Биыл Францияда өтетін Жазғы Олимпиада ойындарына жетісулық спортшылар 5 лицензия ұтып алды. Сөйтіп төрт жылдық басты додаға қатысу жолдамасының саны жағынан еліміз бойынша Жетісу облысы үздік нәтижемен көш бастағандар қатарында тұр.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметінше, 5 жолдаманың 3-еуі садақ атудан жекелей және 1-еуі жалпыкомандалық жолдама, 1-еуі тас жолдағы велоспорттан ұтып алынды.
Атап айтқанда, садақ атудан Қазақстан ерлер құрамасының сапында Ильфат Абдуллин, Дәулеткелді Жаңбырбай мен Александр Еременко бақ сынайтын болса, Евгений Федоров велошабандоздар арасында сынға түспекші.
Еске салсақ, 2024 жылғы 26 шілде мен 11 тамыз аралығында Францияның астанасы Парижде Жазғы Олимпиада ойындары өтеді. Оған әлемнің 205 елінен 10 мыңнан астам спортшы қатысады деп жоспарланған. Қазіргі таңда Қазақстан делегациясының қоржынында Париж Олимпиадасының 11 спорт түрінен 31 лицензиясы бар.
Фото: olympic.kz