"РЕФЕРЕНДУМ-2022": ҚОНАЕВ ТҰРҒЫНДАРЫ ӨЗ ТАҢДАУЫН ЖАСАДЫ

Уақыты: 05.06.2022
Оқылды: 927
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Жуырда ғана атауы жаңарған Қонаев қаласының тұрғындары да бүкілхалықтық саяси шарада өз таңдауын жасады. Еліміз белді бекем буып жаңа кезеңдерге батыл қадам басқалы отыр. Ата Заңға енгізілетін толықтырулар мен өзгерістерге дауыс беру соның алғышарты болмақ. №949  сайлау учаскесіне таңғы сағат жетінің өзінде жұртшылық өкілдері  көптеп жиналды. Қалалықтар өздеріне жүктелген жауапкершілікті барынша сезінгені байқалады. 
–    Көпті көрген қариялардың бірімін. Небір қиындықты, небір қызықтарды бастан кешірдік. Алайда, мына Референдумның жөні бөлек. Сол үшін ерте тұрдым. Жаратқаннан халқыма, Отаныма сәттіліктер тіледім. Содан кейін осында келіп, алғашқы лекте дауыс бергенді қаладым. Жастарымыз аталарына қарап сап түзесе жаман болмайды, – деді ардагер ұстаз Амангелді Керімбеков.
     Кәмелеттік жасқа толған жаңа буынның өкілі Аида Иманбаева өзінің алғаш дауыс беруі жаңаруға шақырған референдумға сәйкес келгеніне қуанғанын тебіреніспен паш етті.
     Бұдан кейін дауыс беру басталды. Тізімдеріне сәйкес сайлаушылар алған бюллетендерімен кабинаға кіріп таңдауын жасап жатты. Сайлау учаскесінде тиісті құжаттардың бәрі заңға сәйкес рәсімделген. Комиссиялар тарапынан дауыс берушілерге қызмет көрсету жан-жақты қамтамасыз етілген. Денсаулығына байланысты учаскеге келе алмайтын адамдардың  жағдайы толық қарастырылған. Бақылаушылар да өз орнында. Саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардан іріктеліп алынған белсенділер саяси шараның дұрыс өтуіне үлес қосамыз деген ниетте.
     –Учаске бойынша 1557 дауыс беруші тіркелген. Қазір  сағат 9:55-ті көрсетіп тұр. Осы уақыттың  ішінде 430 адам дауыс беріп үлгерді, – дейді 949 сайлау учаскесінің төрайымы Анар Абышева. 
     Біз бұдан кейін №943 сайлау учаскесінде де болдық. Комиссия төрағасы Сайлау Бакировтың берген мәліметі бойынша, сағат 11:40-та 503 адам дауыс беріп үлгеріпті. №935 сайлау учаскесіндегі саяси шараға да куә болдық. Ең бастысы дауыс беруші құқығына зиян келетін өрескелдіктер орын алған жоқ. Қаланың көп ұлтты халқы ынтымақ – бірлігін жарастыра отырып, өз таңдауын жасап жатты. Сайлау учаскелерінің алдында аудан өнерпаздары концерттік бағдарлама ұйымдастырып,  дауыс беруге келген адамдарға тегін тамақ үлестірілді.
     Елдік мәселеде тізе қосқанның айыбы жоқ. Орталықта бой көтерген  көрнекті мемлекет қайраткері Дінмұхаммед Қонаевтың асқақ мүсіні баршаға осы сөзді ұқтырып тұрған тәрізді. 

Болат МӘЖИТ,
Қонаев қаласы
Алматы облысы