БІР АПТАҒА СОЗЫЛҒАН КӨРМЕ

Уақыты: 11.10.2021
Оқылды: 1215

Аудандық Мәдениет үйінің алдында ауылшаруашылығы техникаларының және қосалқы жабдықтарының көрмесі өтті. Бір аптаға созылған көрме кезінде шаруа қожалықтары өнімділігі жоғары заманауи техникалармен танысып, оны алудың жай-жапсарына қанықты. 

Ауылшаруашылығы техникалары мен агрегаттарын сататын ұйымдар өкілдері аудан шаруаларын өз тауарларының артықшылықтарымен таныстырды. Аудандағы ірі шаруа қожалықтарының назарына әйгілі «Беларус» тракторының бірнеше түрі және көптеген тіркемелер ұсынылды. Сондай-ақ, «Агроинженерия» ғылыми-өндірістік орталығының топырақты өңдеуге және жерасты сұйық тыңайтқыштарын қолдануға арналған агрегаттары таныстырылды. Сонымен қатар Қазақстанның «Халық-Лизинг», «ҚазАгроҚаржы» лизингтік компаниялары осы техникаларды сатып алудың ыңғайлы және тиімді тәсілін түсіндірді.
Көрменің алғашқы күні аудандық Мәдениет үйінде техниканы жеткізуші, несиелеуші және алушылардың басын қосқан конференция болды. Жиында аудан әкімі Нұрлан Ертас өңірдегі ауылшаруа­шылығы саласының дамуымен таныстырып, көрме-жәрмеңкенің маңыздылығына тоқталды. Конференцияда еңбек өнімділігін арттыру үшін жаңа техника мен технологияны қолдану төңірегінде екі жаққа да тиімді әңгіме өрбіді. Мамандар ауылшаруашылығы саласына инновация енгізу, жаңа технологиялар алудың несиелік жүйесі, субсидия мәселелері бойынша баяндап, шаруа қожалығы иелерімен ой бөлісті, түйткілді мәселелерге жауап берді. Бұл мәселелер жайында қазақ Ұлттық аграрлық университетінің IT технологиялар, автоматтандыру және агроөнеркәсіптік кешенін модернизациялау факультетінің деканы, профессор Нұрлан Абдильдин, аталған университеттің аграрлық техника және технология кафедрасының меңгерушісі Серік Бекбосынов, «Беларус трактор сауда үйі» ЖШС директоры Андрей Гудко, қазақ Ұлттық аграрлық университетінің «агроинженерия» ғылыми-өндірістік орталығы басқарма төрағасының инновациялық қызмет жөніндегі менеджері Мұратбек Ешмұханов, «Каз­АгроҚаржы» АҚ Алматы қаласы бойынша филиалының директоры Олжас Нышанбаев, «Халық-Лизинг»« АҚ-ның сату менеджері Абулқайыр Бердісүгіров, СемАз» ЖШС менеджері Данияр Жұмабеков көпшілік алдында әңгімеледі.
Шара барысында аудандағы Жамбыл атындағы кәсіптік-техникалық колледжінің директоры Болат Алтаев ауылшаруашылығы мамандарын дайындайтын оқу орнының жұмысынан хабардар етсе, «Светлана» ШҚ төрағасы, ауыл шаруашылығы техникаларының білгірі Александр Назаренко өз тәжірибесімен бөлісті. Ал «Амангелді» ШҚ басшысы Сатыбалды Нұрманов пен «Ынтымақ» шаруа­шылығының төрағасы Нұрлан Ахметжанов субсидия, лизинг рәсімдеу кезінде кездесетін мәселелерді ортаға салып, өз ұсыныстарын жеткізді. Көрме-жәрмеңкеде шаруа қожалықтарының иелері көкейде жүрген сұрақтарына жауап алып, қаржы институттары арқылы жеңілдікпен жаңа техника алудың мүмкіндіктерін білді. Олар сатушы мен алушының және қаржылық қолдау­шының басын қосқан шараға ризашылық танытты. Себебі, ғылым мен техника табысты еселеудің бірден- бір жолы екенін олар жақсы түсінеді. Әсіресе Қостанайда құрастырылған «Беларус» тракторына шаруалардың қызығушылығы жоғары болды. Мамандар оның сапасының Белоруссияда шығарылатын түпнұсқасынан бір де кем емес екенін айтады. Бағасы да сол елден алдыруға қарағанда бір жарым миллион теңгеге арзанға түседі. 
Жалпы лизингке техника алу үрдісі аграрлы аймақта біраз жылдан бері қалыптасқан. Мәселен жыл басынан бері аудан шаруалары «Қаз­АгроҚаржы» АҚ арқылы 146 миллион теңгеге 20 дана техниканы лизингке сатып алды. Оның белгілі бір пайызы мемлекет тарапынан субсидияланады.  

Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы