Наша – қорлық

Уақыты: 02.07.2016
Оқылды: 1459

Көзінің алды көгеріп, білеуленіп ісіп кеткен. Бір кездері ағы мен қарасы ап-анық көрініп, қарашығынан от шаша қарағанда: «Осы баланың жанарында от бар, түбі осал азамат болмайды», – деген ойды еріксіз санаға оралтатын. Ал қазір ше? Ұсақ тамырлары жарылып, қанталап тұр. Бұл азығын табарда азуын ақсита ырылдап тұрған бөрінің немесе ырыздығын қиядан көргенде көзі қанталап кететін қыранның жанары емес, өз қолымен жасаған дерттен жанын қоярға жер таппай қиналған жанның кескін-келбеті. Сонау бір жылдары ағайын-туысы сенім артқан, жалын атқан жанары жасаурап, қарға адым жер бұлдырап, мынау жарық дүние қас-қағымда көзінің қарашығында шыр айналып бара жатқан адамның мүшкіл халі.

Әй, нашақор пенде. Өмірің өкінішке толып, өксікпен өтіп жатыр. Кім кінәлі?! Өзегіңді өр­тесе де, өткен күніңді бір сәт есі­ңе алып көрші. Қандай ор­тада тәрбие алып, қандай ша­ңы­­­рақта өсіп едің? Жоқ­шылық қыс­паққа алып, қатты қи­нал­ған­нан кейін шығарға жол тап­пай осыған ұрынып отырсың деп өзіңді жұбатайын десең, бе­рекелі отбасында-ақ ержетіп, тоқшылықта күн кеш­тің. Тә­бе­тің тартқанның бәрінің дәмін татып, көңілің қалағанды киіп, көйлегің көк, қарның тоқ өмір сүрдің. Енді не жет­педі сонда?! Дәл осындай адам көр­гісіз хал­ге қалай тап бол­дың?!

Иә, жаныңа батқан ауруды дәл өзіңдей сезінбесем де, дауа­сы жоқ дерттің бұл сұрақтарға жауап беруге де дәрменсіз күй­ге түсіргенін біліп отырмын. Сау кезің жайлы сауалды са­наңа салсаң басыңды солқ ет­кі­зіп, миыңды шайқап өтетінінен қорқасың. Сонда да есің дұрыс, еркін кезіңді есіңе алып көрші. Бақытты балалықты басыңнан өткердің. Алдыңғы қатардағы оқушы атанып, талай додаларда топ жардың. Сенің әрбір же­тіс­ті­гің әкең мен шешеңе ғана емес, ауыл жұртына ортақ қуа­ныш еді ғой. Азат елдің аспа­нын­да қанатын кеңге жайған жас қырандай күн сайын мәр­тебең биіктей бастаған. Теме­кінің иісіне мұрының тыжы­ры­нып, ащы суды көрсең ашуың ке­ліп, соған құмар жандарды құр­дымға кетіп бара жатқандай се­зінетін едің. Мектептегі соң­ғы қоңыраудың үнімен жаңа өмір­дің алғашқы баспалдағы бас­талды. Асқақ арман алға же­телеп, асқар шыңды алып Ала­таудың баурайындағы ару Ал­ма­т­ыға келгенде де сенің бар мақ­­сатың, білімді азаматқа ай­на­­лып, тәуелсіз еліңнің ер­теңі үшін аянбай еңбек ету ғана бо­латын. Әне-міне, дегенше, сы­нақ­тан сүрінбей өтіп, бал­мұз­дақ дәурен артта қалып, ең бе­дел­ді деген оқу орнының сту­ден­ті атанып шыға келдің. Күн сайын тотыдайын таранып, сұң­қардайын сыланып, сан мың түр­ге еніп келе жатқан алып шаһар сиқырымен арбай бас­та­ды. Ауылдан шықсаң да ашық ауыз аңқау емес, түрлі олим­пиа­даларда сыртқа шы­ғып, ел кө­ріп, жер танып ширақ өсіп-ақ едің. Өзіңдей алғыр баласының абыройын түсіргісі келмеді ме, әке-шешең бір жыл­дары өз­де­рі­нің қызыққа толы жастық шағы өткен жа­тақ­ханға жатқызғысы кел­меді. Сен оқу бітіргенше банкке сал­ған ақшасы да бір­ша­ма болып қалатындықтан, дипломыңды алғанда екі бөл­ме­лі пәтердің кілтін табыс­тай­мыз деген олар саған екі-үш досыңмен бірігіп, пәтер жалдап тұруыңды қала­ған. Іші жиһаз­бен толықтай қамтылған үйде білім көк­жие­гіне көз салған сәттеріңнің алғашқы аппақ па­рақ­тары да ашылды.

