ҚАҒАЗ ҚАЛДЫҚТАРЫ ӨҢДЕЛЕДІ

Уақыты: 06.09.2016
Оқылды: 2863

Бұрындары «Шетелде қоқыстан да қажетті дүниелер жа­са­лыпты» дегенді жиі еститінбіз. Мұндай жұмыс қазір біздің елде де жүзеге асырыла бастады. Іле ауданындағы «Компания В» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі дәл осындай істерді қолға алып, қағаз қалдықтарын өңдеумен айналысуда.

Істің қыр-сырымен жақын та­нысып, жұмыс үрдісін көру үшін зауытқа арнайы бардық. Атшап­тырым аумақта орна­ласқан кәсіп­орында тынымсыз тірлік жүріп жатты. Ішіне енген мезетте-ақ тау-тау болып үйіл­ген қағаз қал­дық­та­рына назар аудардық. Қоқыстар көз алды­мызда қайта өңдеуден өт­кізіліп, әп-сәтте дайын өнімге айналды. Сол заттардан картон, қорап сияқты бұйымдар жасалуда. Өндіріс орнының басшысы Вадим Долгополовтың айтуын­ша, не­гі­зі­нен олар арнайы тап­сырыс бойын­ша жұмыс істей­тін көрінеді. Бас­тап­қы жыл­дары істі аяқтан тұрғызу оңай болмапты. Соған мойымастан тек алға жылжып, жұмысты жан­дан­дыруда талмай еңбек еткен. Мемлекет тарапынан жасалған көмек­тердің де оң әсері тиіпті.

Былтыр «Бизнестің жол карта­сы – 2020» мемлекеттік бағдар­ла­ма­сы аясында 6 пайыз­бен 33 мил­лион теңгеден астам несие алып, жаңа қондырғылар сатып алынған. Қазіргі кезде қағаз шығару үрдісі сол құрыл­ғылардың күшімен авто­мат­ты түрде жүзеге асырылуда. Ал оның тетіктерін арнайы жұ­мыс­шылар басқарады. Мұнда жүзден аса адам еңбекпен қам­тылған. Ба­сым бөлігі жастар және сол өңір­дің тұрғындары. Оларға орта есеп­пен жүз мың теңгеден асатын жа­ла­қы тө­ленеді. Айта кетейік, зауыт­та тәулігіне 20 тонна, айына 750 тон­на­дан астам қағаз өңделеді. Қалдық не­гізінен Алматы қа­ласы және об­лыс аумағынан жинап әке­­лі­неді. Шіл­де айын­да Қыр­ғыз еліне 200 тонна өңдел­ген қа­ғаз экс­порт­тал­ған.

Айта кетейік, кәсіпорынның жұмыс істеп келе жатқанына он бес жылға жуықтапты. Содан бері талай істің басын қайырып үл­гер­ген өндіріс ұжымының бүгінгі тірліктері жаман емес. Оған қор­ша­ған ортаны лас­танудан сақтап, экологиялық жағдайды жақ­сар­ту­ға үлес қо­сып отырғандары дәлел. Кейбір мәліметтерге сүйенсек, егер бір тонна қағаз қайта өңдеу­ден өтсе, он алты ағаш сақталатын кө­рінеді. Сондай-ақ, бұл жұмыс ағаш өңдеуге қарағанда қуат жа­ғы­нан үнемді әрі эко­ло­гия­лық тұр­ғыдан тиімді өндіріс болып та­былады. Сондықтан, аталмыш кәсіп­орынның атқа­рып жатқан жұ­мыстары үлгі тұ­тарлық  деуге бо­лады. 

Айгүл Байбосынова

Іле ауданы.