Құндақбай

Уақыты: 24.07.2017
Оқылды: 1666

Түлкілі тауының күнгейін күн сүйіп, аспанда шөкімдей бұлт жоқ болғанымен Түлкілісайдың іші алакөлеңке. Қалың өскен тобылғы мен ырғай, жыңғыл өткеннің ізін шебер бүркемелейді. Торуылдан жасырынам дегенге таптырмас шатқалдың көкжал  Құндақбайдың  апаны болғанына бір жылдан асты. Жер қарайса осында келеді, басқа қолайлы орын қалмаған. Беляев деген қызыл сілімтіктің соңына түскеніне де көп болды. Қасына Садырбай секілді жер жағдайын білетіндерді алып, жортады да жүреді. Екі-үш мәрте үстінен де түскен. Қаша ұрыс салып, қан қақсатып кетіп еді. Сарбаздары әлі күнге: «Солдаттарды тазы қуып жеткенде жорта талатын қояндай еттіңіз ғой», – деп күліседі. Олары рас енді, солдаттар Құндақбайға  беттей алмайды. Зордың күшімен, командирдің айғайымен  соңына түседі, мылтығының даусынан зәрезап болған. Бұл атын шыр айналдырып тоқтай қалғанда қуғыншымын деген  ана байғұстар аттан жалп-жалп құлап, бас көтермей жата қалысады. Бұл шаба жөнелсе алыстан тасыр-тұсыр атып, далбақтайды да отырады. Мерген тоқтап, атпаққа ыңғайланса жаңағы жалпыл тағы қайталанады. Жан кімге керек емес дейсің?! 

Ал былтыр Шайтансайда жолы болмады. Соңғы төрт-бес жылда елден мүлде күй кетті. Ұлуда қазанында жел ұли бастаған халыққа жылан жылы тіпті жайсыз тиіп, құрым киіз, жүн-жұрқа секілді жөнсіз салықтар есеңгіретіп жіберді. Белсенділер «Сүйек салығын төле» деп жарлының жалғыз сиырын сойдырып тастаған оқиғалар болған. Жұрт ашыға бастады, бұл зұлматтың жиырмасыншы жылғыдан да қатты тиетінін сезген қазақ бассауғалай бастап еді. Құндақбай Қасен деген байды арғы бетке өткізуге уағдаласып, айтылған кезден Шағанның шығысындағы Шайтансайға жеткен. Екі күннен кейін Қасеннің азып-тозған ауылы келді. Байдың бұрынғы дүр-дүниесінен қалған жұрнақ наршаға артылған сырлы киіз үй мен бір-екі қалы кілем ғана. «Ауылдастардың арба, сүйретпесіне жарар жылқыдан өзгесін түгел алтын-күміске айырбастаған-ау, Қопалының суын сарқылтып кететін қалың жылқының мына жұрнағын да тау ішіне жасырып жүріп әзер алып қалған шығар», – деп ойлады мерген. Бәрі солай істейді. Он алтыншы жылғы зобалаңда солдат болуға қарсылық білдіріп, патша жарлығына көнбей Қытай асқан мерген бір мүшел арыдағы жылқы жылынан беріде қашып-пысқан қазақты Қытайға өткізумен-ақ келеді. Әуелде ақ пен қызыл қырқысқанда Лепсіден ауа көшкен қалың найманның қылтасы қиылған қасқырдай қиралаңдағанын көріп, бір-екі ауылды өткізген. Шекара бетке Анненковтың жауыздары, бергі тұсқа қызылшылдар орнығып алып, шайқасқанда қазақ байғұстың жаны қысқаш салып бұрағандай қысылып еді. «Батыр, жол көрсет!» деушілер көбейді. Қашқын азаймады. «Кедей теңдігі» дегендер жеңсе ел түзеле ме деп, бәлшебектер жаққа үмітпен қарап еді, сорды солар қайнатып, елге ес болар, қазанға ас салардың бәрін қоғадай жапырды. Алтынемелдің бергі бетіндегі албан, арысындағы жалайыр, қаңлы қозғала бастады. Тағы да тозған – қазақ. 
– Демікпе арқылы кетеміз бе? – деп сұраған Қасен. 
– Жоқ. Сатылы дұрыс. 
