Маймылдар аралы

Уақыты: 11.08.2017
Оқылды: 1729

Шын аты Сюдзи Цусима. Осаму ХХ ғасырдың алғашқы жартысындағы жапон жазушыларының арасында ерекше және қалыпқа сыймайтын қаламгер саналды. Қысқа ғұмырында өліммен талай рет ойнап, өз-өзіне төрт рет қол салған ол жастайынан қалам ұстады. Оның тырнақалды туындысы 15 жасында, 1934 жылы жарық көрді. Университеттің француз тілі факультетінде білім алған Дадзай орыс қаламгері Антон Чеховты пір тұтады. Оқырмандарын шығармаларымен тәнті еткен ол 1948 жылы маусымның 13-де Тамагава өзеніне  кетіп қайтыс болды.

 

Шексіз теңіздегі ұзақ серуеннен кейін осы бір аралға кезіккенімде мені қандай мұң басқанын білсеңіз. Уақыттың түн әлде күндіз екенін білмедім: қою тұманға оранған арал ұйықтап жатты. Мені не қоршағанын бажайлай қарамақ болып, көзімді жыпылықтаттым. Айналамда шошақ шоқылар мен шұңғыл сайларды елестететін, жартастың жалаңаш та ұзақ сұлбасы ентелейді, кей жерлерде үңгірлер аузы аңқая үңірейеді. Мүмкін, бұл, тау шығар? Бірақ бірде-бір жасыл шөп жоқ...
Заңғарлы тауды жағалай, қисаңдай жүрдім. Біраздан соң әлдебір дауыстар естіле бастады. Тіпті, жақыннан. Қасқырлар? Әлде аюлар шығар?! Ұзақ жолдан шаршағаным қорқыныш сезімін тұншықтырды да, ештеңеге көңіл аудармай аралды кезуге кірістім.
Мені оның бірқалыптылығы таңғалдырды. Алдыға жүрген сайын, аяғымның астында бірсарынды тастақ жол қалып жатты. Оңымда – тау, сол жағымда – нешетүрлі қорым тастар. Екеуінің арасында шамамен алты сякуге (жапон ұзындық өлшемі) тең түзу соқпақ.
Жол біткенше жүрмекшімін. Абыржу мен қатты қалжырау еркектік айбар беріп, мені ештеңе қорқыта алмады.
Мен шамасы жарты ридей (ұзындық өлшемі) жүрдім. Бірақ қанша жүрсем де бір орынға қайта айналып келе бердім. Шамасы, жол тауды айналып шығатын көрінеді, сол себепті мен бір жүрген жерімді екі рет басып шығыппын. Сөйтіп, аралдың мен елестеткеннен көп кіші екені белгілі болды.
Біртіндеп тұман сейілді де, төбеме төнген шыңдар көрінді. Үш шың. Ортаңғысы – домалақ, шамамен отыз төрт дзедей (ұзындық өлшемі) биіктікте, түрлі түсті жалпақ тастарға толы. Шыңның бір баурайы еңіске жайдақтала келіп сүйірлене біткен құз. Екіншісі құлама жарлана, ортасынан үлкен төбемен бірігіп кеткен. Екі құздың арасындағы жылғадан жіңішке сарқырама сорғалауда. Сарқыраманың айналасындағы тастар, бүткіл арал тұман ылғалынан қарайып көрінеді. Қос ағаш. Біреуі жылға жанында. Каси (емен тектес) ағашы сияқты. Екіншісі төбе басында. Біртүрлі сұрықсыз жуан діңді. Екеуі де қурап қалған.
Мен осы бір мұңды көрініске қарап біраз тұрдым. Тұман толық сейілді де, ортаңғы құздың үстінен күн көрінді. Тұман ылғалына шомылған шың күн сәулесінен жарқырап кетті. Таңғы шапақ! Мен таңғы шапақты кешкісінен ажырата алатынмын. Яғни, қазір таңсәрі.
Өзімді сергек сезініп, тауға шығуға бекіндім. Алғашқыда тік көрінгенімен, баурайында ұқыпты жасалған тепкішектері кездесті де, өрмелеу оңайға түсті. Көп кешікпей жылғаға да жеттім.
Бұнда күн сәулесі тура түсіп, маңдайымды самал жел желпіп өтті. Каси ағашына ұқсас ағашқа жақындадым да жайғастым. Бірақ, бұл каси ма? Мүмкін, самырсын немесе қарағай шығар?! Басымды шалқайтып жоғарыға қарадым. Бірнеше қураған бұтақтар көкке ұмсынуда. Төменгі, қол жететін бұтақтары сиықсыз сындырылған. Осыған шығып көрейінші.
Дауыл үні шақырады, мені
Жел шығар. Өзекпен өрмелеуімді жалғастырдым.
