Мәскеу – Астана – Бейжің Автожарысы

Уақыты: 11.07.2016
Оқылды: 1415
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Кеше Мәскеудің Қызыл алаңынан аттанған «Жібек жолы – 2016» ралли-марафоны шығысқа шиырлап жол салды. Осымен ал­тыншы мәрте ұйымдастырылып отырған жарыстың биылғы та­лабы өте жоғары. Ресей, Қазақстан және Қытай елдерінің ау­ма­ғын басып өтетін байқауға қа­ты­сушылар айналдырған екі аптаның ішінде 10 мың шақырым қа­шық­тық­ты бағындыруы тиіс. Ең қиыны, оның тең жартысы жоғары жыл­дамдықты қажет ететін арнайы жол­сыз жерлер.

Оқырманға түсінікті болу үшін айта кетейік, ралли – түзу жолда немесе жолсыз аймақтарда өтетін автомобиль жарысы. Дода­ны ұйым­дас­ты­рушылар ең бас­тысы Еуразия мен Африка құ­р­лығында өте­тін бұрынғы ралли-ма­ра­фон­дардан сапасын арттыра тү­су­ді көздейді. Шегіне көз жет­пейтін ұлан-ғайыр даладағы ер­кін­дік, айналаны қоршаған ға­жайып табиғат, жол үс­тін­дегі ес­тен кетпес оқиғалар, жарыс кезін­де бір-біріне бәсекелестік та­ны­та білу – бәрі-бәрі қатысушы­лар­ды ерекше шабыттандырады әрі өт­кен ғасырдың сан асу асқан қилы соқпақтарын сезіндіреді. Адыр-адырды ба­ғындырған сойқан спорт додасы аз зерттелген, беймәлім, қызығы көп жол­сыз жерлерді жарып өтеді.

Мәскеуден шыққан керуен Са­рыарқа төсіндегі Астана арқылы Аспанасты елінің кіндігі Бейжіңге барып тоқтайды. Бүгінде бұл бағыт үш елдің маман­да­рынан да жоғары баға алып қойды. «Жібек жолы» автожарысының басты идеясы ең не­гізгі бес байланыстырушы эле­мент­пен түйіседі. Олар – саяси ке­лісім, бірегей инфрақұрылым, сауда-саттық байланысы, қаржы-валю­талық толқын, әріптестікті нығайту үшін гу­мани­тарлық қарым-қатынас, экономика­лық-мәдени өзара сенім. Жарысқа Ресей­дің Спорт министр­лігі, Қазақстанның Мәдениет және спорт министрлігі, сон­дай-ақ Қы­тай­дың Сыртқы істер ми­нистр­лігі тікелей атсалысып отыр. Ха­лық­­аралық автомобиль федерациясы да жарысты бастан-аяқ қадағалайды. Де­мек, бұл дода әлемдік спорт стан­дарт­тарына сайма-сай ұйым­дас­ты­ры­лады деген сөз.

Шамамен жиырма ғасыр бұрын Ұлы Жібек жолы Шығыс Азияны Жерорта теңізімен жалғаған тұңғыш және жалғыз бағыт еді. Бүгін де сол даламен, сол тау­мен, сол құз-жар­тас­ты жағалай Қытай то­пырағына жүз­деген спорт экипажы ат­танды. Бұл туралы әйгілі «Дакка­раның» жеті дүркін жеңімпазы, «Жібек жолы – 2016» ралли-марафонының дирек­­торы ресейлік Владимир Чагин мә­лім­деді. Со­нымен бірге, ол өз сөзінде жа­рысқа қатысушыларға сәттілік тілейді.

Биылғы ралли үш мемлекетті қам­тиды. Екі жылдық үзілістен кейін ұйым­дастырушылар марафонды қай­та жандан­дыруды жариялаған. Қа­зіргі таңда жарыс­тың түйінді мәсе­ле­лерін шешіп, жаңа концептуалдарын талқыға салу толастаған жоқ. Бай­қаудың басты белгісі – жылдам­дық, қиындыққа толы түрлі оқиғалардың орын алуы және одан қашу жолдары. Алтыншы рет шыққан керуенді Қы­тай астанасының төрінде жалаулы жеңістің мәре сызығы күтіп тұр. Дә­лірек айтсақ, ағымдағы жылдың 24 шілде күні көлік мінгендер Бейжің қа­ласында болуы тиіс. Ал Қазақ­станға ралли автокеруені екі күннен кейін келеді. Жарыс иелерін ең бі­рінші Қостанай облысы қарсы алады. Келесі күні жарыс Ақмола облысы арқы­лы Астанаға бет түзейді. Ас­танадан Қа­рағанды арқылы Балқаш қаласына, одан Алматыға беттейді. Керуен шіліңгір шілденің ортасында бір күн демалады да, Алатаудың баурайынан Қытайға қарай шығады.

