ДӘРІГЕРЛЕР МАРАПАТТАЛДЫ

Уақыты: 23.06.2021
Оқылды: 1200
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Ақжелеңді абзал жандардың көмегіне жүгінбейтін, алдынан өтпейтін жан жоқ шығар. Сол себепті,  адамзаттың денсаулығы үшін уақытпен санаспай, қауіп-қатерге басын тігіп қызмет ететін дәрігерлер еңбегін құрметтеу абзал.


Абзал жандардың кәсіби мерекелерімен аудан әкімінің орынбасары Барлық Төреханов құттықтады.

Әрбір мемлекеттің басты байлығы –  оның азаматтары болса, әрбір адам баласы үшін байлық та, бақыт та – денсаулық. Сондықтан да денсаулық мәселесі, оған деген қамқорлық, жауапкершілік ешуақытта күн тәртібінен түскен емес. Коронавирус инфекциясы елімізге дендеп кірген уақытта ауданымызда 28 блок-пост қойылып, сақтық шаралары барынша қолға алынды. Сын сағаттарда ақжелеңді абзал жандар да ел амандығын күзетіп, халық саулығын қадағалады. Пандемияға қарсы күресте табандылық танытқан медицина қызметкерлеріне алғысымызды білдіреміз, – дей келе аудандағы медицина мекемелерінің материалдық-техникалық базасының да жақсара түскенін тілге тиек етті. Атап айтсақ, биылдың өзінде республикалық бюджеттен 8 млн. теңгеге жуық қаржыға заманауи медициналық құралдар алынды. Осы жылы аудандық орталық аурухананы сенімгерлік басқаруға алған "А-Class Medical" компаниясы 169 млн. теңге қаражат салып, халыққа көрсетілетін қызмет сапасын жақсартқан.

Медицина саласының кәсіби мерекесіне орай, ауданның бірқатар қызметкерлеріне аудан әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын аудан әкімінің орынбасары Барлық Әдепханұлы табыс етті.

"Нұр Отан" партиясы аудандық филиалы төрағасының орынбасары Бақыт Күрішбеков те өзінің жүрекжарды тілегін жеткізе келе "Нұр Отан" партиясы облыстық филиалы басшысының орынбасары Гүлнәр Тойлыбаеваның Алғыс хатымен Панфилов ауылдық ауруханасының бірқатар қызметкерлерін марапаттады. Олардың қатарында ауылдық ауруханасының бас дәрігері Тимур Қуатов та бар.

Өткен жылы өршіген пандемия кезінде Панфилов ауылдық ауруханасының медицина қызметкерлері аяғынан тік тұра қызмет етті. Пандемия өршіген тұста 100-ден аса сырқат түсіп жатты. Сол қарбалас шақта дәрігерлеріміз Сергей Ли, Зухра Тілепбергенова, Айжан Есболатова, жас маман Айзат Шайниет, отыз жылдан астам тер төгіп келе жатқан  мейірбикелер Ұлжалғас Шағалақова, Гүлмира Палтиева, Айгүл Ақтауова, Гүлжаһар Қадыровалардың еселі еңбектеріне ел риза болды. Бүгінде мұнда  індетке ілінгендер емделуде. Он дәрігеріміз бар. Десе де, вакцина салынғалы аурудың беті қайтып келеді, – деген Тимур Ақмырзаұлы өзіне табысталған марапаттарың ең биігі – емделушілердің алғысы, ақ тілегі екенін ерекше атады.

Емдеу ісінде елдің ықыласына бөленіп жүрген ауданның ақжелеңді абзал жандарының кәсіби мерекелеріне орай аудандық "Алатау аясында" ансамблі ән-билерін тарту етті.

Ұлбосын ИСАБЕК