Батар күннің атар таңы бар

Уақыты: 30.07.2016
Оқылды: 2959

Жол бо­йы­мен жүйт­кі­ген көлік бірде қыранша қал­қып, бірде асауша тарпып, жұлдыздай ағып келеді. Жыл­дамдыққа көз салса сағатына 120 шақырымды көрсетіп тұр. Аяқасты алып аспан айналып, қара жер айы­рыл­ғандай болды. Құлақ тұндырар тасыр-тұсырдан ессіз күйге енді. Шыр көбелекше айналған көліктің ол отыр­ған бөлігі ғана жерге тиеді. Ақыры төбесі жаншыла-жаншыла басына жетеді. Мойны қайырылғанын сезеді. Содан кейін денесі өзіне бағынуды қой­ған.

 

Сұхбат барысында кейіп­керіміз осы оқиғаны көзіне жас ала баяндап берді. Өте ауыр, өте қиын, өте аянышты. Елдос Баялышбаев 1992 жылы Тал­ды­қорғанда дүние есігін аша­ды. Әкесі Қайыркен Батыр­баев осы өлкеге жұмыс қуып Үш­аралдан ат басын бұрса, анасы Фатима Тайжанова со­нау шырай­лы Шымкенттен келеді. Алланың қалауымен екі жас танысып, табысады. Аяқ-қолы балғадай екі ұл өмірге келіп, үлкені Саяттан қазір немере сүйіп отырған жайы бар. Қы­зығы мен шы­жығы мол бала­лық дәуреннің дәмі Елдостың тілінен де, жүрегінен де ал­шақ­тамады. Есі кіре сала есіл-дерті спорт­қа ауды. Кик­бок­синг пен суға жүзгенді жаны­нан артық қой­ып, қолы қалт етсе болды әкесі мен ағасы – Саятқа маза жоқ. Кезек-кезек осы екі спорт түріне алып барады, алып қайтады.

Үйдің кенжесі болған ол ер­келік пен бұзықтықтан кен­де болған емес. Көше шула­тып, көршілердің шамдарын шағатын әдет тауып алды. Бірақ олар бір рет болса да Елдосқа ауыр сөз айтпапты. Ақжарқын, ашық мінезінің арқасында достардан тар­шы­лық көрмеді. Бірі тауға жете­лесе, бірі бауға жетелеп, әр күні қызыққа толды. Сон­дай күндердің бірі жүзіне еріксіз күлкі үйірілтіп, көңіліне қуа­ныш сыйлайды.  Үшінші неме­се төртінші сыныптың кезі болса керек. Рамир деген ауылдан көшіп келген досы бар-тын. Өзі қалалық болса да бірауыз орысшаға жоқ. Мек­тептегі алғашқы махаббаттың оты жүрегін өртеп жүрген сәт. Әйгерім есімді аруға Елдос қайтсе де сезімін білдірмек болып ақша жинайды. 150 теңгеге  аю ойыншық, ал 100 теңгеге лебіз хат сатып алады. Ол кезде барлық хаттар орысша. Амалы құрыған Ел­дос Рамирден ақыл сұрап еді, ол бірден: «Для девушки» дегенін алайық», – деп қолына ұстатты. Екеуі де ішіндегі жазуын оқып жарытпайды. Жанындағы бос орынға қазақ­шалап сезімін жазды келіп. Ертеңгі күні сәті туып, арман қызға сыйлығын ұсынды. Ал­ға­ны сол еді, Әйгерім құр­быларымен бірге күлкіге басты келіп. Сөйтсе, олар таңдаған лебіз хаты «для девушки» емес, «для дедушки» екен. Сонда барып Елдос сыр­тын­дағы ескі көлік суреті неге тұрғанын түсінді.

Ержете келе, есер­соқ­тық­тан бойын аулақ ұстап, жаман әдеттен арылады. Саба­ғын үздік оқитын ағасы Саят­тан үлгі алатын. «Ағасы бар­дың жағасы бар» демекші, ол Ел­достың барлық еркелігін кө­тер­ді. Көзіне көзілдірік тағып, қолына қара папка ұстаған ғалымға ұқсағысы келмесе де, әкесі сынды сауда-саттыққа жақын болып, кәсіп­керлікті мақсат тұтты. Білімін жетіл­діру үшін 9-сыныпты аяқтай сала бағдарламашы маман­дығы бойынша кол­леджге тап­сырады. Ол кезде Саят шет­елде осы мамандық бойынша оқып жатқан. Алай­да Елдос­тың көңілін бұл ма­ман­дық аулай алмады. Есіл-дерті кәсіп­керлікке ауып, жат­са да, тұрса да ойынан сол кетпеді. Кол­леджді ойдағыдай тамамдап, университетке тап­сы­рады. Алайда, универ­сите­тін аяқ­тамай жатып ойда-жоқта апат­қа ұшырайды. Бол­ған жайтты бірде аялдап, терең дем ала, біресе, бір нүк­теге үңілген күйі баяу баяндап берді.