Шақырады, бірақ тұтқынмын мен.
Әрдайым осы, әсіресе, қатты шаршағаныңда түрлі дауыстар естіледі. Міне, ағаш ұшына жетіп, құрғақ, сыбдырлақ жапырақтарды сілкідім.
Өмірім де жарқын емес-ті...
Мен аяқ басқан бұтақ шатырлай сынып кетті. Өзімді ұстай алмай төменге құлап түстім.
– Қап, сындырдың-ау, а?!
Бұл жолы дауыс тура төбемнен естілді. Діңге сүйеніп тұрып, артыма абыржи қарадым. Ах! Таңғы сәуледен алтындай жарқыраған тік төбеден, маған қарай дәу маймыл жақындап келеді. Жауырынымда діріл пайда болды. Бұған дейін тізгіндеп ұстаған үрей бойымды жайлады да:
– Бері кел! – дедім. – Бұтақты сындырған менмін!
– Бұл менің ағашым, – деген ол еңістеп сарқырамаға жақындады. Бұл өте ірі еркек мешін еді. Мен қорғанысқа дайындалдым. Күн сәулесінен қарыққан қарашығын қорғап қабағын түйген ол маған бажайлай қарап тұрды да, азу тісін жарқыратып күлді. Жыным келді.
– Күлкілі ме?
– Күлкілі, – деп сөзін жалғады. – Сен, шамасы, теңіздің арғы жағынан келдің. Солай ма?
– Иә! – бас шұлғып, сарқырама түбіндегі судың көбіктерінің өрнегіне көз жібердім. Сол сәтте шалдықтырған ұзақ саяхатым, шыдау қиын тар жәшік бірден есіме түсті.
– Сондай үлкен теңіз, иә?! Бірақ қалай аталатынын білмейді екенмін.
– Рас, – деп қайта бас изедім.
– Менде теңіздің арғы жағынанмын, – деп күбір еткен ол уыстап су ішті.
Қалай болғанын білмеймін, әйтеуір біраздан соң екеуміз қатар отырдық.
– Екеуміз тіпті жерлес болдық қой. Бұл бір қарағаннан-ақ белгілі. Біздің жақта барлығының құлақтары жарқырап жүреді. – Ол менің құлағымды қатты тартып қалды.
Ашуланып кеттім де, қолын тырнап алдым.
Жалт қарасқан біз кенет күліп жібердік. Мен өзімді біртүрлі жеңіл сезіндім.
Жақын арадан жабайы дауыстар естілді. Мен артыма бұрылдым: төбе басына жайғасқан жуан құйрықты, жүндес маймылдар тобы біз жаққа әупілдеуде. Орнымнан атып тұрдым.
– Көңіл аударма, бұл жексұрындар бізге қорқынышты емес. Бұл – ходзару – әупілдек маймылдар. Бұлар күнді әупілдеп қарсы алады.
Мен қалшиып, алаңғасарлана аңқаюымды жалғастырдым. Таудың барлық шыңына маймылдардың үлкен тобы жиналып алған; олар арқаларын күжірейтіп, таңғы күннің шуағында балбырап отыр.
– Не мыналардың барлығы маймыл ма?
– Әрине. Тек, олар біз сияқты емес. Өзге өңірлерден.
Мен оларды жанарыммен бірінен кейін бірін анықтап қарап шықтым: біреулерінің ақ түктері желге желбірей балаларын емізіп отыр; өзгелері танауларын көкке көтеріп түсініксіз ыңылдауда; үшіншілері алабажақ құйрықтарын бұлғаңдатып ойнауда; төртінші біреулері қабақтарын түйе ары-бері қыдырыстауда...
– Осы біз қайда отырмыз? – деп сыбырлай сұрадым.
Ол күйіне жауап қатып күрсінді:
– Мен өзім де білмеймін. Тек Жапонияда емесі белгілі.
– Иә... – мен де күрсіндім. – Бірақ мына ағаш касиге ұқсайды ғой.
Артқа бұрылған ол қураған ағаштың өзегін тықылдатып бұтақтарына зер салды:
– Қой, онша ұқсамайды. Касидің бұтақтары бұлай өспейді. Оның тамырлары күн сәулесін өзгеше қабылдайды. Шындығында, жапырақтары шықпай бірдеңе айту қиындау.
Мен сол тұрған күйімде ағашқа сүйендім:
– Ал жапырақтары қайда кеткен?
– Ой, көктемнен бері жапырақсыз. Мен келгенде дәл осындай болатын. Одан бері сәуір, мамыр, маусым өтті. Бақандай үш ай. Шамасы, ешқашан өнбейтін шығар. Тамырлары жоқ қой. Мүлде жоқ. Анау ағаш мүлде сұрықсыз. Мына мақұлықтар бүлдіріп бітті.
