Қаламгер феномин

Уақыты: 03.07.2017
Оқылды: 1231
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Нұрлан Оразалин туралы жазу әрі оңай, әрі қиын. Оңай болатыны – он томдық шығармалар жинағы бар ақын-жазушы жөнінде дерек іздеп қиналмайсың. Көсіп ал да, көсіле бер. Қиын болатыны – көсіле жазамын деп көпірте беруге де болмайды. Тағы бір қиындығы – елге белгілі адамның белгісіз қырларын табу немесе оны жұрт білмейтін жаңа қырынан тану. Маған әсіре қиын болатыны – алаулаған албырт жастық шақты бірге өткізген, бүгінде жетпістің төріне желпіне шыққан қаламгер досым туралы асыра да, жасыра да айтпай, дос көзінше һәм оқырман алдында мейлінше әділ, адал болу. Содан Абай айтқандай, өз «жүрегімнің түбіне терең бойлап», бұра тартпай, тура тарттым. Абай қателеспесе керек, жүрек алдамаса керек. 

 

1. Мұқағалиды сағыну

Ақын болсаң алмас бол тайпалмаған,
Сен айт менің ойымды айта алмаған.
Мұқағали МАҚАТАЕВ 

Мұқағали Нарынқолға жүретін автобусқа билет алып, шеткерірек шыға беріп еді, бір жас жігіт амандасуға асықты. Еті тірі екен. Сөйлескісі кеп, емініп тұр. Мұқағалидың: «Қарағым, қай баласың?» – деген сұрағына: «Аға, сіз мені танымайсыз. Мен Ұйғыр ауданындағы Үлкен Диқан ауылының баласымын. Нұрлан Оразалин деген ініңізбін. Биыл ғана оқу бітірдім. «Қазақстан пионері» газетінде әдеби қызметкер болып істеймін. Ауыл жаққа іссапарға шыққан бетім, аға», – деп тақылдай жөнелді.
– Ой, пәлі-ай, уақытың бар ма еді? Олай болса, жүр, бабамыздың жатқан жерін көрсетейін. Автобусқа үлгереді екенбіз ақыры, – деді ақын аға.
Мұқағали Нұрланды бұралаңдаған тас жолдың бойындағы бір биіктеу жерге алып келді. Көгалды жер екен. Жартылай жерге кіріп, жарбиып жатқан көк тастың қасына жақындап келді де, басын иіп тұра қалды.
– Міне, Райымбек бабаңның жатқан жері осы!
– Өй, аға, осы ма? Батыр бабаның сүйегі осында жатыр ма шынымен?!
– Иә, қарағым, жазуын көріп тұрсың ба?
– Көріп тұрмын, аға, «Райымбек Хангелдіұлы» деп жазыпты.
– Көрсең, сол... Бірақ, Райымбектің әкесі – Түке. Хангелді – атасының аты.
Мұқағали бір күрсініп алды: 
– Апыр-ай! Әділдік орнауға тиіс қой. Қазақтың жер жаннаты Жетісуын жаудан тазартқан қайран бабамыздың басына қалың қазақ жасқанбай келіп, Құран бағыштар күн қашан туар екен?..
Есіне бірдеңе түскендей, ақын інісіне бұрылды:
– Ал, бала, сен бөгелме, маған қарайламай, жүре бер. Мен біраз аялдаймын. Бабаңның жатқан жерін көрдің, басқаға да айта жүр. Мына нәрсе есіңде болсын: түбі осы жерге үлкен ескерткіш орнайды.