– 2011 жылдың 8 тамы­зында апатқа ұшырадым. Ол кезде қасиетті Рамазан айы болатын. Ораза ұстайтын бауырларыммен ауызашардан соң Текелі жаққа суға барып түсейік деген шешімге келдік. Менімен бірге Айдос пен Әділ­бек деген жолдасым болды. Осы орайда Айдостың өміріне тоқталуды жөн санап отыр­мын. Айдостың әкесі мен ше­шесі бірінің артынан бірі өмір­ден озып еді. Ауыр тигені сон­ша­лық, Айдос қайғыдан қан жұтып, мұңға енді. Ақыр соңы барлығынан алшақтап, жал­ғыз­дық күйін кешті. Жан­ашыр­лық танытып, оны өзіміздің ортамызға тартып, сөйлесе бастадық. Тіпті, соңғы уақыт­та оқу ақысын төлейтін қара­жаты болмай, қырсық «бір айналдырса, шыр айналды­ратынның» кебін киді. Топ­тағы барлық студенттер бір­лесіп қаржы жинадық, әрине, толық емес, жартылай. Көңі­ліне де­меу болайық деген ниет­пен ылғи да жұбатуымызды ай­тып, алға қарай жете­лей­тін­біз. Сонда да аузынан екі сөз шықса, соның бірі «жал­ғыз­дық» туралы еді. Мен: «Ертең есейесің, отау тігесің, сол сенің отбасың болады», – деп сөзім­мен демеу беремін. Колледж аяқтап бәріміз жан-жаққа тарқап кеттік. Ол баламен көбіміз хабар үздік. Суға түсуге бара жатқанда есімізге сол Айдос түсті, көріспегелі де көп болыпты. Бір шетінен жағ­дайын білейік деп қасымызға қосақтап алдық. Ол көлікке отыра сала бұрынғы сөзіне қайта басты. Біз де бұрын­ғысынша жұбату сөз айтып әлекпіз. Жақсылап демалып болған соң қалаға қайттық. Такси жүргізушісі жылдам­дықты шамадан тыс арт­ты­рып, бір бұрылыста көлік тіз­гініне ие бола алмай жолдан тайдық. Көлік шамамен 6-7 рет аунады. Айналып келіп мен отырған орын жерге тиеді. Солай қайталана бергесін кө­лік­тің төбесі майысты. Мен қауіпсіздік белбеуін тағып ал­ған­мын, еңкейейін десем ең­кейт­пейді. Ал төбесі мені қы­сып барады. Басыма дейін жетіп, мойнымды сындырып жіберді. Сынғанын да сездім, сосын қолымның еріксіз соғы­лып жат­қанын байқадым. Тар­та­йын десем,  қолым өзіме бағын­байды. Құдды менің емес, басқа біреудің қолы іспетті. Қанша тырыссам да игере алмадым,– деп  күрсінді ол.

