ОТБАСЫЛЫҚ ҚОР АШЫЛДЫ

Уақыты: 27.06.2022
Оқылды: 1581
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Талдықорған мемлекеттік архивінде «Атадан қалған асыл мұра» атты отбасылық қор ашылды. Онда халық шығармашылығы, қазақ фольклоры, журналистік зерттеулер жинақталған. Андас отбасы – ата-бабалары 5 ғасыр бойы тұтынған мұраларды ұрпақтан-ұрпаққа аманаттап, бүгінге жеткізген үлгілі жанұя.

Жалпы, Андас әулетіне тиесілі 700-ден астам жәдігер бар. Оның бір бөлігі ҚХР Күнес аудандық мұражайында сақтаулы. Ал 100-ге жуық жәдігер «Атамекен» мәдени орталығының қорына тапсырылған. Андас әулетінің мүшелері жазып, құрастырған 44 кітап қазақ руханиятына өлшеусіз үлес қосуда. Оның 10-ға жуығы еліміздің электронды кітаптар тізіміне енді. Сондай-ақ, бұл отбасы 1930 жылдан бергі латын, төтеше жазумен жазылған 5 мың беттен артық қолжазбаны сақтап келеді. Қордың салтанатты ашылуында ақын, тарихшы Андас Омарақынның «Тарих талғарында», «Дода», «Жылдар ізі» атты үш томдық еңбегі оқырман назарына ұсынылды. Сонымен қатар, Талдықорған қалалық мемлекеттік архивіндегі отбасылық ғылыми қорға 60-қа жуық іс, мыңға жуық құнды  құжат тапсырды.

Ұлттық өнерді ұлықтап жүрген үлкен әулеттің 7 баласынан 16 немере-жиен тараған. Балалары мен келіндері Қазақстанның және Қытайдың таңдаулы жоғары оқу орындарын бітіріп, ғылым магистрі атанды. Ағылшын, қытай, жапон, орыс, ұйғыр, өзбек және қырғыз сынды тілдерді жетік меңгерген. Олардың халықаралық, республикалық ғылыми басылымдарда 113 ғылыми еңбегі жарық көрді. Отағасы Андас Омарақын 2010 жылы ҚХР мемлекеттік дәрежелі сыйлығын алса, Андас отбасы 2009 жылы Қытайда «Ұрпақ тәрбиесіндегі мемлекеттік үлгілі отбасы» деген марапатқа ие болды.

Жиында Алматы облыстық аналар кеңесінің төрайымы Жамал Қасымбекова, І. Жансүгіров атындағы ЖУ оқытушылары Дәулеткерей Мүлік пен Өнербек Қуанған және Қазақстан  Республикасының мәдениет қайраткері Танатар Алшабеков ашылып жатқан қордың маңызы тұрғысында ой бөлісті. Қорытынды сөз алған Алматы облыстық «Jetisý» газетінің тілшісі Қажет Андас:

– Архив мәселесі қазіргі таңда ең өзекті болып тұр. Айталық, Қытайда әр әулетте отбасылық архив болады. Бізде осы үрдіс қалыптасуы керек. Мысалы, бір парақ қағазды лақтыра салсаңыз, ол қоқыс болады. Бүктеп сақтасаңыз, қарайып жата береді. Егер сол қағазды осында әкеліп, қорға тапсырсаңыз, мемлекеттің мүлкіне айналады. Осында барлығымыздың қолжазбаларымыз сақталған. Қорда 1930 жылдан бүгінге дейінгі 90 жылдық тарихи қолжазбалар бар. Әрқайсымыз отбасылық архив жасап, мемлекет меншігіне өткізсек, батыс елдеріндегідей мұрағатымыз да байи береді, – деп,  осындай қор қазақтың әр отбасында болуы керегін жеткізді.

 

Мәулен Әнербай