Осы сәт те, Мұқағалидың көрегендікпен айтқан сол сөздері де Нұрланның есінен мәңгі кетпейді. 
Ақын ағасымен тағы бір кездесіп қалғанында: «Бала, біліп жүргін, батыр бабамыз жайлы тамаша дастан жазып жатырмын», – деп еді ол күлімдеген көзінен ұшқын атып. Сонда ұлы ақын «Райымбек! Райымбек!» атты толғау-дастанын жазып, үлкен толқыныс үстінде жүрген екен ғой.
Араға екі жыл салып, жиырма бес жасар Нұрлан мәдениет министрлігінің репертуарлық-редакциялық коллегиясына редактор болып тағайындалды. Өзінің де драматургияға қатты қызығушылық танытып жүрген кезі. Қызығы мен шыжығы мол жұмысқа құлшына бас қойған.
Бір күні белгілі автордың жаңа пьесасын оқып отырғанында Мұқағали ағасы күлімдеп кіріп келді.
– Бастық бала, қалайсың, мына маған, жаман ағаңа, бес минут уақытыңды бөлесің бе? – деді өзімсініп. Нұрлан орнынан ұшып түрегеліп:
– Ой, аға, сіз дегенде уақытпен санасамыз ба? Сіздей «жаман ағаларым» болса, мен де жаман болмаспын! – деді күле сөйлеп. Мұқағалидың үлкен басын кішірейтіп өзін іздеп келгеніне мәз болып, қуанышын жасыра алмай қалды. 
Амандық-саулықтан кейін ағалы-інілі екеуі ұзағынан отырып сырласты. Сонда Нұрлан Мұқағалидан: «Батыр бабамыз жайлы дастанды бітірдіңіз бе?» – деп сұраған. Ол өкінішпен басын шайқап: «Бітіре алмадым. Бітіргеннің өзінде оны бастыруым қиынға соғады, қызталақ! Бұларың оны жұлмалап шығаратыны белгілі», – деді. «Бұларың» дегені баспадағы әлдекімдер болса керек. Нұрлан: «Қап, ақын ағамның жан жарасының аузын тырнап аршығандай болдым-ау», – деді іштей. «Қапа болмаңыз, аға, сіздің жазғандарыңыз тартпада жатып қалмайды. Шығармаларыңыз «шаң басқан архивтерден» емес, оқырманы үзілмейтін кітап сөрелерінен табылады», – деп жұбатқан болды. 
Сөзден сөз шығып, Мұқағали Италияның ұлы ақыны Данте Алигьеридің «Құдіретті комедиясы» туралы қызықты мағлұмат беріп, оны қазақшаға қалай аударғанын әңгімеледі. 
– О баста Дантенің бұл шығармасы «Комедия» («La Commedia») деп аталатын. Ұлы ақынның шығармаларына тәнті болған халқы кейіннен оны «Құдіретті комедия» деп сүйіспеншілікпен атап кеткен. Итальянша – «La Divina Commedia», орысша – «Божественная комедия». Дұрыс-бұрыстығын қайдам, мен оны «Құдіретті комедия» деп аудардым. 
Мұқағали бір сәт ойланып қалды да, бейне бір алысқа көз тіккендей, бір нүктеге тесіле қарап:
– Мен «Тамұқ» деген бөлімін тамамдауға жақындағанда, басқа бөлімдерін де тәржімелеуге одақтан көмек сұраған едім, ешкім пейіл танытпады. Содан нешеме жылдан бергі атқарған негізгі жұмыс аяқсыз қалды, – деп мұңын шақты.