Қасен мұның айтқанын ұғыныңқырамай аңтарылып қалған. Құндақбай:
– Иә, Қасеке, Сатылы дұрыс, Демікпе қазақ қанына бөгіп жатыр, өліктерде қисап жоқ. Қызылдар жолды әбден біліп алып, қашқандарды қойша қыруда. Көмбейді де иттер. Борсып, шіріп жатыр қайран қазақ... 
Осыдан кейін екеуі үнсіз қалып еді. Жолдан шаршаған жұрт орайлы жерге жайғаса кетіп, ас-су қамына кірісті. Құндақбай жігіттеріне жаққан оттың түтіні будақтап, алысқа кетпеуі үшін су бұтақтармен қалқалап, боздата таратуды тапсырды. Жүрек жалғаған жұрт ұзақ жол алдында тынықпаққа ерте қамданды. Тауды түн құшағына алғанда ел қалың ұйқыда еді. Тек сарбаздардың ғана құлағы түрік жатыр. Жасынан түз тағысы болған Құндақбайдың өзі де көпке дейін көз ілмеген, тек жаздың қысқа түні шымылдық түреді-ау деген сәтте аңшының құс ұйқысы қысып, сәл мызғып еді. Осы үшін әлі өкінеді... Гүрс еткен мылтық үнінен оянды. Күзетте отырған Бердібек деген жас сарбаздың: 
– Аға, жау! – деп бір ышқынуға ғана шамасы келді, өзі отырған  қызылтастың етегіне сырғып түсті. Шошып оянған жұрт байбалам салып, қамданып үлгергенше сатыр-сұтыр мылтық даусы жиілеп кетті. Беляев әскерінің екі бүйірден қысып келе жатқанын Құндақбай бірден ұға қойып, қашқын қазақты сай басына бағыттаған. Өзі бір тасты тасалап, қараң еткен солдатты қағып түсіріп отырды. Құндақбайдың сырын білетін командир де солдаттарын аптықтырмады, өйтсе жеңіледі. Басқа басқа, Құндақбай мергенге ашық келуге болмайды, оғы далаға кеткен емес. Сарбаздары да сайдың тасындай, бірі онға татитынның нағыз өзі. Екі жақ оқ үнемдеп сарт-сұрт атысып жатқан кезде Қасен бастаған ауыл қазағы сай басына жетіп те қалған еді. Осы кезде пулемет сақылдап қоя берді. Құндақбай қақпанға түскенін тез ұғып, солай қарай жүгірді. Сай аузына қойылған оқбүркер жалаңдап, адамды да малды да баудай түсіріп жатыр. Мерген пулеметшіні атуға ыңғайлы жер табам дегенше ыққан қойдай иіріліп қалған елу қаралы адамның бәрі жер жастанды, үш-төртеуі жартас тасалап үлгеріпті, бастарын бүркеп жатыр. Шекпенінен Қасен екенін таныды. Омырауын оқ орып кеткен қара қасқа аттың қорылы, жаралылардың ойбайы, өкіре құлаған сарбаздардың даусы, жылқының шұрқыры қосылып, сай іші азан-қазан болды. Осы кезде пулеметші айналасын бір шолмақ болып, қалқанынан басын қылтитып еді Құндақбайдың сарыауыз мылтығы саңқ ете қалды да ажал оғы қақ маңдайынан тиіп, бір жағына аунап түсті. Құндақбай тұра сала жартас түбіндегілерге жүгірген, жете алмады, оң иығын от қарып өткендей болып, етбетінен құлады. Біреу қолтығынан көтерген, Молданазар екен. Дереу демеп ауызға қарай ала жөнелді. Атыса шегінген жігіттердің бірі бос жүрген атты ұстап әкеліп, алдына тартып, соған әзер мініп құтылды. Ауыл түгел дерлік қырылды, Құндақбай сарбаздарынан да шығын көп. Ал Қасен әйел-баласымен сол жартас түбінде қала берген. Кейін босқан қазақтың бірінен Қасеннің итжеккенге айдалғанын естіді... 
– Батыр! Келді...
Жалпақ тастың үстіне аткөрпесін төсеп өткен-кеткенді ойлап жатқан Құндақбай орнынан тез көтерілді. Екі адам аттан түсіп, бері беттеп келеді екен. Мерген андас Асылбек байдың ағайыны Досжанды таныды. Екіншісі кездескен адамы емес. 
– Ассалаумағалейкүм, – Досжан даусын соза, қос қолдап амандасты. Екіншісі де сөйтті. 
