КӨПКЕ ҮЛГІ ӘУЛЕТТЕР облыс әкімінің қолынан жүлде алды

Уақыты: 18.06.2016
Оқылды: 2475
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Асқар таудай ӘКЕ, мөлдір бұлақтай АНА, жайқалған құрақтай БАЛА отбасының негізгі өзегі. Отанның өзі отбасынан басталатындығын ескерсек, қоғамдағы әрбір әулеттің еліміз үшін қосар үлесі зор. Ал олардың арасындағы әулетті, сәулетті, дәулетті отбасылар қашанда өзгеге үлгі болуы тиіс. Олар – қоғамның айнасы іспеттес. Мұндай отбасылар біздің облыста көптеп кездеседі.

Басына тақиясын, үстіне шапанын ілген ақсақалдар, ақ жаулықты аналар балалары мен немерелерін жетектеп келіп, Мәдениет сарайының ішін нұрландырды. Оларға қарап ұрпақ сабақтастығының түзу жолын бірден аңғарасыз. Өмірдің қызығы мен қуанышын осы жандарға қарап бірден білуге болады. Бір қарағандағы көрініс жүрегіңізге ерекше сезім сыйлайтыны жасырын емес. Жас та болсақ, болашақта осындай шаттықты шаңырақ атануға ниет етеді екенсің. Бұл – жақсылықтың нышаны.

Жалпы, «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауына былтыр облыс бойынша 241 шаңырақ қатысқан болатын, биыл 255 отбасы бақ сынады. Облыстағы үздік шыққан керегесі КЕҢ, терезесі ТЕҢ мерейлі отбасыларды облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ құттықтады.

– Құрметті жетісулықтар! Ұрпақ сабақтастығының негізіне айналған мерекеде бас қосқанымызға өте қуаныштымын. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен өткізіліп отырған «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының мәні мен мағынасы өте тереңде. Отбасы – мемлекеттің бір бөлшегі. Ал соны ары қарай нығайту, қоғамда отбасы құндылығын дәріптеу, өскелең ұрпақты ізгілікке тәрбиелеу, халықты шексіз сүю, қасиетті қара шаңырақты құрметтеу – баршамыздың парызымыз. Дана халқымыз «Ұлы жол үйдің табалдырығынан басталады», – деп айтуы да тегін емес. Баланың елге, жерге, Отанға деген құрметі үйдің алтын босағасынан басталады. Тәуелсіз еліміздің әр шаңырағына береке-бірлік, бақыт пен шаттық тілеймін. Мәңгілік Елге бастайтын ең абыройлы, ең мәртебелі жолда ұлағатты да үлгілі отбасыларымыз көп болсын, – деді облыс әкімі Амандық Ғаббасұлы.

Облыстық және аудандық комиссиялар үздік отбасыларды айқындау туралы шешім қабылдау кезінде отбасы мүшелері жеткен жетістіктерінің саны мен маңызы, ата-аналарының, балаларының үлгі тұтарлықтай жетістіктері, әулеттің өмір сүру салты, отбасының қоғамдағы беделі басшылыққа алынды. «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» болған отбасылар суырылып алға шықты. Оларды салтанатты марапаттау кезінде I дәрежелі дипломды әлемге танымал суретшілер династиясы – талғарлық Ақанаевтар отбасына облыс басшысы Амандық Ғаббасұлы табыс етті. Отағасы – Амандос Атибекұлы Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, әдебиет және көркемөнер саласы бойынша мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. Ал отанасы – Нэлли Витальевна мен балалары – Руслан, Ботакөз және немерелері де қылқалам шеберлері. Бұл әулет облыс әкіміне өздерінің туындысын естелікке сыйға тартты. Дәл осындай диплом Қапшағай қаласында тұратын көп балалы отбасы Угничевтарға тапсырылды. Олар өз балаларымен қатар ата-ана қамқорлығынсыз қалған 17 баланы бауырына басып отырған мейірімді отбасы. Бірінші орынның тұғырынан көрінген қос шаңыраққа 1 миллион теңге және естелік сыйлықты облыс әкімі өз қолымен табыс етті. ІІ орынға Еңбекшіқазақ ауданынан келген Шоқпаровтар, Ұйғыр ауданынан Бағбаевтар мен Сарқан ауданынан Біліскелдинов­тар көтерілді. III дәрежелі дипломды ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүлеймен табыс етті. Бұл жүлделі орындар Қарасай ауданынан Мамедовтар отбасына, Ескелді ауданынан Мейірбековтер отбасына, Талдықорған қаласынан Қожахметов­тар отбасына бұйырды.

Жеңімпаз атанған Ақанаевтар отбасы мен Угничевтер отбасы облыс атынан Астана қаласында өтетін Ұлттық конкурстың республикалық кезеңіне қатысады. Сондай-ақ «Мерейлі отбасы» конкурсына қатысқаны және өнегелі құндылықтарды жаңғыр­туға, отбасы мен некенің жағымды үлгісін таратуға, отбасы мәртебесін арттыруға қосқан үлес­тері үшін бірнеше отбасы облыс әкімі Амандық Ғаббасұлының Алғыс хатымен және ақшалай сыйлықпен марапатталады. Осылайша, елдігімізді білдірер, ұрпаққа үлгі-өнеге ретінде ұсынар тәрбиелік мәні зор дәстүрлі ұлттық байқау әділ қорытындыланды.

Амандос АҚАНАЕВ,

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері:

– Өз басым Талдықорғанға келмегеніме 5 жылдай уақыт болыпты. Бүгін қатты қуанып тұрмын. Қала мүлде өзгеріп кеткен. Мен бұл жерді «Қазақстанның эрмитажы» деп атар едім. Мұның барлығы Елбасы саясатын қолдап, оңтайлы іске асырып отырған Амандық Ғаббасұлының еңбегі. Ал «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының отбасыларға берері көп. Енді біз алдағы уақытта облыс намысын қорғауға Елорданың төріне барамыз. Бізге сенім артып, менің отбасымды құрметтеп жатқандарыңызға ризамыз. 

 

Несіпбала МЕЙІРБЕКОВА,

алтын құрсақты ана:

– Отбасы – әркімнің шағын ғана мемлекеті. Оның амандығы, бірлігі, татулығы өзің үшін де, қоғам үшін де маңызды. Ал бүгінгі «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауына қатысып отырған әрқайсымыздың шаңырағымызға қарап басқалары бой түзеуі керек. Бізден үлгі алулары тиіс. Отбасылық құндылықты насихаттау жолында Елбасының көрегендігін айтпай кету мүмкін емес. Қысқасы, біздің жеткен жетістігіміздің барлығы да тек Тәуелсіздігіміздің жемісі. Ұлт Көшбасшысына, облыс, аудан әкімдеріне отбасымның атынан аналық алғысымды білдіремін.

 

Бүркітбай ФАЙЗУЛЛАҰЛЫ,

атақты құсбегі:

– Шаңырақ үнемі шаттыққа толы болғанда ғана одан ұлықты ұлдар мен қылықты қыздар тәрбиеленіп шығады. Кез келген ата-ананың алға қойған мақсаты да осы емес пе? Біздің ұлттық құндылықтарымызды насихаттайтын, оларды ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін де осы отбасы мүшелері. Біздің осындай отбасылық қасиеттерімізді елеп-ескерген басшылыққа айтар алғысым зор. Әрбір отбасы – мерейлі де мәртебелі болуға лайықты. Ол үшін қағылған қазықтың берік болғаны маңызды.

 

Еңлік САҒЫНДЫҚОВА