– Аға, сіз неге осындай күрделі шығарманы тәржімелеуге құмар болдыңыз? – деп сұрады Нұрлан ақырын ғана. 
– Е, інім, ақыннан: «Сен неге ақынсың?» – деп сұрарың бар ма? Оның сыры тереңде ғой. Неге екенін білмеймін, Дантемен рухани туыстық, керек десең, сыртқы түр ұқсастығын да таптым өзімше. «Құдіретті комедияны» аударсам, мен де құдіретті күшке ие болатындай сезіндім.
 Мұқағали басын төмен салып, бір уақыт үнсіз қалды. Сосын басын әнтек көтеріп, Нұрланға риясыз көңілмен:
– Бастық бала, түбі сен министр боласың, – деді жымиып.
– Ой, аға, қызмет деген қолдың кірі емес пе, маған шығармашылықтан артық не керек? – деп күлді Нұрлан.
– Олай деме, бастық бала, мен бірдеңе білсем, сенің қолыңнан ақындық та, әкімдік те келеді, – деді сонда Мұқағали ағасы.
Сол кездесуде ашыла сөйлеген ақын өзінің соңғы кезде прозаға ден қойғанын, драматургияға да барып, «Қош, махаббат» атты пьеса жазып жүргенін де там-тұмдап жеткізіп еді. 
Ақын өлімі оған ашық күндегі найзағайдай әсер етіп, қатты есеңгіретіп жіберді.
Араға бір ай салып, есін жиғандай болғанда, сәуірдің таңғы салқынында «Мұқағалиды сағыну» атты өлеңі дүниеге келді.
Көктем де келер,
көгеріп дала деміккен...
Көңілі шарқ ұрып желігеді. Көз алдында жарқ-жұрқ еткен киноның таспасындай түрлі елестер көлбеңдейді. Көк аспан қарадан-қарап шатынайды. Көз жауын көркімен алып, қырқаны қырмызы көміп жатыр. Жоғарыда тырналар қалқыса, төменде жылғалар балқиды.
Көктем де келер деміккен...
Ғажап!.. Қанатын жайған аппақ құс бұла сезіммен буыршын тауды құшақтайды. Қаңқылдап-сұңқылдап, жоғары-төмен ұшқан қаз-үйрек тұнық көлді шулатуда.
Қанаты көкті пышақтап,
Көктем де келер...
Құс аппақ...
Табиғат тойын базарлап, қабырғасы қайысқан қара ағаш, емендер құрысқан бойын жазуда. Жусан. Алма ағаш. Шие. Өрік. Жұмақ бағындай қозғалып, шыршаның ұшы бозданып, көңілдің төрі қозданып, көк пен жердің арасы да, халқы да өз перзентін іздейді. Көк аспан да, көз де жәудірейді.
Ақ маңдайы жарқыраған ақыны сүйген бозала таңда боз Алатауға тіл біткендей. Бауырын аңсаған Нұрғиса көкесі көзіне түскен шашын артқа сілкіп тастап, керемет бір саз арнайды. Айналаның бәрі тұтас оркестрге айналғандай.
Көктем де келер деміккен,
Тамырды, бойды еріткен...
Ой-ой!.. Бүкіл қазақ жері – Іле мен Есіл, Ертіс пен Жайық толғанып, Алатау, Алтай қысқы жеріктен сілкініп оянғандай. Бір ұлы махаббат сағыныш болып сөйлейді.
Сөйлетіп жасыл бау ішін,
Сілкілеп түнгі тау ішін.
Биыл да...
Ертең...
Ертең де...
Сағынған қырға
Жетеді сенің дауысың.

