Ата жұрттың түтіні

Уақыты: 11.07.2016
Оқылды: 1550
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Ел іші – алтын бесік. Осы тәмсіл сөз бүгінгі күні жан-жақтан көш түзеген қандастарымыздың көкейіне берік орныққан. Қазіргі таңда олардың біразы Қытай, Моңғолия, Түркіменстан, Ресей, Қырғызстан және Түркия мемлекеттерінен оралса, біразы Тәжікстан, Иран, Ауғанстан, ТМД елдері мен алыс шетелдерден көшіп келіп, қоныстануда. Өңірімізге оралған қандастарымыздың басым көпшілігі облысымыздың Қарасай, Іле, Еңбекшіқазақ, Жамбыл, Талғар, Ескелді, Көксу, Ақсу, Сарқан аудандары мен Талдықорған қаласының аумағына шоғырланған.

Алайда сол қандас­та­ры­мыздың «Қара таудың бас­ы­нан көш келеді, Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді», – деп өрілетін тағдыр-талайы сан мәрте талқыға түскені баршамызға мәлім. Сонда да: «Бұл заманда не ғәріп?» деп ел тілегін болашаққа енші етіп, «Еңку, еңку, жер шал­ған» кездеріміз де аз бол­ма­ды. Сондай күрестердің нәти­жесінде кедей халықты бай етіп, аз халықты көп еттік. Ұлы жеңістердің жемісінен көңіліміздің көтерілген тұсы, қансыраған жеңілістен жі­геріміздің мұқалған кезі аз болған жоқ. Басқа жұрттың қанжығасына байланып, ал­дына өңгеріліп кеткен намы­сымыз бен қасиетімізді түген­деумен-ақ ғұмыр сүрдік. Қа­тын-бала қор, қарындасымыз күң болмасын деп жауды көр­се жайнаған, жай тасындай қайнаған батыр-бағлан­да­рымыздың күмбір-күмбір кі­сі­нетіп күреңді мінген тұсын да көрдік. Сайқал саясаттың теперішінен атажұртын амал­сыз тастап, бас сауғалап шет­ке қашқан шемен тірлікті де бастан өткердік. Айта берсек жүйкені шаршатқан жүйесіз күндер көп болды. Десе де, осыдан 25 жылдың алдында қазақ баласы үшін азат­тық­тың ақ таңы атып, тәуелсіздік шуағына шомылды. Сонымен қатар, шетте жүрген қан­дас­тарымыздың шемен болып қатқан жүрек түкпіріндегі ащы өкініші тарқады.

Міне, содан бергі жиырма бес жылда сағыныштың қауыш­қан, бауыр-туыстың та­бысқан, ағайынның арасына алтын арқау жалғағаны жай­лы өмірдің бастауы үзілген жоқ. Оның үстіне, қазақ елі­не Алланың назары ауып, ауған жүгін дұрыстайтын, көпке қайырымды, халыққа мейірімді Нұрсұлтан Назар­баевтай Елбасын берді. Ра­сында, Кеңес одағының шек­пенінен шыққан, онсыз да экономикалық күретамырын Мәскеу буып ұстаған жаңа Қазақстанның алдында түрлі сын-қатер, бас ауыртар ауыр кезеңдер тұрғанда, әлеуметтің тіршілігін нығайтудың дұрыс жолын таба алмай жатқан дағ­дарысты кезеңде шетелдегі қазақтарды елге шақырып, ысырылып орын беріп, төрін ұсыну екінің-бірінің қолынан келмейтін жұмыс еді. Сол тұста бұл қадамға тек эко­но­микасы орныққан Германия мен санын көбейтіп, салмағын арттыруды көздеген Израиль мемлекеттері ғана бара алған. Тіпті, ТМД елдерінің өзі Қа­зақстанның бұл қадамына үр­ке қараған еді. Сол қайырлы істің қуанышын бүгінде мил­лионға жуық қандасымыз кө­ріп отыр. Бұдан өткен бақыт бар ма?!

Расында, біз туған елдің топырағын басып, жұпар ауа­сын жұтып, шарапатына шо­мылып жүргеннен кейін ата­жұртымыздың асыл қасиет­теріне терең бойлай алмай­тынымыз анық. Алайда, шетте жүр­ген қаракөз қандас­та­ры­мыздың атажұртқа деген сағы­нышы, көңіл бұлқынысын, ішкі әлеміндегі толқынысын айтып жеткізу қиын. Елбасы бір сөзінде: «Қазақтың жалғыз Отаны бар. Ол – Қазақстан», – деген еді. Расында, «Өзге жұрт­та сұлтан болғысы кел­мей, өз жұртының ұлтаны болу үшін» жалғыз Отанына ағылған көштің саналуан үміті мен тілегі болды. Қазірге дейін шетелден оралған мил­лионға жуық қандасымыздың бірі атажұртқа асыл сағы­нышын арқалап жетсе, енді бірі ата-бабасының өсиетін орындап, ыстық сүйіс­пен­ші­лігін ала келді, өнер мен білім қуып, Қазақ еліне кірпіш бо­лып қалансам деп келген жас­тардың дені әр салада өнімді еңбек етіп жүр. Ал кәсіптен нәсіп тауып, берекесін қос білегінің қарымынан ізде­ген­дер қаншама?! Олар да қары­мы жеткенше осы елдің бола­шағына үлес қосып, азаматтық міндетін абыройлы атқарумен әбігер. Кезінде саясаттанушы Әзімбай Ғали мырза бір сұх­батында: «1962 жылы Қы­тайдан келген көш Шығыс өңір­лердің орыстануын баяу­лат­ты. Қазақша мектептер ашылып, халық ана тілінде сөйлейтін болды», – деген еді. Бұл жағдай дәл Тәуелсіздік кезінде де қайталанғаны анық. Демек, «елге ел қосылса құт болатынын» осыдан-ақ терең сезініп жүрміз.

Айта кетерлігі, бүгінде шетте жүрген бес миллионға жуық қандасымыздың ең үл­кен алаңдаушылығы – ұрпақ­тарының болашағы. Несін жа­сырайық, олар қазақтықтан алыстап барады. Қазақ тілінде білім беретін мекемелер жа­былып, балалары өзге ұлт тілінде оқып, өзге ұлт өкіл­дерімен үйленіп, ұлттық салт-дәстүріне үрке қарайтын дең­гейге жетіп отыр. Оларға да туған жердің түтіні ыстық, осы өлкеге жетіп, сағынышын басқысы келеді. Бірақ, түрлі себептер көштің жолын кесіп келеді. Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, атажұртқа оралған қандастарымыздың ұрпақтары ұлылықтың бәрін ұлттық мұраттан іздеп жүр. Қазақ елінің қайырлы та­ңы­мен күліп оянып, мамыражай кеште алаңсыз ұйқыға кетеді. Демек, бір атаның баласы екі түрлі тағдыр талқысына дөп келіп отыр. Ендігі мақсат, жаны да, қаны да, бары да бір қазақ ұрпағының мұратын ортақ отанында түйістіріп, атажұртта алаңсыз тіршілік етудің жолын қарастыру.

Қажет АНДАС