ТУРИСТІК ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫ ДАМЫТУ ЖҰМЫСТАРЫМЕН ТАНЫСТЫ

Уақыты: 20.06.2022
Оқылды: 1150
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев алғашқы жұмыс сапарын Алакөл ауданынан бастады. Оның өзіндік себебі бар. Алакөл – өңірдегі туристік әлеуеті зор аймақ. Мұнда жазғы маусымда көлге шомылуға миллионнан астам адам келеді. Сондықтан өңірдің туристік тартымдылығын одан әрі арттыру үшін көл жағалауындағы инфрақұрылымды дамыту басты міндет. Алакөл мен Балқашқа апаратын жолдарды жөндеу де басымдықтардың бірі. Осы және өзге де жұмыстардың барысымен Бейбіт Исабаев сапар барысында танысып қайтты, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

 Жалпы Алакөл көлі жағалауын дамытудың бас жоспарына сәйкес сумен, электрмен қамту, кәріз жүйесін жүргізу қолға алынған. Биыл жағалауда 3 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылып, ірі демалыс орындары іске қосылған. Оларда жалпы саны 100-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылып, жобаларға 3 млрд. теңгеге жуық инвестиция тартылыпты. Ал өткен жылы жағалауда 1 млн. 400 мың адам  демалып, 8,5 млрд.теңгеге қызмет көрсетілген.

Жағалауды қоршау  жұмыстары басталған. Ақши мен Көктұма ауылдарында жалпы ұзындығы 13,4 км жағалау қоршалуға тиіс. Әзірге қоршалған жер 770 м. Жобаның құны 6 млрд. теңге кезең-кезеңімен бөлінеді. Мынадай қарқынмен мердігер компанияның жұмысты белгіленген мерзімде аяқтауы қиынға соғады дейді жергілікті мамандар. Келісімшарт міндеттемелерін орындамаған «Спецстрой» компаниясының үстінен талап арыз берілген. Қазір іс қаралып жатыр.

Сол сияқты жуық арада 210 туристік нысанның орталық кәріз жүйесіне қосылуға мүмкіндігі бар.  Жоба бойынша 69,1 км кәріз жүйесі тартылып, 8 сорғы стансысының 3-еуі орнатылған. Енді 5-еуі орнатылуы тиіс. Жоспар бойынша қарашада құрылыс жұмыстары аяқталады. Қазір қысымын тексеру, іске қосу жұмыстары жүріп жатыр. Дегенмен жобаның ІІ кезегін іске қосу сәл кешеуілдеуде. Мәселен, тәулігіне 6,5 мың текше метрлік кәріз тазарту құрылғысын салу демалыс нысандарынан шыққан пайдаланылған су ағынын тазарту мәселесін шешуі тиіс.

Инфрақұрылымдарды жүргізіп жатқан мердігер компаниялардың өкілдерімен тілдескен Бейбіт Исабаев бюджет қаржысын оңды-солды жұмсауға жол берілмейтінін қадап айтты. Құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты жобаның алғашқы нұсқасына түзетулер енгізу керектігін алға тартқан «Көлсай Строй» ЖШС мердігер компаниясына ұсыныстар тиісті құжаттармен дәлелденіп, негізделуі керектігін ескертті.

- Осындай ірі жобалардың конкурсына қатысар алдында кез келген компания  өз мүмкіндіктерін шынайы бағамдауы керек. Жұмыс көлемі, кадрлар саны мен біліктілігі, техниканың мүмкіндіктері – бәрін де салмақтау керек. Барлық тәуекелдерді, соның ішінде баға өсімін де зерделеуге тиіс. Соның бәрін конкурсқа дейін түсініп, шешіп алу керек еді. Жобада жоспарланған 10 млрд. теңгенің алғашқы траншын келісімшарт бойынша алдыңыздар. Бұл бюджеттің қаржысы, халықтың ақшасы. Жұмыстың 8 айдай тұрып қалғанын, тиісті жұмыс көлемі орындалмағанын халыққа қалай түсіндіреміз? Жобаға түзету енгізу туралы өтініштеріңіз негізді ме, жоқ па, алдымен қараймыз. Нақтыланса, қолдау көрсетуге әзірміз. Басқаша болған жағдайда қатаң шаралар қабылдайтын боламыз, - деді Б. Исабаев.