Көктеммен бірге
Арнасын сулар тепкенде,
Армансыз жаңбыр төккенде,
Қайыра қаздар жеткенде,
Қуаныш, мұңға шомылып,
Жер басып жүрген көп пенде
Ойлардан азап шеккенде...
Сенемін, аға, келесің,
Келесің ылғи көктемде...
Осылайша сағынышын жырмен төккен Нұрланның өкініші – оның өзі арнайы өтініш қылмаса да, ақын ағасына қол ұшын бере алмауы. Мейлі, ақынның «Райымбек! Райымбек!» толғау-дастанын аяқтауына, «Құдіретті комедияны» толық тәржімелеуіне көмек бере алмасын (алайда, қанша жерден «бастық бала» болса да, оны істеу қолынан келмес еді). «Қош, махаббат» атты пьесасы туралы айтқанда, неге соған жармаса кетпеді? Неге дер кезінде оның қойылымын ұйымдастырмады? 
Әрине, бұл осы күнгі ойлары ғой. Ақын ағасына деген ақ, адал ниеті. Әйтпесе, Мұқағали інісіне базына айтып, көмек сұраған емес. Бар болғаны Нұрланды жақын тұтып, сырын айтты, шерін тарқатты. 
Асылы, ақын ағасымен сол сирек кездесулерінің өзі Нұрланның жүрегіне нұр құйған екен. Шабыт нұрын, бақыт нұрын.
Мұқаңның өзінен әлдеқайда жасы кіші мұнымен терезесі тең адамдай әңгімелесуі, сырласуы нені білдіреді? Кішіпейілдігі, қарапайымдылығы сол. Ойпырмай, бұған «Бастық бала» деп лақап ат қоюының өзінде үлкен мән бар емес пе еді?! «Бастық бала, түбі сен министр боласың» деп әзілдеп айтса да, астарында көріпкел ой жатқаны ғой. Тура Мұқаң айтқандай, министр болмаса да, үлкен қызметке көтерілері шындыққа айналған жоқ па? Қос тізгінді – ақындықты да, әкімдікті де қатар алып жүретінін жазбай таныған жоқ па? Әулиелік емей не сол? 

