Періштелер қайғырған күн

Уақыты: 30.07.2016
Оқылды: 1780

Жетімнің көзі жасты екен,

Удан да дәмі ащы екен.

Әкенің мұз ба жүрегі,

Ананың бауыры тас па екен?

 

Осы әнді естігенде жүрек сыз­дап, жан жылайды еріксіз. Бірақ бұл бейнебаянда анасы жаңа туған нәрестесін балалар үйінің алдына әкеліп тастап кететін. Тағдыр дедік, аядық.  Өкінішке қарай, осы жағ­дай бұл заманда жиі кездеседі. Баласын көліктің ішінде босанып, анасы терезеден тас жолға лақ­тырып тас­тағанда жанымыз қатты түршік­кен еді. Жас дедік, кінәні анасынан көрдік. Бұл оқиға талайға сабақ болар деп едік, қайғы есе­ленді. Енді сәбиін туа салып әжет­ханаға тастай­тындар шықты. 

Бұған дәлел Қапшағай қаласы жанындағы «Құрылысшы» сая­жайындағы аялдама жанына  кіш­кентай шақалақты қапқа салып, аузын буып тастап кеткен. Ауру­ханаға жеткізіліп, ем жүргізгенмен болмады, шетінеп кетті. Опасыз ана мына дүниеден опа табам деп ойла­ды ма екен, табанын жалты­ратып үлгерген, табылмады. Ал соның ертесі Ақши ауылындағы өз бала­сын әжетханаға тастаған оқиға  тіпті есеңгіретіп жіберді. «Неге, неге?» деген сұрақтарға қамалған ойымыз  сан-саққа жүгірді.

Ақши ауылына келгенімде ауыл­­­­дың баяғы мамыражай тір­шілігі көмескі тартыпты. Бұл жай­лы ауылдың әр талы мен тасы мұң шағып  тұрғандай көрінді. Ең бірін­ші жолыққан келіншек жантүр­шігерлік оқиғаның куәгері екенін айтты. «Мен оны көргенімде, жү­зінен кінәсі үшін қиналып тұрған түрін байқай алмадым. Сабырлы болды, ашу-ыза кернеген бойымды жинай алмай, ұрса жөнелдім. Онда үн жоқ, бетіме бақырайып қарады, – дейді келіншек.

Ел ағаларының да еңсесі түс­кен. Ауылдық қоғамдық кеңестің төр­ағасы Шынәділ Мұқанұлы ауыл хал­қының бұл оқиғадан ес жия алмай отырғанын алға тартты.

– Қоғамда  қыздарымыз бала­сын тастай беретін болды. Бір сұрақ, неге әжетханаға? Сүрініп кеткен шығар, тағдыры солай болды ма, бірақ неге балалар үйіне апар­мады?! Ауруханада алмаймын деп бас тартса болды емес пе?! Неге ол сәбиден құтылу үшін әжетхананы таңдады? Сон­ша­лықты адамшы­лықтан ада болды ма? Былай қарасаң, қазақтың әп-әдемі қарапайым қызы. Осы сұрақтар жан­ды жегідей жеді. Ойлап отырсам, біз біраз тәрбиені жоғалтып алған­дай­мыз, – деп күйі­неді  Шынәділ Мұқан­ұлы.

Ал, ауылда гинеколог-акушер маман болып 40 жылдан астам жұмыс істеп келе жатқан Маргарита Гали­мова да бұл жағдай кезінде ІІБ қыз­мет­керлерімен бірге үш күн тексеріс жұмыстарына араласыпты. Ауыл түгелімен тексерілгенде, санаға сал­мақ түскенін де жасырмады.

Ол бұл ауылдың әрбір келінін, қызын жақсы танитынын,  түсік жасатуға бірде-бір қыздың келіп көрмегенін, тасжүрек қыздың ата-анасын жерге қаратып кеткенін ай­тып, ауыр күрсінді.

Оқиға болған жерге келгенімде,  үй алдында бөгеліп ұзақ тұрдым. Себебі, бұл жағдайды ауыл адам­дарынан сұрау да ерсі еді. Көрші үй жақтан ақжаулықты әже таяғына сүйеніп еңкейе басып келе жатты. Не деп сұрарымды да білмедім. Бөгелдім. Аз ғана үнсіздіктен кейін менің не үшін келгенімді ауыл әкімінің орын­басары түсіндіргеннен кейін, ол кісі орындыққа сылқ етіп отыра кетті.  «Қайтеміз, көнеміз де... Бұлай болады деп кім ойлаған? Баланың балалығы болды енді. Бір келін балам бөлек тұрушы еді, немеремнің туған күні болып, соны атап өткен соң үйге келгенбіз. Сағат түнгі үште намаз оқып ұйықтадым. Таңғы сағат жеті жарымда әжетханаға бардым. Жыла­ған баланың дауысы естілді. Шошып кеттім. Ес таппай қол-аяғым дірілдеп, көршіме жүгірдім. Ол үйде ері жоқ болған соң үйдегі баламды оятып, абыр-сабыр болып баланы алдық. Бұл уақытта үйде қыз ұйықтап жатқан. Бұл іске қатысы бар екенін  тіпті сезбегенбіз», – дейді әже.