– Бұл Рақыш деген жігіт, – деді Досжан. Батыр оны бастан аяқ бір шолып шықты да ләм-мим демеді. Досжанды қолтықтап былай қарай алып шықты: 
– Түгел келдіңдер ме?!
– Иә, батыр, ауылды осы сайдың аузына қалдырып, әуелі тілдесіп алайық деп өзіміз келдік. 
– Тездетіп осы жерге әкеліңдер. Қопалы екі күндік қана жер, түн қата жүрсеңдер де қатты шалдыға қоймаған шығарсыңдар, сәл тынықсын, ертең таңда тау ішімен кетеміз. Алла жолды оңғарса тағы екі күнде арғы жаққа өтіп кетеміз. Беләйіп бұл сайды білмейді, кірсе де адасып, босқа болдырады, – деп батыр жымиған. 
Бұл сай Түлкілі деп жалқы аталғанымен кіріп біраз жүрген соң үшке тарамдалады. Жергілікті қазақтар ол үш тарамды Қыздыңсайы, Теректі, Түлкілі деп үш бөлек атайды. Қуғыншы Теректіге түссе біраз жүріп барып, діңкелеп, құзар жартастарға тіреледі де кері қайтуға мәжбүр болады. Ал Қыздың сайына түссе ұзын-сонар соқпаққа салынып, Қоғалы тұстан айналып, Аралтөбе жаққа бірақ тартады, бос сандалады. Ал Түлкілінің нуы қалың, табанына түсіп жүре берсең Сатылы асуының маңына бірақ апарады. Батыр сай тарамданар тұсқа екі жігітін қойған еді, жорғалаған тышқан өтсе де хабарын біліп отырады.  
– Мақұл. Досжан мен Рақыш еңістегі аттарына қарай беттеген. 
Жұрт келіп жайғасқанша етпісірімнен аса уақыт өтті. Құндақбай босқан жұртқа қарап тіксініп қалған. Мүлдем әлсіз. Іңір түсе албандардың екі ауылының жұрнағы кеп қосылды. Қазақ осындай күйге түседі деп ойлап па еді, сүйектері арсиып, қарасу жұтқанда аш өзегіне түсіп кетейін деп тұр. Көздері жалаң-жалаң етеді, ырқына жіберсең көшке керек азын-аулақ тұяқты шикідей жемек. «Сұмдық-ай, – деді батыр іштей. – Сұмдық-ай, мынау расымен қазақ па? Шырылдап қорғар еркек торғайы жоқ неткен сорлы ұя еді бұл? Екі-үш әртелдің малын айдап әкетіп, қоймасын тонап осыларға үлестірген біз сорлыны «банды» дейді. Ал қынадай қырылған қазақтың обалына қалғандарды кім дейміз?»
– Мұқаш?! – деді батыр. Беліне қылыш асынған дембелше жігіт 
Ағасы бұған жақын келген. 
– Досекең мініп келген торы атты сойыңдар, бәрібір тік асуға 
жілігі шыдамайды... Мұқаш:
– Құп, батыр, – деді де жігіттеріне қарай кетті. Қарғы адым жерде тас үстінде қалқиып отырған Досжан тұнжырап, жерге қарады. Әулетінің мақтанышы, түлігінің малбасы болған, атасы жүген-құрық салдырмай сетер ұстаған қасқа айғырдың соңғы тұяғы еді бұл торы ат. Күй жоқтықтан белі кете бастағаны рас... 
 Жігіттер жабылып жылқыны тез-ақ жәукемдеп тастаған. Етті жапырақтап бөліп бермек еді, жұрт лап қойып, қырқысып қала жаздады. Мұқаш пен Молданазар мылтықпен жасқап, әрең кері қайтарды.  
– Әй, жігіттер, – деді Мұқаш сарбаздарға. – Бір-бір қазанға 
жауапты боласыңдар, бір бұрқ еткеннен кейін бөліп бере салыңдар... шыдамайды...   