2. Шырақ жанған күн

Театр – сымбатты өнердің ішіндегі ең зор өнердің бірі.
Мұхтар ӘУЕЗОВ

Нұрланның «Шырақ жанған түні». Аншлаг...
Зады, ол заманда аншлагтарға көз үйренген кез еді ғой. Бірақ, «бұл ән бұрынғыдан өзгерек» дегендей, «ТЮЗ» атанып кеткен әйгілі жастар театрында мынадай аншлагты бірінші көруіміз. 
Зал аузы-мұрнынан шыға толы. Араның ызыңындай гуілдейді. Сыбыр-сыбыр, күбір-күбір. Арасында әлдебір еркектердің әлденені айтып гүжілдеген даусы да, жеңіл әзілге әсерленген жас әйелдердің сыңғырлаған әсем күлкісі де естіледі.
Спектакль басталып та кетті. Гу-гу сап тыйылып, зал сілтідей тынды.
Жас отбасының тағдыры. Махаббат коллизиясы. Үйлесімді, елге де үлгі, «қағанағы қарқ, сағанағы сарқ» дейтіндей-ақ екі жас құрған отаудың шырқын кездейсоқ телефон шылдыры бұзады. Кеудесіне қызғаныштың сумаңдаған шұбар жыланы кіріп алған Сағын есімді еркек мастықтың буымен әйелін орынсыз жазғырады. Арақтың күші қойсын ба, екіленіп алған ол жары Нұргүлдің ақталғанына қарамастан, адалдығына күмәнмен қарап, жаман ойымен жанына жара салады. Ерінің еш себепсіз кінә артқанына қатты ренжіген Нұргүл түн ішінде үйден шығып кетіп қалады.
Ерлі-зайыптылардың арасында жиі кездесетін етене таныс жайт. Оралып соққан қатты дауылдай осындай даулы оқиғалардан кейін қаншама жас отбасылардың шаңырағы шайқалып жатады?
Байқаймыз, зал ішін тарта: «Арты не болар екен?» – деп аңдысын аңдып отыр. Түрлері сүп-сүйкімді екі жасты жамандыққа қимай отырғаны сезіліп-ақ тұр. «Ойпырай, екеуі ажырасып кетер ме екен?» – деп қыпылдап отырғаны анық. «Мына Сағын дегенің дөрекі екен ғой өзі. Жарын сүйетіні рас па бұл бейбақтың? Шын сүйетін болса, еш кінәсі жоқ, пәк Нұргүлді оп-оңай кінәлауы қалай?» – деген ой дүйім жұрттың басына келгендей. 
Келесі сәтте жан-дүниесі ойран болған Нұргүл ойламаған жерден Таңат есімді бейтаныс жас жігітті жолықтырғанда көрерменнің «Алда, құдай-ай!» деген өкінішті үнін өз құлағымызбен естігендей болдық. Егер мына мінезі қызық жігіт Нұргүлді кәдімгідей еліктіріп әкетсе, не болғаны? Онсыз да жоқ жерден тұтанған қызғаныштың оты шоқ үрлегендей лап қоймай ма, сөнуі қиын үлкен өртке айналмай ма? Отбасылық дау-жанжалдың көкесі сонда болмай ма? Сүттей ұйып отырған жас отбасының шаңырағы ортасына түспей ме, абыройы айрандай төгілмей ме?.. 
Жо-жоқ, абырой болғанда, Таңат отбасының шырқын бұзатын оңбағандардың қатарынан емес екен. Өзін «марстық» көретін бұл жігіт әйелге әйел деп қарамайтын қиялилау біреу боп шықты. Әрі-беріден соң ол көрерменге сүйкімді боп көрінеді. Бара-бара, шын пейілі ашыла түскен Таңаттың залда отырған күллі көрерменге қарата: «Мен барлығыңызды жақсы көремін!» деуі оның риясыз, періште көңілін паш етеді. Еріксіз «Жарайсың, жігітім!» – деп шапалақ соғасың! 
Спектакль соңында Сағын көршісімен әңгімелесіп отырғанда, отбасылық кикілжіңге себепкер болған «қаскөй», яғни, әлгіде телефон соққан белгісіз адам анықталады. Сөйтсе, ол Сағынның қасындағы көршісі екен. Мәссаған, безгелдек! Сонда ғана Сағын қызғаныш сезіміне бекер бой алдырып, өзінің оңбай қателікке ұрынғанын түсінеді.
Ақыр соңында, не керек, Сағын мен Нұргүл бір-бірін жоғалтып ала жаздап, қайта табысады ғой. Өздері аяқ астынан айырылып, опық жей жаздаған отбасылық өмірмен қайта қауышады. 
Махаббат коллизиясы шешілді. Жұрт «үһ» деп күрсіне дем алып, отырған орнында қозғалақтап кетті. 
Байқаймыз, көрермен бағанадан бері барлық шарттылықтарды ұмытып, театр сахнасын емес, шын өмірдің сахнасын бақылап отырғандай. Ол ненің әсері? Жалпы, бір қарағанда, сюжеті тым қарапайым көрінетін осы спектакльдің көрерменді магниттей тартып отыратын қасиеті неде? Спектакльдің өмірден ойып алғандай шынайылығы ма? Әлде актерлердің шеберлігі ме? Мүмкін, режиссердің мықтылығы шығар? Әй, үшеуі де бар-ау. Шынында да, театр деген бір құдірет қой!
Ақындық ауылынан аздап алыстаса да, театр өнерінен орасан зор қуат алған Нұрлан өзін талантты драматург ретінде танытты. «Шырақ жанған түн» пьесасы қазақ театр өнері үшін қаншалықты елеулі құбылыс болса, Нұрланның өнердегі өз өмірі үшін де соншалықты үлкен, маңызды кезеңнің басына айналды. Осы сәттен бастап өнер өлкесін жағалаған Нұрлан Оразалин театрдың белгілі қайраткері санатына қосылды. 
«Шырақ жанған түннің» алғаш тұсауы кесілген күн – Нұрланның шырағы жанған күн.

3. Өмірге ғашықтық

Өлең – адам ойы мен сезімінің 
тұңғиық сырларын тербейтін мәңгілік пен 
шексіз қозғалыстың құдіретті көзі.
Шыңғыс АЙТМАТОВ 

