Кинолог

Уақыты: 27.02.2017
Оқылды: 1899

Ит асырап, оны қылмыстың алдын алуға үйрету–кинолог мамандарының қызметі. Қарлы-боран, жауын шашында итті ізге салып қылмыскерді табу оңай шаруа емес екені анық. Әрі күн-түн демей ел тыныштығын күзеткен жұмыстың біз білмейтін беймәлім тұстары өте көп. Осыған орай кинология қызметкерлерімен жолығып, жұмыстың жай-жапсарын білген едік. Ендеше маманның жауабына құлақ ассақ.

Кинология орталығына ендік. Мекеме алаңында оқтай тізілген  қарауыл. Барлығы әскери тәртіппен. Рұқсатымызды алып, ішке кірдік. Арнайы киім киген қызметкерлер жұмыс үстінде. Ар жағынан арсылдаған иттердің дауысы естіледі. Құдды мекемеге бөтен біреу кіргенін сезгендей. Жұмыс – кіре-берісте орналасқан кезекші бөлімнен бастау алатыны бірден байқалады. Телефон аппаратында отырған жауынгер үздіксіз түскен қоңырауларға жауап беріп, қолындағы рациясымен әлденені баяндап жатыр. Апырай, тынымсыз атқарылып жатқан жұмыстың қыр-сырын бізге кім айтып береді деген ой. Сонымен басшылықтың рұқсатымен инспектор-кинолог, полиция лейтенанты Азамат Исатаевпен жолықтық. Ұзын бойлы нар тұлғалы жігіт. Осы мамандықтың хас шебері екені дене бітімінен ақ көрініп тұр. Азамат ілтипат танытып, кеңсесіне апарды. Әңгімені көп созбай біз де бірден білгіміз келіп тұрған көкейдегі сауалдарды қойдық.   
 – Сіздер итті қалай үйретесіздер, жалпы кинологияға кез келген ит жарай береді ме? Ағамыз да сұрақтарға нақ жауап берді.
– Жоқ, әрине, иттің барлығын ала бермейміз. Тек бұрыннан келе жатқан неміс, бельгия овчаркаларын ғана үйретеміз. Бірақ, неміс иті екен деп асырай бермейміз. Оның өзі іріктелінеді. Мәселен, бізге бес алты күшік алып келеді. Ішінде жарайтыны да, жарамайтыны да бар. Оны анықтау үшін барлығына доп беріп ойнатамыз. Ішінде жылпыңдаған біреуі не екеуі допқа таласа кетеді. Қалғандары қызықпақ түгіл қарамайды да. Яғни, көп қимылдаған итті таңдап, ары қарай үйретуге тырысамыз. Олар да бала сияқты, кішкентай кезінде қалай тәрбиелесең, үлкейгенде солай өседі. Күшікті дайындау да оңай емес, арнайы тәсілдер қолданамыз. 
Бірінші тамақ арқылы үйретеміз. Итті күркесінде аш ұстап, қарны ашқанда қолыңа бір тілім нан алып, бұйрық береміз. Яғни, айтқанымызды орындаған сайын тамақ беріп отырамыз. Сол кезде оған мен адамдардың айтқандарын істесем тамақ береді екен ғой деген түсінік қалыптасады. Бірте-бірте тамақсыз-ақ айтқаныңды істейді. 
Екінші тәсілде доптың көмегіне жүгінеміз. Тамаққа қарамай тек доп десе жанын беретін иттер болады. Оларға бұйрықты доппен істетеміз. Отыр дегенде отырса, жат дегенде жатса ала доп соныкі. Уақыт өте келе қулыққа басамыз. Енді, допты берерде ақырын кішкентай шүберекке далада өсіп тұрған шөпті салып, иіскетіп жібереміз. Ит доптың иісі екен деп ойлайды. Содан кейін допты жасырғандай болып, жаңағы шүберекті тығып қоямыз.  