Ол әупілдектер үйірін меңзеді. Олар әупілдегендерін қойып, аралда кәдімгідей тыныштық орнапты.
– Мүмкін отырарсың?! Әңгімелесейік.
Оған тақала отырдым.
– Дегенмен, мұнда онша нашар да емес. Аралдардың арасындағы ең жақсысы. Күн шуақты, ағаштар бар, сосын судың шуылы. – Ол төмендегі кішкене сарқырамаға рахаттана қарап қойды. – Мен Жапонияның солтүстігінде, теңіздің жағасында туғанмын. Теңіз әрдайым, әсіресе, түнде моп-момақан әрі түсініксіз жыбырлап жататын. Судың шуылын сүйем. Естісем болды, жүрегім шымырлай жөнеледі.
Менің де туған жерім туралы айтқым келіп кетті.
– Ал мен судың шуылынан гөрі жапырақтардың сыбдырын ұнатамын. Өйткені Жапонияның орталығындағы тауларда дүниеге келгенмін. Ех, жас жапырақ қалай-қалай аңқиды-ә?!
– Иә, керемет! Ағаш атаулы бәрімізге ұнайды. Әуелі осы жердің өзінде, жалғыз ағаш үшін жан қиюға болады. – Ол жамбасының қалың түгін ашып, қарақотырланған бірнеше тыртықты көрсетті.  
– Мына жер маған қымбатқа түсті!
Орнымнан тұрып кетуге жиналдым:
– Мен ештеңе білмедім ғой.
– Оған еш қысылма. Мен саған қарсы емеспін. Оның үстіне жалғызбын. Енді бұл ағаш біздікі болады. Тек, ендігәрі бұтақтарын сындыра көрме.
Тұман сейілді де біздің көз алдымызда керемет көрініс жарқ ете қалды. Жасыл жапырақтар. Менің көзіме бірден түскені осы болды. Осы кезде ғана жылдың қай мезгілі екені есіме түсті. Осы уақытта біздің жақта синокидің (ағаш атауы) жапырақтары әдемі түрге ауысады. Жасыл жапырақтарға қызығып маңайымды түгел қарап шықтым. Бірақ алғашқыдай емес, қызығушылығым басылып қалды. Таңырқаған мен жасыл жапырақтардың астындағы қатігез тас жолмен ақ шаңқаң киімді, көкшіл көзді адамдардың легі ағылып жатқанын көрдім. Шаштарын құс мамығымен сәндеген әйелдер, сүйеніш таяқтарын оңды-солды сілтеп, жан-жағына жымия қараған еркектер кетіп барады...
Қалшылдаған денемді құшақтаған жерлесім жылдам сыбырлай жөнелді:
– Ғажайып, иә?! Күнде осылай.
– Енді қайттік? Олар бізді аңдып жүр ғой.
Осы кезде тауда қалай ұсталғаным, аралға қалай келгенге дейінгі жағдайым бірден жадыма оралды. Ернімді тістеп алдым.
– Бұл қойылым. Арнайы бізге арналған. Үндемей тұра тұр, әлі талай қызығы бар... – деп ол қамқорси тіл қатты. Бір қолымен мені қапсыра ұстап, екіншісін адамдарға нұсқап, олар жайлы ақырын айта бастады: 
– Әне, қарашы, анау әйел күйеуге тиген. Ол өмір сүрудің екі-ақ жолын біледі; күйеуінің ойыншығы болу немесе ханымы болуды. Шындығында адамдардың бәрі осылай қалыптасқан. Ал, ана біреу оқымысты деп аталады. Өте қызық жаратылыс, күнкөрісіне керегін өлген ғұламалардың шығармаларына күмәнді зерттеу жазып және жаңадан туылатын ғұламаларды сынау арқылы табады. Менің оны көрген сайын ұйқым келеді. Анау әйел актриса деп аталады. Кәрі сүйегі саудырап жүрсе де, өмірде сахнадағыдан жақсы ойнайды... Ох, ауру тісім тағы қақсап кетті ғой. Әне, ананы көрдің бе? Бұл кәдімгі жер иеленуші. Жаман сараң өзгелерді өзіне жұмыс істеуге мәжбүрлейді және әрдайым өзін ақтап: “Мен де еңбектенемін ғой”, – деп күңкілдейді де жүреді. Бір таңғаларлығы оны көрген сайын мұрным биттеп кеткендей жыбырлай жөнеледі. Ал, анау орындықта отырған ақ қолғапты еркекті байқадың ба? Мен бәрінен гөрі осындайларды жек көрем. Мұнда қалай келеді, солай аспан түнеріп, сасық құйын пайда болады.