Барлығы да көз алдынан ескі киноның таспасы сияқты өтіп жатты. Сәл аялдап, қайта­дан өткеннің еншісіндегі есте­ліктерге тоқталды. «Асаудай аспанға ұмтылған «темір тұл­пар» тынышталып, бәрі сая­быр­лағасын досымның: «Сен шыға аласың ба көліктен?» – деген сөзі құлағыма естілді. Есімді бірден жиған мен: «Шы­ға ала­мын», – деп бірден жауап қат­тым. Алайда шығайын де­сем, қолым істемейді, оны қойшы, аяғым да жансызданып үл­геріпті. Түсінбей дал бол­дым. Менікі емес, басқа біреу­дің мүшесі сияқты», – деді Елдос. Сұрақ ұялаған жүзімен қарады да:  «Мысалы сен мына затты қозғалта аласың ба көзің­мен?», – деп алдында жатқан менің қалта телефонымды мең­зеді. Мен басымды шайқа­ғаннан басқа ешнәрсе дей ал­ма­дым. «Міне, сол секілді бір сәтте өзімдікі өзгенікі секілді болды да қалды. Достарым көліктен шығарды да отыр­ғызып қойды. Жансыздан­ға­ным соншалық, сол күйі құлап қала беремін. Құлап бара жа­тып қолымды тірейін десем, тірелмейді. Өзім не болғанын түсінбей, қатты шошыдым. Қайта-қайта құла­ғанымды көр­ген жолдастарым жедел так­сиге отырғызып, ауру­ханаға аттандырды. Олардың ойы тез жетсінмен әуреленіп, алғашқы медициналық көмек те көрсет­педі. Ауып келгенде онысы дұрыс болмапты. Жолда такси шайқаған сайын сынған сүйек жұлынға кіре берген. Мойным­ның қақсап ауырғанын қатты сездім. Таксиден түс­кенім сол еді, дәрігерлер арбаға отыр­ғызып ауруханға кіргізді. Де­нем­ді рентгенге түсіргенде барып омыртқамның сынғанын байқады олар. Ал жарақат жа­ңа­ғы жайттардан соң есе­лене түскен, – деп күрсініспен тағы үнсіз қалды.

Сосын жансақтау бөліміне алып барғандағы көріністерді бейнеледі. Аузынан алғаш шық­қан сөз: «Мен аяқтан тұра­мын ба?» – дегені еді. «Оны бір Құдай бі­ледіден» басқа жары­тып ешнәрсе айта алмады дәрі­гер. Операцияға алып бара жатқанда, асқар тау әкесі мен ақжаулықты анасын көрді. Бар жұбатуларын арнап жатқан оларға Елдос керісінше: «Сіз­дер уайым­дамаңыздар», – деп өмір мен өлімнің айқасар бөл­месіне кірді де кетті. Жан­сақтау бөлімінде 6 күн жатып­ты. Оның екі күні ес-түссіз күйде. Жарты сағат қана мыз­ғы­ғандай болса, сөйтсе 48 сағат өтіпті. Есін жия сала өзінің жай-күйін емес, жетім бала Айдостың қал-жағ­дайын сұрап әуре. Оның дін амандығын естіген соң жүзінен уайымның табы кетіп, көңілі орнына түсті. Сосын іштей ең ауыр жарақаты достарына емес, өзіне тигеніне қуанды. Апат болатын күні Айдос:  «Мен сенен қатты ұяламын. Сен ма­ған оң қабақ танытып, ылғи да қолдау білді­ріп келесің», – деп шын жүрек­пен қолын алған. Басына күн туғандағы жақ­сылардың келіп, сөзбен демеу бергендері естен әсте кетпек емес.

– Ата-анам есімімнің өзін Елдос деп бекер қоймаса керек. Әрдайым дос-жаран, туған-туыс, көрші-қолаңдарға ба­уыр­машыл болып, мейлінше демеу беріп, қолдап жүре­тінмін. Дос­тарды өзім таңда­маймын, материалдық жағ­дайына да қарамаймын. Менің достарым әрқилы. Мысалы, намаз оқи­тындар­дың  қасында жүрсем жұма намазына кешік­пей барамын. Талантты жол­дас­тарым да бар.  Олардан үйрен­генім көп. Басыма іс тү­сіп, төсек тар­тып жатқанда үйге өте көп кісі келді. Тіпті, қариялар да үлкен бастарын кішірейтіп қал-жағ­дайымды сұрады. Олар­­дың бар­лығына аяқ-қолым балғадай кезде бір шетіне шығысатынмын. Көр­ші ата­ның қыста қарын күреп, күзде отынын дайындап бере­мін. Кейін сол ата менің есік алдым­дағы қарды күрейтін болды. Өмір алма-кезек деген осы екен ғой. Мен ата-анама ешқан­дай салмақ сал­ғым кел­меді. Жан сақтау бөлімінде жатқанда да ол кісілерге тит­тей де ауыр­ғанымды білдір­медім. Пала­тама келген анам­ның түріне қарап: «Менің ауру­ым сонша қиын ба, сіз өзіңізге қарауды да қойдыңыз», – деп реніш та­ныт­тым. Келесі жо­лы анам кәдімгідей дайындалып келетін әдет тапты, – деп анасы тура­лы бір үзік сыр айт­ты.