Ит оны иіспен іздеп тауып алып қасында үріп тұрса, қалтаңдағы допты көрсетпей шығарып, сен таптың дегендей алып береміз. Ит ары қарай ойнақтай жөнеледі. Үшіншісі – механикалық. Етке де доп қа да қарамайтын күшікті күштемеске амал жоқ. Оның да ережесі бар. Бұйрықты орындамаса құйрығын тартып, арнайы екі нүктесі болады, соны басып қаламыз. Ит өздігінен отыра қалады. Оның өзін бұйрықтан кейін екі секунд ішінде басып үлгеруің керек. Жанына батқан соң айтқандарыңды екі етпей орындайды. Содан соң өзі-ақ үйреніп кетеді. Ең жақсы тәсіл тамақ арқылы дайындау мен механикалық тәсілдің қосындысы. Екеуімен алдап отырып үйретеміз. Ең соңғысы австриялық тәсіл. Мұнда кликер деген арнайы құрылғы қолданамыз. Итке бұйрық берген сайын әлгіні басып қаламыз. Әр басқан сайын шиқылдаған дауыс шығады. Алғашында аң-таң болғанымен, кейін ол әр басқан сайын отырып, жатып үйренеді. Бірақ, құрылғыны беталбатты баса беретін болсаңыз ит те түсінбей қалуы мүмкін. Оны да екі секунд сайын басып үлгеруің керек. Барлығын меңгергеннен кейін иттерді ізге түсуші, есірткі және жарылғыш заттарды іздеуші деп бөлеміз. Негізі неміс төбеті аталмыш бөлімдердің барлығына жарай береді, бірақ жарылғыш заттарды іздегенде өзіндік қиындықтар туындауы мүмкін. Мәселен, жарылғыш заттар жерде орналасса ит сыймай қалуы мүмкін. Ал мұндай кезде спаниель деген кішкентай иттерді қолданамыз. Бірақ бұл ит ізге түспейді.
Ендігі мәселе тамақтандыру. Тамақ ішудің де өзіндік режимі болады. Су қалауынша алдында тұрғанымен, тамақты жаз айларында екі, қыс мезгілінде үш уақыт береміз.  Оның өзінде, кез-келген ас, я болмаса үйдегі итке берілетін қалдықтар жарамайды. Өздерінің арнайы тағамдары бар. Бір жолы қою тамақ ішсе, келесі жолы сорпа береміз. Тамақтың температурасы 25 градуста болуы керек. Тағы бір ескере кететін жайт әр жауынгер өз итіне өзі тамақ береді. Өйткені ит бір адамға үйренуі керек. Қылмыскерді ұстауға шыққанда да өзің дайындаған итпен шығасың. Күдікті зат табылса кейбір ит үреді, кейбірі құйрығын бұлғаңдатады. Әрқайсысы әртүрлі әрекет істейді. Бір күдіктіні тапқанда ит құйрығын бұлғаңдатып, келесісін іздеп кетуі мүмкін. Ал қылмыскерді ұстау тәсілі тіптен бөлек. Оны тек қожайыны түсінеді.
Ойпырмай, расымен ит үйретудің біз білмейтін беймәлім тұстары өте көп екен. Баяғыда ата-бабаларымыз «әр таудың түлкісін әдісін білген тазы алар», – деуші еді. Сол тәмсілдің шындық екеніне енді көзім жеткендей. Иттердің де өзіндік түсіндіру әдістері бар екен ғой. Таңғаларлық жайт. Келесі сауалымызды жұмыстарыңызға кеңінен тоқталсаңыз, ең бірінші қылмыстың алдын алу қай жерден басталады, төтенше жағдай туындағанда сіздер қалай және қандай әрекет істейсіздер деп сұрадық. Ағамыз әңгімесін әрмен қарай жалғады. 
– Кинологтар жедел топпен бірге күнделікті қарауылға түсеміз. Қылмыс болған кезде ең бірінші хабарлама ішкі істер департаментіне келеді. Кезекші бөлім жауынгерлерге дабыл беріп ескертеді. Бірнеше минут ішінде жылдам киініп, қызметтік итімізді алып қылмыс орынына аттануымыз керек. Оның үстіне сыртта кеттік деп тұрған көлік жоқ. Әрі із кесуші, әрі жүргізуші өзіміз. Жылдамдатып жолға шығамыз. Енді осы жерде ескере кететін бір жайт, өзіміз асығыс-үсігіс келе жатқанда кейбір жолдағы жүргізушілер көліктің дабылына аса мән бере бермейді. Тіпті, кептеліспен тұрып қалатын да кезіміз болады. Одан кейін