Мамандардың айтуынша, Ақши ауылын сумен қамту мәселесі шешілген. Өткен жылы желтоқсанда жағалаудағы су жүйесі іске қосылған. Қазір Тоқжайлау, Қоңыр, Бибақан, Кеңес ауылдарына су тартудың қажетті құжаттары әзірленуде. Теректі, Лепсі, Көктұма, Бұлақты ауылдарындағы су жүйесі қайта жаңғыртылады.

Ақши ауылына электр желісін тартуға жергілікті бюджеттен 300 млн. теңге бөлінген. Жалпы 67,4 км желі жүргізіліп, қайта жаңғыртылады. Мамандар мұндағы электр тұтыну қажеттілігі 10 МВт болса, бұл шара оны әлі де толық көлемде жабуға жеткіліксіз екенін айтады. Сондықтан тағы 1 жобаға құжат әзірлеуге қаржы бөлініп отыр. Яғни Бескөлден Ақшиге дейін және Ақши – Көктұма – Ақтоғай бағытында екінші линияны тарту керек. Осы желілердің әрқайсысы үшін қолданыстағы қосалқы стансыларды қайта жаңғырту қажет. Ал қыста жинақталатын артық электр қуатының тапшылығы бар Достық бекетіне бағыттау межеленіп отыр.

Сапар барысында облыс әкіміне «КазАвтоЖол» мекемесінің өкілі Талдықорған – Өскемен автожолының жай-күйі, құрылыс жұмыстарының қазіргі ахуалы жайлы баяндады. Оның айтуынша, бірінші қабат асфальт төсемі биылғы жылы төселіп бітуге тиіс, басты көпірлердің құрылысы да аяқталуға жақын. Төменгі бірінші төсем жасалған соң көлік қозғалысын жүргізуге болады. Ал асфальттің негізгі қабаты келесі жылы төселеді. Облыс әкімі Бейбіт Исабаев құрылысқа тиісті техникалардың көптеп тартылуын, жұмыс қарқынын бәсеңдетпеуді тапсырды. Сол сияқты уақытша жасалған айналма жол учаскелеріне су себу, ретке келтіру жұмыстарының ойдағыдай еместігін сынға алып, тиісті мекемеге ескерту жасады.

Үшарал әуежайында ұшып-қону жолағы кеңейтіліп, қайта жаңғыртылуда. Осыған байланысты облыс әкімі аталған нысанға да атбасын бұрды. Жұмыстар аяқталғанда Үшаралға үлкен ұшақтар да еш кедергісіз қатынамақ. «Жетісу» әуе компаниясының президенті Қалтай Дөңсебаевтың айтуынша, ұшақ қонатын жол толықтай жаңартылып болып қалды. Құрылыс компаниясы жұмыстарын алдағы шілде айының ортасында толықтай бітіреді деп жоспарланып отыр. Сонда күніне 8 рейс қатынап, 500-дей жолаушы қабылданатын болады.

Балқаш көліне апаратын жолдың құрылысы да назардан тыс қалмай, Алматы – Өскемен – Лепсі – Ақтоғай және Лепсі – Балқаш көлі бағытындағы жолдар қаралды. Балқашқа дейінгі жол қазір 3-санаттан 2-ші санатқа ауыстырылып, толық жаңғыртудан өткізіліп жатыр. 35 шақырымында жұмыстар аяқталған. Жол бойында бірнеше жерде аялдама кешені, эстакада, заманға сай әжетхана қойылады. Аталған жол құрылысы жобасы кезең-кезеңімен қаржы бөлінуіне қарай жалғасатын болады.  

Жол сапасына оң баға берген облыс әкімі Бейбіт Исабаев:

- Бүгін Алакөлдегі демалыс аймақтарына инфрақұрылым тарту, жол жөндеу жұмыстарымен таныстым. Жолдар жөнделіп біткеннен кейін Балқаш пен Алакөлге келетін туристердің қатары өсетін болады. Үшарал әуежай іске қосылса, қатынайтын ұшақтар қатары көбейеді. Бұл халықтың тұрмыс жағдайына, өңірдің әлеуметтік-экономикалық ахуалына оң әсер етеді, - деді Б.Исабаев. 

Осы сапар аясында облыс басшысы Лепсі ауылдық округінде, тау баурайында өтіп жатқан етті бағыттағы мал шаруашылығын дамытуға арналған «Lepsi-2022» халықаралық көрмесіне барды. Онда асыл тұқымды мал өсіретін шаруашылықтар төрт түліктерін көрмеге әкеліп,  көпшіліктің қызығушылығын туғызды. Жиын барысында облыс әкімінің Құрмет грамотасы бірқатар серіктестіктердің механизаорларына, шопаны мен бригадиріне табысталды.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.