Орамды ой қозғалды

Уақыты: 08.06.2017
Оқылды: 1665

Жамбыл аудандық кітапханасында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын насихаттау мақсатында белгілі қаламгерлер Мархабат Байғұт және Несіпбек Дәуітайұлы жұртшылықпен кездесті. Басқосуға аудандық мекеме, бөлім басшылары, қоғамдық ұйым жетекшілері мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Жазушылар одағының мүшелерімен жүздесуді жүргізген аудан әкімінің орынбасары Қаныбек Айтжанов Елбасының жыл басындағы Жолдауында алға қойылған басым бағыттарға тоқтала келе, елдің оңтүстік өңірінен келген қонақтарға сөз берді. Алғашқы сөзді алған жазушы, журналист, аудармашы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, Оңтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы, Қазақстанның Құрметті журналисі Мархабат Байғұт рухани жаңғырудың қалам ұстаған қауымға үлкен әсер еткенін толғана әңгімеледі.
Тәуелсіз елдің қол жеткізген жетістіктерін дамытудың рухани бағдарламасы туралы  жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Жамбыл» әдеби-көпшілік журналының бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының Жамбыл облыстық филиалының директоры Несіпбек Дәуітайұлы тұшымды ой толғады. Өз сөзінде ол еліміздің тұңғыш Президентінің халықты  рухани жаңғыртудағы сарабдал саясаткерлігін, көреген көшбасшылығын, ұлт мүддесін көздеген батыл бастамаларын тілге тиек етті.
Елбасы бағдарламасының ұлтымыз үшін маңызы терең, ауқымы зор, өнегесі мол дүние екенін қос қаламгер баса айтты. Мақалада өткен тарихи кезеңдерге сындарлы баға беріліп, ой елегінен өткізіліп, рухани даму бағыты айқындалған. Болашақта ұлтымыз табысты болуы үшін әрбір қазақстандық бәсекеге қабілетті, сана-сезімі жоғары, білімді, сауатты болуы тиіс. Ұлттық кодты, мәдениетті сақтап, жаңа заман жетістіктерін бойға сіңіре отырып, жалпыадамзаттық құндылықтармен рухани баюымыз қажет. Бұл тұрғыда Елбасы таяу жылдардағы міндеттерімізді нақтылап, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауды, «Жаңа  гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын, жалпыұлттық патриотизмді дәріптейтін «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды, ұлттық мәдениетіміздің озық үлгілерін көрсететін «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасын жүзеге асыруды тапсырғанын жан-жақты тарқатты.
Қонақтардан кейін сөз алған Қазақстан Республикасының  мәдениет қайраткері, танымал журналист Күмісжан Байжан, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қырғызбек Атагелдиев, ақын Гүлнар Өмірзақова Елбасының бағдарламалық мақаласына байланысты ой-пікірлерін білдірді.
Серік САТЫБАЛДИЕВ