Беймаза көңіл...
Ақынжанды адамның көңілі қашанда мазасыз. Алаңсыз, беймарал көңілден жақсы жыр да шықпасы анық. Беймаза көңіл – тынымсыз ойдан. Буырқанған өмірдің ортасында жүріп, ойдың тыным табуы мүмкін бе? Сірә да, жақсы жыр жазу үшін «өмірге өле ғашық болу» керек.
Өмірге мынау, өле бір ғашық болмасаң,
Өлең де, жыр да, болмас ән.
Өзегің толған кезде егер
Шалғынды кешіп,
Шашаны шыққа шалмасаң,
Аязда, қарда тоңбасаң, 
Сүймесең желді,
Мінбесең жүйрік,
Көрмесең тауды, даланы,
Бұрқылдап ізде – жолда шаң
Өмірге мынау
Өле ғашық болмасаң...
Философиялық трактат тәрізді терең оймен өріліп, қазақы ою-өрнектей көркемдікпен кестеленген осындай өлең жолдарымен поэзия есігін айқара ашқан Нұрлан жырдан жырға, жинақтан жинаққа («Беймаза көңіл», «Көктем көші», «Жетінші құрылық», «Адамзатқа аманат», «Құралайдың салқыны», «Ғасырмен қоштасу», «Сырнайлы шақ», «Жүрекжарды», «Жасыл от», «Қоздағы шоқ») өсу үстінде болды. Ол өсу ғашықтық жырлардан ғарыштық жырларға өсу еді.
Қара нөсер төгеді көктен құйын, 
Қара аспанның көңілі кеткен бе иіп?!
Жүрегім елеңдейді жиі-жиі, 
Найзағайлы ғарышым неткен биік?!
Ақын жанын мазалаған «қайдағы ойлар» оны Жерді былай қойып, сонау биіктегі Айдың төріне бір-ақ апарады.
Көтерсе, көтерсін... Несі бар?!
Бір көріп қайтайын мұңды Айды.
Адамдар жердегі есі бар,
Айдағы дауысты тыңдайды.
Ақын қуанса, шын қуанып, мұңайса, шын мұңаяды. Оның бір жырдан екінші бір жырға көшіп отыратын лирикалық кейіпкерінің жан-дүниесіндегі толқыныстар ауыл, аймақ, керек десеңіз, кейде ұлт пен ұлыс шекарасынан шығып, жалпы адамзаттық толғаныстар кеңістігіне көтеріледі. Ол аспанмен тілдессе де, жермен сырласса да, бір қызығы, сені досыңмен, ең жақын, ет бауыр туысыңмен сөйлестіргендей, тілдестіргендей ерекше бір халге бөлейді.
Қараңғыға ұмтылады неге ойым?
Қамықтың деп кімді, қалай сөгейін?
Беу, көк аспан, аруақтардың мекені, 
тіл қатшы бір... Тірілерге не дейін?!
Немесе:
Жүрегімді жұлқиды Тәңір сөзі, 
тамырына тығылып қаламұштың... – деген жолдардың бойынан шынайы шабыттан туған қуатты жырға тән қайталанбас қасиеттердің жатқанын қалай ғана аңғармауға болады?.. 
Расында да, Нұрланның жырларында оқырманды жетелеп қана қоймай, ойландырып-толғандыратын бір сиқыр бар. Айтматов айтатын «Оба түбiндегi ой» атты жырдың мынадай жолдарын тебіреніссіз, ойсыз оқу мүмкін бе екен?
Сырласатын емен де жоқ, жоқ қайың,
Менен әлсiз, менен шерлi жоқтайын.
Қара Обаға қараймын да налимын,
Ой-санамды шыжғырардай шоқ дәйiм.
Шумақтың алғашқы жолымен әдетте айнала табиғатпен сырласатын ақындардың дәстүрін еске түсіре кеткен ол өзінің айдаладағы Қара Обаға қарап налитынын паш етеді. Оның мәнісі не? Неге налиды ақын?
Қып-қызыл шоқ...