...Қиналып кеттің-ау. Шама­лы уақыт бұрын еккен дәрінің күші қайта бастады ма, сіңірің тартылғандай бүктүсіп, бүк­тетілдің де қалдың. Сай-сүйегің сырқырағанда аурудың қай же­ріңде тұрғанын біле алмай дел-сал күйге түстің. Есіңді алған есірткіден дәл мынандай дерт жайлайды деп еш ойлаған жоқ едің. Сан мәрте бұлай азап­тал­ғанша өз-өзіңе қол жұмсап, мәң­гілікке көз жұмсам деп әре­кет­теніп те көрдің. Қиналғанда жа­ның көзіңнің ұшына келсе де өмір тәтті болып көрінгенде дәр­менсіздіктен сылқ етіп, құ­лай кетесің. Сол күйде тырп ет­пей жата бергің келеді. Бірақ іші­ңе дендеп кірген індет етіңді ірі­тіп, сүйегіңді шірітіп бара жат­қанда қайдағы тыныш жату. Сүйріктей саусақтарыңның сүйе­­гі ғана қалған. Дір-дір еткен қал­­пыңда жастығыңның астына қолыңды жүгіртіп, соңғы құ­тыны алып шықтың. Соңғы де­мің мен өміріңнің соңғы сәттері сиып кеткендей кішкентай ғана құтыға үміттене қарап, шприцке сорып алдың да тамырыңды іздей бастадың. Тамырыңды табудың өзі теңіз түбінен мар­жан сүзгендей қиындық ту­ғызды. Ілдалдалап жатып, әй­теуір ектің-ау. Бірер сәттен кейін есірткі тамырыңды аралап, жа­ныңа жайлап тыныштық сый­ла­ғандай болды. Мектеп қабыр­ғасында жүргенде ең алғашқы олимпиададан бірінші орын алғанда, одан кейін жоғары оқу орнына түскенде төбең көкке жеткендей қуанып едің. Қазір де дәл сол күйді бастан кешіріп жа­тырсың. Осы сәтке дейінгі қи­на­лып жатқаныңның бар­лығы түс­ке айналып, бақытты ба­ла­лы­ғың, біресе, студенттік шақ­тың алғашқы шақтары кинолен­тала­рындай көз алдыңнан өтіп, ра­хат­тана бастадың. Құд­ды өмі­рің қайтадан бастал­ған­дай ға­жап сезімге бөлендің. Баяғы теме­кінің иісін жақтыр­майтын, ащы суды татып алмай­тын кез­дерің есіңе түсіп, еріксіз езуіңе күлкі үйірілді. Тіпті, осы пә­леге жо­ла­мағаным қандай жақ­сы болған деген алдамшы арман да бой көрсетті.

Кенет... Иә кенет дүн-дүние өзгеріп сала берді. Біресе алаң­сыз балалыққа, енді бірде білім дариясына құлаш ұрған арманы асқақ шағыңа оралып, көзіңнің алды кілегейленіп, еміс-еміс елес жетелеп әкетті. Жайлы пә­тер­дегі алаңсыз күндермен бір кездегі білімге ғана бағыт­талған ықылас қыз-жігіттермен көңіл көтеретін орындарға ауып кет­кен. Есірткінің қуаты жойы­ла­йын деді ме, әлде, сол бір ба­қыт­ты кезіңді жоғалтқаныңа өкіндің бе, әйтеуір қатты ыңыр­сып, қи­мылсыз қалдың. Өзегіңді өр­те­ген өкініш, ауыр күрсініске ұла­сып барып басылғандай бол­ды...

Иә, дәл таптың. Ең алғаш есірткінің қақпасын қалай ашып, нашақорлықтың қақ­па­нына қалай түсіп қалғаныңды айтамын. Қасыңдағы досыңның қасыңа айналып, осындай қасі­ретке шалдықтыратынын біл­мей де қалдың-ау сен бейбақ. Сөзі пысық, өзі ширақ, ылдым-жылдым, айналасымен тез тіл табысқыш айлакердің апанына өзің барып түстің ғой. Жаты­рын­да қағынған немені жатақ­ха­на­ға жатқызбай, жағдайым жоқ дегеніне қарамай, «уақытша өзім төлей тұрамын», деп пәте­ріңе ертіп келдің. Уызына жары­маған жаманның уытты тыр­на­ғы шеңгелдеп бүріп алатынын да аңғармадың. Пара беріп оқу­ға түскен пәлені өзің сияқты ал­ғыр екен деп алдандың. «Қуды қу – шұғанақты су табадының» кері болып, оның айна­ла­сын­да­ғы достары да «заманақыр жас­та­ры» болып шықты.