Солай етті. Шала піскен етті қомағайлана жеп, ыстық сорпаны қақала-шашала ішкен жұрт әлсіреп, талмаусырай бастаған. Балалардың қыңқылы да сап тиылыпты. Жігіттер әкелген бір жілік етке зауқы соқпай, қол сыртымен қайтарған Құндақбай үш ауылдың басшыларын шақырып, бір топ адам бөлек отырып, сапар барысын пысықтап алды. Құндақбай мен төрт жігіт көш алдында жүріп отырады, қалған сарбаздар мен Досжанның жігіттері соңынан, елді ұзатып барып қозғалады. Құндақбай көштің екі қапталына мерген екі жігітін бекітті. Осыған келісіп, тарасқанда дала тастай қараңғы болып еді. Күндіз көз шырымын алып алған Құндақбай ұйықтамады, жиыннан кейін елді сүзіп шыққанда әлдекімді көрмегендей болып көңілге алаң түсіп еді. Апақ-сапақта жаңылған шығармын деп өзін жұбатқан. Айнала жым-жырт, тіпті, қарсақ шәуілі де естілмейді, ел ұйқысы тыныш. Көңілі алабұрта берді. 
– Е, құдай, бетін ары ете гөр, – деп батыр бір аунап түскен. Сосын шалқалай жатып, аспанға қарады, төніп тұр. Жұлдыздар жап-жақын. Батысқа қарай бір жұлдыз ақты. Мерген сол жатқан күйі ернін күбірлетіп, бетін сипаған. Бұл жортқалы қанша қазақтың жұлдызы ағып түсті, қаншасы көмусіз қалды, мына келгеннің қаншасы аман қалады, қаншасының сүйегі далада қалады... 
Таң сібірлей бастағанда етек жақтан ат тұяғының үні шыққан, мылтығын ала ұшып-түрегеліп еді Қажым екен. Арындаған күйі тура қасына келген: 
– Батыр, қызылдар тура осылай салып келеді!
– Аттан! Тез тұрыңдар!
Ел жылқыларын сүйретпеге жекпекке жүгіріп еді, Құндақбай ақырды. 
– Тастаңдар, үлгермейсіңдер! 
Кеште құрған жоспар бойынша Құндақбайлар тез алға түсіп, атқа жайдақ мінген, жаяу-жылпылаған жұрт соңдарына ілесті. Сарбаздар Беляев әскерін тосып алмаққа, биіктеу жерлерге орнығып алды. Бұлар ұзай бере соңдарынан сатыр-сұтыр мылтық үндері шыққан. Жұртты тезірек әкетпекке жанығып жүрген Құндақбай жартас басынан қараңдағанды байқап қалды. Көзі алдамапты, пулемет. Тар ауыздың екінші қапталында да бір адам қараңдайды. Атаңа нәлет комиссар тағы алдап кетті, бастысы тура осылардың жолына аулақтау апарып пулемет қоюына  басы жеткенін айтсаңшы. Тегін емес... Күдігі күшейген мерген: 
– Кері! Қайт артқа! – деп жаныққанда екі пулемет сақылдап қоя берген. Бұл кезде шегіне атысқан сарбаздарды өкшелеген отряд та тақалып қалып еді. Қашқын қазақ екі оттың, бұрқыраған оқтың ортасында қалды. Мерген пулеметпен екі араны електен өткізді, содан кейін қия беткейге өрмелей жөнелген. Ілбісіндей еппен басатын батыр тау басын айналып, пулеметшілердің ту сыртына шығып, бір-бір оқпен жер жастандырды. Аналар не болғанын түсініп те үлгермеді, сарауыздың бармақ оғы екеуінде қас-қағымда жұлып түскен. Құндақбай төменге қарап еді, өңешіне өксік тығылды. Қырылып жатқан қазақ, ыңырсыған жаралылар. Баласын құшақтаған әйел жартасқа сүйенген қалпы жантәсілім етіпті. Баланың жарты шекесі жоқ... Теңкиіп жатқан жылқылар... 
Пулеметтердің үні өшкен соң Беляев отрядының да аптығы басылып, берекесі кетті. Құндақбайларға жол ашық, тез арада тарта жөнелсе болар еді, бірақ жаралыларды тастауға болмайды. «Шайтансайда» бәлшебектер жаралылардың бәрін атып тастап, дін аман қалған екі-үшеуді ғана айдап апарыпты. Жаралы күйде сытылып кеткен мұның өзін «Құндақбай өлділеп» сүйіншілеген екен. 
