан болашақ чемпионнан ғана ұтылды.  Данияр Шамшаевтің күресіне де риза болдық.  Ол 14 финалға дейін барып,Олимпиаданың қола жүлдегері,әлем чемпионынан ұтылды. Ерекше айтатын балуан Нұрлыхан Шархан!  Ол Олимпиада чемпионы мен әлем чемпионы жиналған топқа түсіп тұрып,Олимпиада чемпионын ұтып,солардың арасынан қола жүлде алды!  Әттең,Нұрлыханның бойы аласалау,сол жағын қарсыластары пайдаланып кетеді…
   — Ия,ия,кеше Нұрлыхан келді журналистермен кездесуге.  Бір журналист сұрақ қойды оған: «Бойыңыз қысқалау ғой,сол күрес кезінде кедергі емес пе?» деп…  Нұрлыхан күліп жауап берді: «Осы боймен-ақ талайларды тырапай асырып жүрміз!» деп. Сосын бір сүйсінгенім ол: «Бойдағы күшім тасып тұрғасын ба,бапкердің айтқан ақылынан сәл ауытқып едім,содан жеңіліп қалдым» деп мойындап отырды.  Бұл,өз-өзіне сын көзбен қарау,өте жақсы қасиет!  Жалпы өзіне-өзі сенімді жігіт пе дедім. Болашағы бар жігіт секілді. 
   — Рас,аға,Нұрлыхан сондай жігіт.  Жалпы командамыз жастардан құралған  болашақ командасы.  Алла амандығын берсе,бұл командамен Қазақстан бұрын қол жеткізбеген жеңістерге жетеміз деген ойым бар!
   — Айтқаның келсін,айналайын!  Бір Азия Ойындарымен дүние аяқталмас.  Ертеңңін ойлаған жігітке сүйсін деп жатады атаң қазақ,сол жеңісті күндері жүздесуге жазсын Жаратқан! 
   — Әмин,аға!

Несіп Жүнісбайұлы