Көңiлiмде – жан бабам,
найза ұшында болашағын жалғаған,
Қара Обадан қол созардай ашулы
ұрпағына оты лаулап жанбаған, – деп, «елін, жерін найза ұшымен қорғаған бабалардың өсиетіне адалдық танытпадық, сол үшін олар бізге ашулы» дегенге меңзеп, сол себепті налитынын айтады.  
«Мынау Оба қай дәуiрдiң, қай заманның, қай ғасырдың Иесi? Қай ғасырға басымды иiп, қай ғасырға жасымды төгейiн» – деп, үсті-үстіне үстемелеп сұрақ қойған ақын:
Нар тәуекел! Жөнсiз неге жасимын?
Естимiсiң, көкiрегiмде тасиды үн.
Мың-мың жылдық өмiрiмнiң үзiгi,
Беу, қара Оба!
Отымды үрле,
Алдыңа кеп бас идiм, – деп, оқырманның намысын қайрап, ұйқыда жатқан ұлттық руһын шақырады. Тарихтың терең қойнауларынан біраз сыр шерткен ақын енді бірде бүгінгі болмысты суреттейді. 
 «Ой мен сезiм жаңғырып, жиi алмасқан, тiрлiк – арман айдыны, қиял – дастан; көрiп тұрып асқарды көрмеген боп, биiк деймiз төбенi ұялмастан», – дейді ақын. Ойға бірден мұңға батқан Мұқағали оралады. Сонау тоқырау заманында тау тұлғаны көзге ілмей, шікірейген әлдекімдерді «ақын» деп әспеттеуші едік қой. Қайда сол ақынсымақтар? «Шаң басқан архивтерден» табылар ма екен солар? 
Болмашыға адамдар төгедi арын,
Өз атымен айтпаймыз неге бәрiн?
Қарға билiк айтады бұлбұл құсқа,
Күзетедi есiктi неге дарын?
– деп, таусыла сөйлейді ақын. «Рас-ау», – дейсің еріксіз. 
Ең бастысы, осы жырлардың осыдан отыз жыл бұрын, сонау қайта құру заманында дүниеге келгенін есепке алсақ, олардың ешбір ескірмегенін, бүгінгі таңда да өзектілігін жоғалтпағанын аңғарар едік. Тіпті, бұл жырлар күні бүгін дүниеге келгендей, жаңа, балғын көрінеді. Оның сыры неде? 
Бәлкім, ақын поэзиясының мәңгі өзгермес адам табиғатына арналғанынан болар?! Ойлап қарасақ, адам табиғаты – табиғаттың өзі сияқты өзгермейтін, мызғымас, мәңгілік. Адамгершілік бар жерде пендешілік те қалмайды. Арғысын айтпағанда, Аристотель заманында да, Абай заманында да, қай заманда да болсын, тіршіліктің өзі сияқты адамгершілікпен қатар пендешілік те өмір сүрген. Өмір сүре де бермек.  
Айтматов: «Адамдардың танысуы оңай. Оған мына байланыс пен коммуникацияның мықтап дамыған ғасырында таңғалудың еш реті жоқ. Бірақ танысу оңай болғанмен, ой мен ойдың табысуы, пікір мен пікірдің тамырласуы, мақсат-мүдденің сабақтасуы, орайласуы қиын. Менің Нұрлан ініммен арадағы таныстығымның өрісі кеңейіп, мағыналы сипат алғанына, шығармашылық тұрғыда сәтті сабақтастық тапқанына қуанамын», – дейді. 
Демек, Шықаңның өзі мойындағанындай, жазушы мен ақынның ойлары табысып, пікірлері тамырласқан, мақсат-мүдделері сабақтасып, орайласқан. Бұл нені білдіреді? Бұл  адамзаттың ой алыбы саналатын Айтматовқа Нұрланның бір табан жақындығын білдірсе керек.