бағдаршам. Біз бағдаршамның қызыл түсіне тоқтайтын да тоқтамайтын да кезіміз  болады. Яғни, қылмыс бірнеше күн бұрын орын алған болса бағдаршамның қызыл түсіне тоқтаймыз. Ал егер оқиға сол күні орын алса бағдаршамның қызыл түсіне өтуімізге тура келеді. Өйткені,  қылмыстың ізін суытпауымыз керек. Қылмыскердің қашқанына үш сағат өтіп кетсе, итке із алу қиындау болады. Кейде үйіне бірнеше күн қонбаған адамдар қылмыс болды деп шақырып жатады. Біз келгенше өздері үйдің ішін аралап, не тоналғанын тексеріп қояды. Ал, ит қылмыскерді ең соңғы ізімен іздейді. Сол үшін де уақыт жоғалтып жатамыз. Соңғы ізбен еш айғақ таппаған соң итті сыртқы іздерге саламыз. Кейде қарлы-боранда, жауын-шашында іздейтін кезіміз болады. Бірақ табиғаттың қолайсыз күндері адам ізін, бірде су шайып кетсе, енді бірде қар басып, ит таппай қалып жатады. Осыған қарапайым халықтың кейбіреулері итпен келіп таппай кетті деп ренжіп жатады. Алайда оның да ел білмейтін қырлары бар екенін айта кеткенді жөн көріп отырмын. Негізі ит ізді жауыннан соң жақсы алады. Себебі адамның басқан ізінің иісі жоғарыға көтеріледі және батпақта қалады. 
Міне біздің мақаламызға арқау болған мәлім де беймәлім дегеніміз осы. Мәлімі ит  иіспен қылмыскерді іздеуі, беймәлімі иттің иісті соңғы ізбен іздеуі және оқиға үш сағаттан асып кетсе, қылмыскерді табу қиынға түсетіндігі. Өздері көлік жүргізіп, бағдаршамның қызыл түсіне тоқтауы да бізге белгісіз қырлары. Иә, ауа райының қолайсыздығына қарамай басын қатерге тігіп, қылмыскерді табу үлкен ерлік. Осы тұста ағамыздан жұмыс барысындағы басынан өткен ерліктерін айтып беруін сұрадық.
Барлығы біздің міндет болғандықтан ерлік деп айтуға келмес. Әйтсе де басымнан өткен оқиғаны баяндап берейін. Бірде Еңбек ауылынан төрт жылқы ұрланды деген хабар келіп түсті. Жалма-жан киініп, итімізді алып бардық. Ұрлық болғаннан кейін қожайындары қораға кіріп, қанша ат жоғалғанын тексерген. Сондықтан итке із алу қиын болды. Қуанышымызға орай ит қателеспеді. Қылмыскердің ізін тауып, сонау Еңбек ауылынан Талдықорған қаласында орналасқан №25 мектеп жақтағы ат қамалған үйге дейін алып келіп, жылқыларды тапқан болатын. Енді бір ескерте кететін жайт ұрлық, қылмыс болған жағдайда дереу бізді шақырып, тоналған жерге көп адамды кіргізбеуге тырысу керек. Міне, осыны назарға алсаңыз ертеңгі күні бізге де қылмыскерді табу оңайға түседі.
Иә, басымызға іс түссе байбалам салып, «не тоналды, не жоғалды» –  деп үйді аралап кететініміз рас. Осының кесірінен ит іздің иісін ала алмай қалады екен. Сақтықта – қорлық жоқ. Мамандардың айтқанын есімізден шығармауымыз керек шығар. Мұны білу қарапайым халыққа да керек екені хақ. Осыдан кейін ағамыздан ерліктерін қалай бағаланатынын сұраған едім. Маман бұл біздің міндетіміз деп байсалды  жауап қайырды.

Түйін: 
Міне, өз саласының шебер маманы Азамат Исатаев кинологияның қыр-сырын тарқатып берді. Осы әңгімеден кейін бұл қызметтің ішкі қырларының бедерлене түсетіні анық. Біз де маманның істеген ісі мен берген жауабына ризалығымызды білдіріп, халыққа айта жүрер біраз ой түйіп қайттық.

Айдар Қалиев