Ана мен бала бақыты

Уақыты: 06.08.2016
Оқылды: 1558

Кейбір жандар бір перзентке зар болса, енді бірі ба­ласынан бас тартып жатады. Ата-анасыз қалған жет­кіншек үлкендерден жылу іздеп, жақсы отба­сына тү­суді армандайды. Жанашыр жанды тапқан күннің өзінде әке-шешенің жылуын көрмей өскен­дiктен ба­ланың басқа ортаға үйренуі, жаңа ата-ана­ның да ба­ланы бірден қабылдай қоюы қиын іс. Бұл қиын­дықты жеңе алмаған ерлі-зайыптылардың асы­рап алған баланы керi қайтарған кездері де бар. Осы түйінді шешу мақсатында «Ана үйi» қо­ғамдық қорының жанынан бала асырап алу­шы ата-аналарға арналған мектеп жұмысын бас­тады.  Мұндай ор­талық жуырда Талдықор­ған қаласынан да ашылды.

Бала асырап алуға қолдау көрсету орталығы перзентті болғысы келетін отбасына кеңес беріп, көмек көрсету және балалар үйiне жыл сайын келiп түсiп жатқан ата-анасыз қалған жеткіншектердің санын азайту  мақсатында жұмыс істейді. Аталмыш орталық ҚР Білім және ғылым министрлігінің, «Ана үйi» қоғамдық қорының және Алматы облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының қол­дауы­мен үш күндік семинар-тренинг ұйымдастырды. Оны Алматы және Орал қаласынан келген тренерлер Шынар Наурызбаева және Айгүл Нұрмұқанова жүргізді.

Жастарға қызмет көрсету орталығында өткен шараға облысымыздағы балалар үйлерінің тәрбие­шілері қатысты. Семинарды ұйымдастырудағы мақ­сат – тәрбиешілердің балаға деген жылы қарым-қа­тынасы мен жаңаша көзқарасын қалыптастыру. Осы­ған орай тәрбиешілер өздерін мазалайтын мәсе­лелер, жұмыс барысында кездесетін қиындық­та­рымен бөлісіп, тренерлердің көмегімен оны шешу жолдарына жіті назар аударды. Сондай-ақ, балалар үйіндегі жеткін­шектердің психологиясы, олардың ата-аналарымен жұмыс істеу жайы да жан-жақты сөз болды.

Шараны ұйымдастырушылар отбасы тәрбиесін көріп, кейін балалар үйіне түскен жеткіншектің психо­логиясындағы өзгерістерді арқау еткен «Джон» атты зерттеу фильмін көрсетіп, тәрбиешілер жұмыс тәжіри­бесінде жиі ұшырасатын осынау мәселені де талқыға салды.

Бала асырап алғысы келетiн ата-аналармен жеке жұмыс iстеп, оларды жауапты қадамға дайындау, ба­ла­ларға да психологиялық көмек көрсету де аса маңызды іс. Осы тұрғысында да кеңес алған тәрбие­шілер семинар-тренингтен терең ой түйіп қайтты.