Істі анықтауға бір күн уақыт кеткен. Азан-қазан ауылдан береке қашқан. Ал қыз таңертең жолай көлікке отырып, Шамалғанға үйіне тартып кетіпті. Оның жүкті екенін етжеңді болған соң да  ешкім сезбеген. Толғақтың ауыр болатынын ес­керсек, қыздың қабағынан тіпті ешбір ауырсынуды байқай алмағанын айта­ды апасы. «Баланың көрер жарығы бар екен», – дейді ел-жұрт. Құдайдың көзі түзу. Нәжісте бір сағаттан артық жатып қалса да тіршілік үшін күрес­кен. Қапастан, қатыгез ананың қайы­рымы жоқ құрсауынан босанып, өмір сүргісі келді.

«Жедел жәрдем» шақырылғанда алғаш баланы қараған дәрігер Эль­мира Төремұратова сәбидің жағ­дайының бірқалыпты болғанын ай­тады.  Аздап миы шайқалған екен.        3 метр тереңдікке құлап, одан аман қалу да Құдайдың құдіреті. Үш келі сал­мақ­пен туған қыз балаға Қар­лығаш деп ат қойыпты.

Бойжеткеннің жасы 24-те. Ес тоқтатып, ақыл кірген жас. Апасы оның мінезі тұйық екенін айтады. Сол себепті де анасымен, болмаса жеңгелерімен сөйлеспеген деп нали­ды. Бір күннен кейін жағдай анық­талғанда, қыз мұның өміріндегі екінші жағдай екенін, яғни бірін­шісін де әжетханаға тастап, оны ешкім білмегенін айтып қояды. Ал, енді не дейсіз? Қыз қылмысын екінші рет қайталап отыр. Ауыр... Өте ауыр...  Қабылдау мүмкін емес. Жүрегіміз қан жылады.

Бұл іске қатысты қазір тергеу жүргізіліп жатыр. Бар білеріміз, қыз кепілақымен бостандыққа шыққан. Алдағы күні не болары белгісіз. «Жалғанда, жалған, жалғанда, ана­дан артық жан бар ма?» деуші едік. Жетімін жылатпаған, жесірін шет­тетпеген қазақ емеспіз бе? Қанда жоқ қасірет қандай қор­қынышты еді!

Тастанды баланың  тағдыры ше? Бүгінгі қазақ қоғамында кеудеге оқша қадалатын бір мәселе – жетім­дер үйі мен тастанды балалардың тағдыры. 90-шы жылдардың ба­сында мемлекет қамқорлығында 80 мыңдай жетім бала болса, жаңа мәлімет бойынша оның саны 120 мыңнан асқан. Бүгінде қарны тоқ, көйлегі бүтін ұрпақ өсіп келеді. Күліп-ойнағанды біледі, әке болуға әлсіз, ал қыздар жүкті болып қалса, ішіндегі қызылшақадан құтылуды ғана ойлайды. Бала сату бәсекесінде әлем бойынша үшінші орынға табан тіреппіз. Тек АҚШ-та алты мың баламыз туған жерінің жұпар иісін жұтуға зар болып жүр. Шамамен бір бүлдіршіннің бағасы 25-30 мың доллар көрінеді. Ал тастанды бала талантты болып шықса ше? Мыса­лы, әлем сүйсінетін актер Джеки Чанды да кезінде анасы небары 25 долларға сатып жібермек болған екен. Ал, татардың халық ақыны Ғабдолла Тоқайды базарда сатқан. Басы саудаға салынған  сәби ұлттың атын шығарып, ұлы ақыны болды.

Балалардың бәрі бақытты болу үшін жаралған. Кереғар дүние-ай! Мына дүниеге мен бармын деп жар салған сәби туыла салып өмір үшін күресті бастап кетті. Қарлығаштың қанатын қатыгез ана сындыра ал­мапты. Ендігісі – Аллаға аманат. 

Сәби жерде жыласа, көкте пе­ріш­те қайғырады. Бірақ бұл жолы сәби тек жылаумен шектелсе, қа­неки?! Иә, бұл шынында көкте періштелер қайғырған күн болды.

 

Мақпал МЫСА