«Жібек жолы» автожарысының жыл­дан-жылға сәтті қадамдармен то­лығуы жә­не танымалдылығының артып келе жат­­қаны философиямен тікелей байла­ныс­­ты. Бұрынғы Ұлы Жібек жолын жаң­ғырт­қан жарыс спорт пен саяхатты қатар арқалап ке­леді. Басып өткен елі мен же­рінің та­рихымен танысу да басты мақсат­тарының бірі. Естеріңізде болса, 2009 жылы ұйымдастырылған авто­ке­руенді қуана қарсы алған Елбасы Нұрсұл­тан Назарбаев: «Қазақстан ел мен ел арасын­дағы өркениеттің, мәдениеттің алтын кө­піріне айналды. Біз үшін осындай жарыс­қа қатысу үлкен қуаныш сыйлайды. Жа­рыс­қа қатысушылар әр елді тек спортпен сүйсіндіріп қоймай, әлем туралы бі­лім көкжиегін кеңітеді деген се­німдемін», – деп еді.

Биылғы раллидың өнерпаздарын Қа­зақстанда қызықты белестер күтіп тұр. Қа­зақстанда түрлі табиғи түзі­лістер бар. Жа­рыс жолында жер бедері әртүрлі. Қа­тысушылар тау мен тасты басып өту ар­қылы қазақ­стан­дықтардың қонақжай мі­не­зіне қанық болады. Ұлттық тағамдар­дан дәм татып, халықтың ыстық ықыла­сы­на кенеледі. Атап кетейік, Қазақстанда авто­спорт жылдан-жылға өсіп, өр­кендеп ке­леді. Қазақстанның күнтіз­бесіне көз тік­сек, түрлі спорттық до­далардан бір бо­самағанын көреміз.

Жоба қолға алынған 2009 жылдан бері көптеген елден қолдау тапты. Бұл қолдау «Жібек жолы» жарысын халықара­лық деңгейде еш кедергісіз ұйымдас­тыруға молынан мүмкіндік берді. Жарыс­ты әлемнің жетекші ақпарат құралдары на­зарында ұс­тай­ды. Аз ғана уақыттың ішін­де керуен бүкіл әлемге танылып, ең не­гізгі қызықты додалардың біріне ай­налды.

Ақ барыс – халықаралық авто­жа­рыс­тың нышаны. «Жібек жолының» ұйым­дастырушылары арнайы белгі ойластыру­ды әу бастан ойлаған. Сөйтіп, идеясы ұш­қыр Денис Сима­чев халықаралық жа­рыстың шығар­ма­шылық жөніндегі дирек­торы бо­лып тағайындалды. Шебер өзінің туындысын көп күттірген жоқ. Ақ ба­рыс­ты белгілеудің де өзіндік сыры бар. Се­бе­бі, барыс – әлемдегі та­ны­мал аң. Ол кие­лі аң ретінде Р­е­сей­де де, Қытайда да көп қастерленеді. Сол елдің қалың жы­ныс­ты табиғатында да әлі күнге дейін кездеседі.

Қытай тілінде ақ барыс аң пат­шасы ретінде айтылады. Еркіндік пен қолайлы жағдай бар жерде ақ барыс ойқастап, бұрынғыдан да көбейіп, ірілене бастайды. Қытай мифо­ло­гия­сында барыс сыртқы күштердің зия­ны­нан қорғайтын рухани сауытқа ие аң ретінде түсіндіріледі. «Жібек жо­лы» автокеруеніне не себепті ақ ба­рыс басты нышан ретінде таң­дал­ғанын осыдан-ақ ұға беріңіз. Мұн­дағы мақсат – жарысқа қатысушы­лар­ды рухани қолдау, қандай қиын­дыққа қарамастан төзімділік таныту.

Осы жолғы керуеннің жолында жаңа­шылдық көп. 2009 жылы өткен додада табиғаттың әртүрлі көрі­ніс­терімен ерек­ше­леніп еді. Осы жолы бұл қағида сақтал­майды. Тіпті, таби­ғаттың түрлі тосын мі­не­зі керуенге ке­­дергі келтіруі мүмкін. Жа­рыс со­нысымен тартысты, сонысымен қы­зық­ты. Әр елде, әр облыста таби­ғат­тың не­ше түрлі ландшафты бар. Мәселен, Ре­сейде жарыс иелері үшін арнайы трек­тер жасауға мол мүм­кіндіктер қарасты­рыл­ған. Әрі дәл­дікті айнытпай көрсететін нави­га­тор­лармен жабдықталған. Авто­жарыс жүр­гізушілерін Қазақстанда ең ал­ды­мен мидай жазық дала қарсы алады. Содан кейін оңтүстікке қарай таулы өлке күтеді. Қазақстанда олар бір­неше үлкен өзендерді көреді. Ас­қа­ралы шыңдарды бөктерлеп жү­реді. Жарысқа қатысушылар жер беде­рінің ерекшеліктеріне тез бейім­деліп оты­руы тиіс. Қазақстанның сол­­түс­тігі мен ба­тыс жағы құм­дауыт­­ты кел­­се, Қытай ас­қанда тас­тақ бас­талады.

Қытайға аяқ басқан керуеншілер шөл­ге де, шұрайлы жайлауға да жо­лығады. Қы­тайда жазық та, тау да бар. Беймәлім жер­лер жүргізу­ші­лер­дің шынайы шебер­лігін сынайды. Тәжірибесін толықтырады. Қытай жерінде жарыс қыза түседі. Өйт­кені, мәре сызығы әр қадамда, әр шақы­рымда жақындай түседі. Дәл осы Қытайда автокеруен иелері таби­ғаттың қиын кедер­гі­леріне қара­мастан, үлкен тәуекелдер жа­сауы мүмкін.

Қуаныш Тұнғатар