САЛҒЫРТТЫҚҚА ЖОЛ БЕРІЛМЕЙДІ

Уақыты: 24.10.2017
Оқылды: 1180

Халық игілігі НЕ ҚАТЫСТЫ әрбір істе сөзден гөрі нәтиже маңызды. Бұл туралы аймақтармен өткен селекторлық жиында облыс әкімінің орынбасары Жақсылық ОМАР айтты.


Шарада алдымен аудандардағы маңызды әлеуметтік нысандардың қысқа дайындығы пысықталды. Облыстық білім басқармасының басшысы Дәурен Жүнісовтің айтуынша,  облыстағы мыңнан астам білім мекемесінің тең жартысы сұйық отынмен жылытылады. Қыстан қысылмай шығуы үшін 19 млн. литрге жуық сұйық отын керек. Қазір отын қорының 41 пайызы дайын. Алайда ішінара аудандарда дайындық шарасы діттеген көрсеткішке жетпей отыр. Отынның дер кезінде дайындалмай жатуының өзіндік себептері бар. Мәселен, оны жеткізумен айналысатын кейбір компаниялармен келісім-шарт бұзылған. Айталық, Ұйғыр ауданында сапасыз отын жеткізілуіне байланысты жылыту маусымына  дайындық науқаны ойдағыдай атқарылмауда.  Осы ретте облыс әкімінің орынбасары жауапты тұлғаларға бұл мәселені тездетіп шешуге тапсырма берді.  
Жиынның келесі күн тәртібіне “Рухани жаңғыру” бағдарламасының өңірлерде атқарылу барысы тыңдалды. Аталмыш бағдарлама басталғалы облыста 800-ге жуық іс-шара өткен. Бұл жайлы облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Рустам Алпысбаев айтып берді. Оның айтуынша, қызықты әрі мазмұнды жобалар көп. Мәселен, алда журналистер арасында байқау жарияланады.  Үкіметтік емес ұйымдардың республикалық форумы өтеді деп жоспарланған. 
Аталған бағдарламаның атқарылу барысында да кібіртіктеп қалған аудан, қалалар бар. Мәселен, “Туған жерге туыңды тік” жобасын жүзеге асыру бойынша Талдықорған қаласы бастаған үш қаламен қатар тағы да сол Ұйғыр ауданы төмен көрсеткіш көрсетіп келеді. Осыған байланысты, Жақсылық Мұқашұлы жауаптыларға ескерту жасап, мемлекет саясатын жүзеге асыруда әсте салғырттыққа жол бермеу керектігін қадап айтты. 
“100 жаңа есім” жобасы да басты назарда. Басқосу аясында облыстық ҚХА төрағасының орынбасары Ғабит Тұрсынбай  шара басталғалы  өңірде 100-ден астам адамның тізімі ұсынылғанын, бүгінде республикалық жұмыс тобы соның 29-ын іріктеп алғанын жеткізді. Қазір олардың есімдері дауыс беруге арналған арнайы сайтқа енгізілген.   
Атымтайлықты қазақ әр уақытта  әспеттеген. Оның айқын көрінісі жерұйық мекенде “Жетісу жомарты” дейтін тағы бір жоба қолға алынып отыр. Осы арқылы өлкенің қолы ашық азаматтарының тізімі жасалмақ. Бұдан бөлек, келесі жылы Астананың 20 жылдығы тойланады. Жақсылық Омар дүбірлі тойға дайындықты қазірден бастауды, мамандарға  іс-шаралар жоспарын нақты бекітуді тапсырды.

Қозыбай ҚҰРМАН.