4. Ар мен ақиқат

Нұрланнан уақыт талантты ақын ғана емес, 
үлкен қайраткерді қоса қалыптастырды.
Әбіш КЕКІЛБАЕВ

Әр нәрсенің өз өлшемі бар. Алдына үлкен мақсат қойған адам Ар мен Ақиқат атты алып өлшемдермен өмір сүрсе керек. Міне, мен білетін, замандастары білетін Нұрлан Оразалин жастайынан осы өлшемдермен өмір сүріп келеді. Ақындық пен әкімдікті қатар алып жүруінің өзінде осындай қарапайым һәм күрделі құпия-сыр бар. Кейде тоғышарлықпен, пендешілікпен: «Бұл өзі мүмкін нәрсе ме?» – деп тырнақ астынан кір іздеушілер оның шығармашылығына, ұйымдастырушылық, басқарушылық, қайраткерлік қабілетіне күдікпен қарайтынын да жасырып қайтеміз? Бірақ түптің түбінде, бұл – бәрін ысырып қойып, Жаратылысқа күмән келтіру.  
Мен білетін, замандастары білетін Нұрлан Оразалин әдебиетті ардың ісі деп біледі. Оны біз тек оның жеке шығармашылығынан ғана байқап қоймаймыз. Ол оның қоғам қайраткері ретінде ұлтымыздың әдебиетіне шынайы жанашырлық танытуынан да анық байқалады.
«Әдебиетте қазір әлемді саралау, болып жатқан оқиғаларды таразылау жүріп жатыр. Бұл – ақталу емес, ақиқат. Сайып келгенде, әдебиетті ғана емес, жалпы рухани әлемімізді, сол санатта өнер мен ғылымымызда сақтаудың, өрістетудің жаңа жолдарын іздеуіміз керек. Бұл – уақыт тудырып отырған қажеттілік. Көркемдік әлемімізді жетілдіру – дамудың, өрістеудің кепілі. Әдебиет – ұлт ойының айнасы. Әдебиетті сақтай алсақ, ұлтты да сақтай алғанымыз», – дейді жазушылар ұйымының басшысы бір сұхбатында. Осы титтей мысалдан-ақ оның қаншалықты терең ой-толғаныста жүретіні көрінеді.   
Асылы, қазақ халқы үшін сөз тағдыры мен ұлт тағдыры – егіз ұғым. Жаһандану жүріп жатқан дәл қазіргі­дей сын сағатта әр жазушы Нұрлан Оразалин сияқты сөз өнерінің алдындағы жауапкершілікті ұлт алдындағы жауапкершілік деп жан-жүрегімен сезінуі тиіс.    
Осыдан үш жыл бұрын Әбіш Кекілбаев Нұрлан Оразалиннің басшылық қызметі туралы былай деген еді: «Және бір ойлайтыным – қазіргі таңда әдебиетке, ұйымды басқаруға, қазіргі әдеби процесті үйлестіруге – координатор болып жұмыс істеуге мэтр керек пе, менеджер керек пе деген мәселе... Бұл шешімі қиын даулы мәселе. Әзірге мэтрге де, менеджерге де бірдей икемі бар, оған жеткілікті мөлшерде өмірлік тәжірибе жинақтап қалған бірден-бір адамымыз да осы – Нұрлан Оразалин. Қысқасы, қазіргі әдеби тіршілікте белгілі мөлшерде еріксіз мойындалған, бәріміздің пайымдауымызда, әдебиеттің үлкен ақиқаттарын түсінетін және түсіндіретін тұлға тағы да осы Нұрлан ғой деп есептеймін. Енді осындай тұлғадан халықтың да күтері өте көп».  
Неге екенін қайдам, маған кейде Нұрланның ұйымдастырушылық, басшылық, әлгі айтқандай, менеджерлік қызметінің ауқымы, әр алуандығы жағынан Мұхтар Әуезовті көзге елестетеді.

Егер біз «Нұрланның феномені не?» деген сұраққа жауап іздер болсақ, бәріміздің де жауабымыз, академик Серік Қирабаев айтқандай, «Нұрлан Оразалин – өз дәуірінің перзенті, уақыт қалыптастырған тұлға» дегенге саяр еді. «Әр дәуір өз қаһарманын тудырады» деген классикалық тұжырым қаншалықты ақиқат болса, біз өмір сүріп отырған дәуір қалайда бір Нұрлан Оразалинді тудыратыны  соншалықты ақиқат.
 

Жақыпжан НҰРҒОЖАЕВ.