Түнде күтуші қарайды, күн­діз анасы қадағалайды. Анасы келе сала ауырғанын жасырып, көңілін аулап күлімдеп жатады. Сол кездер өзіне өте қатты тиді. Үйдегі әр күні терезеге телміру­мен өтеді. Жалғыз қалғанда сырттағы ағашқа сыр ай­тып, мұң шертеді. Жар­ты жыл бас көтермей жатқандықтан сол ағаш­­тың барлық жа­пы­рағының түскенін бақылып, санаумен уақыт өткізеді. Күн са­йын: «Анау жапы­рақ құлап қа­лыпты, сар­ғайып қа­лыпты, біреуі құла­ғалы тұр», – деп айтып отыра­тын. Ал біз бол­сақ қалыпты кезде сол ағаштың жа­пы­рағы түскені бы­лай тұр­сын, оның бар-жоғын да аң­ғар­май­ты­ны­мыз өтірік емес. Күн­дер өткен сайын көптен танитын доста­рынан, аз уақыт біліс­кен жол­дас­тары асып түс­ті. Олардан келген келелі жәрдем де көп болды. Әсі­ресе, иман­дылықты серік еткен достары. Сол кезде  олармен тек  жұма күні ғана бас қосып, хабар алып тұратынына ұялды да. Ал олар болса жансызданған де­несін уқалап, шаруашылыққа көмек­тесіп, арасында бассейнге де алып баратын. Тіпті, кезек­шілік құрып көмек беретін. Сол кезде олар: «Сен жүргізушіні кешір­сең, Алла саған сан мың­даған сауап жазады», – деп кеңес береді. Ұзақ ойланып жүрген­дегі мына кереметті қараңыз. Бір күні теледидарды қосса музы­калық арнаға біреу қоңы­рау шалып, кешірім сұрап жата­ды. Арнаны ауыстырып еді «Асыл арна» ашылды. Оған көз жүгірт­се үлкен әріппен: «Сен адам­дарды кешіре біл. Сонда Алла сені кешіреді», – деген жазуды байқайды. Не деген сәйкестік десеңізші?! Аспанға қараған күйі Елдос: «Түсіндім, Алла, кештім оны» деп жүргізу­шіге қоңырау шалып, кешірімін біл­дірді.

– Әр күнімді жаппай жат­тығу­мен өткіздім. Көбіне еш­кім­ге еленбей, жалғыз қалғым келетін. Алдымен бар даусым­мен айқайға басамын да, қай­та­дан дайындыққа кірісемін. Уа­қыт өте келе массаж жа­сай­тын Муслима апа келіп, тосын­нан өмірімді өзгертті. Қолынан бал тамған апама айтар алғы­сым шексіз. Өмірге оң көзбен қарап, жаңадан жан­ған үміт шоғының жалынға айналуына себепші болды. От­ба­сыммен ақылдасып, жат­тықтырушы да жалдадық. Артынан ғалам­тордан қарап, әрекетімізді дамыта бердік. Сөйтіп Алла­ның құдіретімен жарты жыл­да-ақ отыруға шамам келді. Жас балаша қуан­ғаным сонша­лық, тұра жүгір­гім келді. Бірақ ол әрекет мүм­кін болмады. Ағамның ақыл­дылығы сонда, әлеуметтік желіге қарап, құ­рыл­ғылардың жобасын сызып, барлық құрал­дарды өзі жасай­ды. Ал оны  сатып алсаң біраз қалтаға салмақ салар қаражат жұмса­лады. Жаппай дайын­дықтың арқасында бойымнан оң өзге­рістер байқала бастады, уа­қыт өте келе өз жемісін берді де. Кейде бас көтере алмай шаршап қаламын. Оңай емес қой, ел бір сағат қана дайын­далса, мен таңғы тоғыз­дан кешкі онға дейін жаттығу жасаймын. Жалыққан кезде өзіме қамшы басып, алға ұмты­латынмын. Ойымда: «Барлығы оқу оқып жатады, жұмыс іс­теп жүреді. Олар жасағанды неге мен жасамасқа? Әлі-ақ отбасылы боласың, оқу оқи­сың», – деген жігер тұрды. Кейін костюм-шалбар киіп, кәсіпкер болып тұрған тұл­ғам­ды көз алдыма елес­те­тінмін», – деп арманға қарай қадам бас­қан сәтін  егжей-тегжейлі сурет­те­ді.