Алғашында бәрі тамаша. Уа­қытымен сабаққа барып-келу, бірің тамаққа кіріссең, бірің үй­ді реттеп, жиыстырып қою сияқ­­ты сондай жарасымды тір­лік. Бірер айдан кейін жаңа достар, жаңаша жоспарлар, әде­мі қыздар, кешкі би алаңындағы қызық, түнгі клубтардағы думан жастыққа тән салтанатымен жарасым тауып, жөнімен жүріп жатқандай көрінетін. Осының бәрі ауылдың саф ауасындай, тұп-тұнық бұлағындай таза жі­гіт­тің санасын былғап, лайлай бас­таған. Басын айналдырған еркіндік есірткіге еліттіріп әкет­кеніне де аз болған жоқ. Әуелі, құшағындағы әдемі қыздың әтірі басын айналдырып, «ко­лянь­ның» түтігінен алма-кезек сорған түтіннің өзі әсер етіп, түрлі жемістің дәмі тіл үйір­гендей, тамырын идіріп әкеткен. Бастапқыда шөл басатын тәтті шырындар ара-тұра қуат­тан­дыр­ғыш сусынға алмасып, бір­те-бірте сыраға ауыз салуды шығарған. Тіпті, кей күндері үйіне қалай келгенін білмей, таң ертең басы азан-қазан, орнынан тұрса миы солқылдап, әрең қоз­ға­лып келіп қалтасын ақтар­ғанда соқыр тиын жоқ, бос әмиян­ға бес саусақ босқа сүңгіп шығатын. Бала кезінен жиіркене қарайтын темекі тарту мен арақ-шарап ішу сүйікті ісіне ай­нал­ған. Сабақтан жиі қалу, себепсіз сылтау айту көбейіп, соңы оқу­дан шығуымен аяқталған. Ауыл­дағы ата-анаға: «қазіргі қоғам құрыған, ақшасыз дұрыс оқи алмайсың, біліп тұрсаң да ақша бермесең құлатады» деген сияқты өтірік әңгіменің сан түрін айтып, жиі ақша сұрауды әдетке айналдырған. Жазғы де­малыста ата-анасына жаны ашы­ған сыңай танытып, уа­қытша жақсы жұмыс тапқанын айтып, ауылға бара алмай­ты­нын жеткізген. Есірткіге есі кетпей енді-енді ермекке ай­нал­дыра бастаған шақта бірер мәрте ауылға барып қайтқан. Жүрегі бір нәрсені сезген әке-шешенің алаң көңілін сабақ қиын, талап күшті деген сыл­тау сөзбен жұбатқан. Одан кейін тіпті, ауылға атізін салу­ды қойған. Бұл бүкіл бір әулет сенім артып, мұқым ауыл «бо­лар бала» деп бағалаған жан­ның біте бастаған кезі еді. Әлгі жанашыр достар да мұның таусылар шағын сезіп, теріс ай­налған. Олардың да халі мүш­кіл. Есірткіге уланған сана жа­ңа, қалталы достар іздеп кет­кен. Енді табыла қоюы екі­та­лай. Осылайша қоғамы бір, за­маны ортақ бір орта ана­шаның апанына түсіп, қор­лықтың қа­мы­тын киіп үлгерді. «Дос­та­рын көрсет, балаңның кім еке­нін айтайын», – деген қағиданы кеш түсінген ата-ананың бар­мағын шайнаудан басқа амалы қалмады. Наша­қор болса да, «іштен шыққан шұбар жылан» жанын қоярға жер таппай қи­нал­ғанда қайран әке-шешенің қа­бырғасы бірге қайысты. Ек­пе­нің қуаты қай­тып, көз ал­дында перзентінің құлындағы дауысы шыға шың­ғырғанда бірге қиналудан басқа амалы да қалмады. Асқынған індеттің емі де табылмады. Соншалық қиналып жатып жа­ны шыққан ұлымен бірге ата-ананың да үміті үзілді, енді жанып келе жатқан ошақтың оты өшті, бір әулеттің шежіресі тоқтады.

Құдайдан қорқуды ұмытқан қоғамда пендеден ұялу да алыс­­тайды. Ұят кеткен жерде небір жамандыққа жол ашы­латыны тағы да ақиқат. Есейді деп ескерусіз қалдырмай сырт­тағы балаңыздың қандай ор­тада, кіммен дос болып жүр­генін назарыңыздан тыс қал­дырмаңыз айналайын ата-ана! Жарай ма?!

Жұматай ӘМІРЕЕВ