Мен оның сөздерін құлықсыз тыңдап басқа жаққа қараудамын. Менің көңілімді қатты алаңдатқан нәрсе, аралды қоршаған қоршаудан сығалап қараған адам балаларының қызығушылықтан жарқыраған көгілдір көздері болды. Олардың қысқа шаштарын таңғы самал желпіп жатты. Біреуінің мұрны секпілден қарайып көрінсе, екіншісінің шекесі шабдалы гүліндей нәзік екен.
Аздан соң балалар бастарын еңкейтіп әлденеге ойланып қалды. Сосын әлгі секпіл беттісі ернін ашулы қисайтып, қасындағысының құлағына бірнәрсені ызалана сыбырлады.
Мен досымды қос қолдай сілкілеп айғай салдым:
– Анау не деді? Жауап бер деймін! Ана балалар не деп жатыр?
Қорқып кеткен ол жанарын менен алып қарсыдағы балаларға қарады. Сосын ернін жыбырлатып ойлануға кірісті. Оның жөні жоқ әбігерленгенінің астарында қорқынышты нәрсе тығылып жатқандай көрінді. Ол қолын біресе шекесіне тіреп, біресе мұрынын қасып ұзақ қобалжыды. Тек балалар соңғы рет бұзық сөздерін боратып тас қоршаудан көрінбей кеткенде ғана оның езуінде мысқылды күлкі пайда болып ақырын сөйледі:
– Олар: «Қашан келсеңде өзгеріссіз бір-ақ көрініс», – деді.
“Өзгеріссіз бір-ақ көрініс!” Мен ойлағандай болды! Күдіктенгенім рас боп шықты! “Өзгеріссіз бір-ақ көрініс!” Бұл сөздер біздің аралға қатысты айтылған. Сонда біз көрерменге қойылым болғанымыз ба?
Мен оны ұрып өлтіргім келді:
– Солай ма?! Сен мені осынша уақыт бойы алдадың ба?
Ол мені қапсыра ұстаған қолын қатты қысып сөйледі:
– Мен сені аядым!
Кең кеудесіне жабысып алдым. Менің жынымды келтіргені оның жөнсіз қамқорлығы еді, бірақ өзімнің ақымақ, аңқаулығым ұяттан өлтіре жаздады.
– Керегі жоқ, жылама! Жас бұған көмектеспейді, – арқамнан қаққан ол тұнжырай сөйледі. – Қарашы, анау тас қабырғаның төбесінде ағаш тақтай ілінген. Бізге тек арт жағы ғана көрінеді. Онда не жазылғанын білесің бе? Жанынан өтіп бара жатқандардың бәрі оқитындай: “Құлақтары жылтыр маймылдар “жапон маймылдары” деп аталады” деген жазу бар. Мүмкін, тағы басқа сұрқиялары да бар шығар.
Менің ештеме естігім келмеді. Қуатты қолдардан босана салып ағашқа ұмтылдым, жоғарыға өрлеген соң бұтаққа сүйене аралды шолып шықтым. Күн кәдімгідей биікке өрлеп кетіпті. Жан-жақтан жаңадан тұман легі көтерілуде. Төрт маймыл күн шуағында созылып жатып ойнауда.
– Аналар ештеңе білмей ме? – деп сарқырама жанында бүктүсіп жатқан серіктесіме айғайладым.
Ол аздан соң көзін алып-қашып жауап қатты:
– Қайдан? Бұны тек екеуміз ғана білетін сияқтымыз.
– Сен неге қашып кетпейсің?
– Ал, сен қашып кетесің бе?
– Қашып кетем!
Жасыл жапырақтар! Тас төселген жол. Сосын адамдар.
– Қорқынышты емес пе?
Мен көзімді жұмдым. Ол осыны айтпай-ақ қоюы керек еді.
Құлағыма желмен араласа ақырын әндеткен дауыс жетті. Тағы, әндетеді өзі!
Көзім ысып кетті. Жақында ғана осы ән менің ағаштан құлауыма себеп болды. Көзімді ашпай тыңдап тұрмын.
– Жарайды, түс! Мұнда тіптен жаман емес қой. Күн шуақты, ағаштар, судың шуы және ең бастысы тамақ іздеп әуре болмайсың.
Оның сөздері алыстан талып жеткендей естілді. Содан кейін сықылықтаған күлкі жетті. Осы бір азғыруға қарсы тұру қиын-ақ. Ал, жалпы қарсыласудың қажеті бар ма? Кеудемде таңдаудың пайда болғанын сезіндім.
Бірақ, мен тауда өстім ғой, сондықтан менің қаным, ақымақ қаным: “Жо-жоқ!” – деп айғайлауын табанды жалғастырды.
 
* * *
1896 жылы шілденің ортасында Лондон мұражайының жанындағы хайуанаттар бағы жоғалту жарнамасын жариялады. Екі жапон маймылы белгісіз бағытқа қашып кеткен.
Аударған  Мәди АЛЖАНБАЙ.