Мерген өзі шыққан биіктен Беляев отрядының алақандағыдай көрінетініне қуанды. Қашқындарды тып-типыл етуге қолайлы, деп пулемет қойған жер енді отрядтың өзіне аран болмақ. Құндақбай жүз қадамдай қиялай жүгіріп бір тастың ығына жата кетіп, ата бастады, көзіне көрінгенді құтқармады. Басында шошақ бөркі бар екі сарбаз сұлқ қалды, қара шапанды біреудің қақ маңдайынан оқ тиді... Құндақбайдың жалқы оқтары отряд үстінен жаналғыштай төнді. Құндақбайдың бас көтере алмай қалған сарбаздары да оңтайлы сәтті пайдаланып, оқ атуға ыңғайлы жерге орнығып алып,  жайғай бастады. Қатары сирегенін байқаған солдаттар қашуға айналған, осы кезде Құндақбай атысты сиретті. Оның өз есебі бар еді. Ойы алдамады. Сарбаздардың тарсылы сирегенін пайдаланбақ болған  Беляев орнынан тұрып, «Назад!» деп ары қарай қашты. Құндақбай асықпай көздеді, бүкшиіп жүгірген Беляев бір тастың жанына жете бергенде шүріппені басып қалған. Қолы сүйінді... Мерген орнынан көтеріліп, ышқына айғайлады: 
– Өл, Беләйіп, өл! Тозақтың отына өртен! Ит! А-а-а!!!
Мергеннің қапалы да қаһарлы даусын тастар жаңғыртты. 
Беляев отрядынан аз ғана солдат құтылды. Өлгендерінің сүйегі сол шашылған күйі қала берді. Қара шапанды Рақыш екен. Тау ішіне тура кіруге жүрегі дауаламай айналаны тіміскілеп жүрген отрядтың арам ойын жүзеге асырып, Құндақбайды екінші мәрте қақпанға түсірген осы болды.  
– Ит-ай, – деді батыр оған қарап тұрып. – Кешегі жиыннан соң кеткен екенсің ғой... Қап-ай... 
Осыдан соң батыр сарбаздары аман қалғандарды жинауға кірісті. Жүз қаралы қазақтың жиырма шақтысы ғана тірі екен. Тең жарымы жаралы. Құндақбайдан бес сарбаз шығын. Оларды бір жерге жинастырғаннан кейін Молданазар сұраулы жүзбен батырға қарап еді, Құндақбай басын шайқады. Уақыт тығыз. Сарбаздар бос жүрген жылқыларды ұстап, адамдарды екі-үштен міңгестірді.
– Ал аналарды қайтеміз? – Молданазар тым ауыр жараланған екі-үш адамды меңзеді. Досжанның ішін оқ жырып кеткен екен, аппақ болып ішмайы көрініп тұр, оң бүйірінен қан сыздықтайды. Жолға шыдамайды. Ортан жілігін оқ паршалап, бебеулеп жатқан бозбаланы да арқалап жүргеннің жөні бары шамалы... 
– Құреке... – Досжан әзер сөйледі. Құндақбай Досжанның жанына барып тізе бүкті. – Құреке, ризамын, ризамын... Мыналарды құтқарыңыз, ал біз жазғанды көрерміз. Тәңірімнің татырар дәмі, көрсетер жарығы түгесілді-ау деймін... Масыл болмайын, жүре беріңіз...
Құндақбай Досжанның білегін ақырын ғана қысып, разылығын білдірді. Сарбаздардың бірі мата әкеліп, Досжанның ішін тарта байлап еді, шүберек әп-сәтте шылқып кетті. Өзге сарбаздар шейіт болғандардың бетіне бір-бір уыс топырақ сеуіп жүр. 
– Батыр... – деді көзімен айналасын шолып шыққан Досжан бұған қиыла қарап. – Маған өз қолыңызбен топырақ салыңызшы... 
Құндақбай не дерін білмеді, жерден бір уыс топырақ алып, орнынан көтерілді де: 
– Бақұл бол, бауырым, – деп Досжанға шаша салып, теріс бұрылып кетті. 
– Бақұл болыңыз, аға...  
Сәлден соң отыз қаралы адам Сатылыны бетке алып жүріп кетті. Зар қаққан бозбаланың даусы көпке дейін естіліп тұрды. Көптің соңында ілбіп келе жатқан Құндақбай атының басын тартып, тоқтады да, жаралылар қалған жаққа қимай қарады. 
– Бір Құдайға тапсырдым сендерді...  
***
 Ақ-қызылмен он алты жыл алысқан атақты Құндақбай мерген осы «Кісіқырылған» атанған қырғыннан кейін қазақ даласына қайта оралған жоқ. 
Серік ӘБІКЕНҰЛЫ,
журналист.​