Уақыт өте келе жас сәби­дей жүруге арналған арбаға оты­рып, еңбектеп үйренеді. Кейін өзінен өзгелерді биік қоятын басына «өзі сияқты адамдарға үй жағдайында жаттығу жасау өте қиын екен­дігі» туралы ой келеді, тіпті, көпшілігі жаса­майды да. Өзі секілділерге көмектескісі ке­ліп, әкесіне жаттықтыру және сауықтыру орталығын ашқы­сы келе­тін­дігін жеткізді әрі солармен бірігіп дайын­дал­ғысы келді. Талдықорған қала­сының әкі­міне әкесі барып осы ойды жеткізеді. Ол кісі жақсы ние­тін  қолдап, Қаратал шағын ауданынан 340 шаршы метр нысан береді. Астанадан ем­деліп келе жатқанында “Ер­лік” мүгедектер қоғамы­ның төрайымы Роза Ақжар­қы­нова­ны кезіктіреді. Ол бірден: «Балам, не істеп жүр­сің? Үйде отырсың ба? Жұ­мыс жаса­майсың ба?!», – деп сауалдың астына алады. Сөй­тіп, қанат­танып жұмыс істе­мекке ниет­тенеді. Екінші анасына айнал­ған Роза Ақ­жар­қынованың қасында жү­ріп, көп нәрсе үйренді. Қана­тына қанат біті­ріп жігер­лендірді. Әр басар қадамын бақылап, дұрыс сөй­леуіне, киінуіне мән беріп, ақыл айтудан да аянып қал­мады. Сол кісінің нұсқау­лығымен «Даму» кәсіпкер­лікті дамыту қорынан білім жинақтайды. Бизнес жоспа­рымен додаға түсіп, әуелі Алланың қалауы­мен, 3 млн. теңге грант ұтып алды. Ар­маны әсте орын­далып,  мүм­кіндігі шектеулі жандарға арналған «Асар» фитнес-орта­лығын ашады. Ол жерден бүгінгі таңға дейін 180 адам емделіп, оның 27-і аяқ­тан тұрды. Со­лар­дың қата­рында шаңғыдан Азия чем­пионы Евгений Лёв­кин де бар.

– «Даму» қоры мен «Бола­шақ» қауымдастығының рес­пуб­ликалық «Startup Bolas­hak» байқауына қатысқан 2000 жобаның ішінен  2-орын қан­жығаладым. Енді Алакөл пан­сионатында мүмкіндігі шек­теулі жандардың дем­алуына  жағдай жасап бер­дік. Сол жерде инватакси қызметі де қосылды. Уақыт өте келе Алматы қаласынан хат пен қоңыраулар көп келді. Бізде де «Асар» сынды орта­лық ашыл­са екен деген тілек, ниеттер бар. Сөйттім де Алматы қалалық әкімдігіне хат жазып едім, қала әкімі­нің орын­баса­ры қабылдауына шақырып, ойымның ұнағанын айтты. Қазір 250 шаршы метрлік нысан да тауып бер­ді. Ала­көлдегі құрылыс аяқ­тал­ған соң Құдай қаласа соны қолға аламын, – деп қуа­нышымен бөлісті.

Ендігі кезекте Елдос Қайыр­­­кенұлы Жапонияның Қазақстандағы елшілігінің «Шөп тамыры және адам қа­уіп­сіздігі» атты рес­пуб­ли­калық байқауына қатысуда. Қазіргі таңда сол кон­курстың финалына жол­дама алды. Егер де жеңіске жетсе «Асар» фит­нес-орта­лығы өте қымбат АҚШ, Ита­лия, Қытай, Гер­мания және Ресейден әке­лінетін жатты­ғуға арналған жабдықтарға ие болады. Сон­да мүмкіндігі шектеулі жан­дардың аяқтан тезірек тұрып, ел қатарына қосылуға жағдай туады. Бұл конкурсқа қатысу үшін 2 ай уақыт ке­тіпті. Бір­ден-бір көмек қолын созған облыстық кәсіп­керлік пала­тасының ұжы­мына айтар ал­ғысы шек­сіз. Әсіресе, күн демей, түн демей барлық күш-жігерін сарп еткен сол ұйым­ның мар­кетинг маманы,  ақыл-кеңе­сінен аянып қал­маған Айдана Ратаеваға деген құр­меті ерек­ше. Біз де жігерлі жігітке ақжолтай табыстар мен сәтті сапар тіледік.

Мәулен ӘНЕРБАЙ