НАРЫҚ ТАЛАБЫНА БЕЙІМДЕЛУ МАҢЫЗДЫ

Уақыты: 30.06.2022
Оқылды: 989
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев Ескелді ауданына іссапармен барды. Алғашқы кезекте  «Дүйсенбинов А.К» шаруа қожалығының егістік алқабын аралап, жай-күйіне қанықты. 

Шаруашылық иесі Айдын Дүйсенбинов биыл егіс алқаптарына қант қызылшасы, соя, бидай егілгенін, олардың өнімділін арттыру бағытында жұмыс жүріп жатқанын жеткізді. Алайда құбыр тартуды мойнына алған мердігердің өз жұмысын дұрыс атқармауы салдарынан соңғы үш-төрт жылда су тапшылығы мәселесімен бетпе-бет келіп отырғанын жасырмады. Мәселенің мән-жайына қанығып, оны шешу жолдарын зерделеп көрген әкім: «Қант қызылшасын егу шаруашылыққа пайда әкеле ме?» – деп сұрады. 
«Біз үшін басқа дақылдарға қарағанда қант қызылшасынан келер пайда зор. Көп еңбек пен шығынды талап еткенімен өзін-өзі ақтайды. Былтыр 400 гектар жерге қант қызылшасын егіп, Көксу және Ақсу зауыттарына тең бөліп өткіздік. Биыл көлемін азайтып, 270 гектар жерге ектік. Егістік басында қазір 50 адам, маусым кезінде 100 адамға дейін жұмыс істейді» – деді  А. Дүйсенбинов.
Бұдан соң облыс әкімі Жастар ауылындағы Көксу ауылшаруашылық колледжінің материалдық-техникалық базасымен танысты. Мұндағы оқытылатын мамандықтардың маңызына, түлектердің жұмыспен қамтылу жайына мән берді.
– Колледж түлектерінің жұмыспен қамтылуы – 87 пайыз, бұл – жоғары көрсеткіш. Десек те, колледждер бүгінгі нарық талабына сай қай жерде өндіріс орындары ашылып жатса, соған орай жедел мамандар даярлау бағытында да жұмыс істеуге тиіс. Кейбір мамандықты екі-үш жыл оқытпай-ақ, бірнеше ай оқытып та жастарға немесе жұмыссыз отырған ауыл тұрғындарына меңгертіп, жұмыспен қамту жағын қолға алу керек. Осында оқып жатқан түлектерді де аудан ғана емес, облыс көлемінде, ірі қалаларда ашылып жатқан немесе жұмыс істеп тұрған өндіріс ошақтарына жұмысқа орналастыру жағын үнемі бақылауда ұстау қажет, – деді өңір басшысы.

Алдабергенов ауылына да ат басын тіреген әкім мұндағы 1965 жылы салынып, қаңқасы ғана қалған ескі мектеп пен интернат ғимараттарын көріп, оны күрделі жөндеуден өткізу қажет пе, жоқ па деген мәселеге тоқталды. Негізі, ауыл балалары үшін 1988 жылы жаңа мектеп салынған болатын. Осы ауылдағы Батырлар аллеясына да барған әкім ауыл қарттарымен жүздесіп, ұсыныс-тілектеріне назар аударды. 
Шымыр ауылындағы автоматтандырылған газ тарату стансысына бас сұққан Бейбіт Өксікбайұлы, ауылдарды газбен қамту мәселесіне баса назар аударды. Қазіргі таңда Текелі, Талдықорған қалаларына газ таратып отырған  стансы Ескелді ауданының елдімекендерін газға қосу жұмысын бастап кеткен. Қазіргі таңда Қарабұлақ, Сырымбет ауылдары газ құбырына қосылса, жыл соңына дейін тағы екі ауылды көгілдір отынмен қамту жоспарда бар.
Бұдан соң әкім Қарабұлақ ауылындағы «Витязь» шаруа қожалығының тауарлы-сүт фермасының жұмысымен танысты. Ферма жылына 1000 тонна сүт өткізеді. 
– Бізде «Алатау» тұқымды етті-сүтті бағыттағы  205 сауынды сиыр бар. Сүттің майлылығы өте жоғары. Біз ашылған күннен бастап «Фуд-Мастер» компаниясымен жұмыс істейміз, – деді «Хильниченко и К» КС төрағасының орынбасары Александр Хильниченко. Осы орайда облыс басшысы өз облысымызға қарасты «JLC Сүт» зауытымен жұмыс істеп, сүт өнімдерін де шығаруды ойластыру қажеттігін айтты. 
«Хильниченко и К» КС ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және өңдеу цехына барған Бейбіт  Өксікбайұлы мұнда өндірілетін ет және ет өнімдері (шұжық), жартылай фабрикаттар, ұн, макарон өнімдерінің сапасы мен сұранысқа қаншалықты сай екеніне мән берді.  
Цех жылына 120 тонна ет, тәулігіне 2 тонна макарон өнімдерін өндіреді екен.  
– Біздегі макарон өнімдері еш қоспасыз жасалады. Құрамы ұннан және судан тұрады. Көбіне Ескелді ауданына таралады, – деді Александр Хильниченко.
Қарабұлақ ауылындағы «Березка» балабақшасына барған облыс әкімі мұндағы күрделі жөндеу жұмысының ретті жүріп жатқанын көрді.  
Қарабұлақ ауылындағы Жеңіс саябағын абаттандыру жұмысының қалай жүріп жатқанына да зер салған әкім мұндағы тоқырап тұрған алаңды көріп, мердігер «Монолит» ЖШС-нің құрылыс жұмысын баяу жүргізіп жатқанын сынға алды. Осы мердігер компания салынып жатқан 5 қабатты, 60 пәтерлі тұрғын үй құрылысына да жауапты. Ондағы жұмыс та кешеуілдеп, ойдағыдай жүрмей тұр. Осыған орай құрылыс жұмысы белгіленген уақытта аяқталмаса, бұл міндет басқа компанияға жүктелетінін жеткізді.
            * * *


Өңірдегі шаруашылықтар мен әлеуметтік нысандарды аралап шыққан соң Бейбіт Исабаев Ескелді ауданының тұрғындарымен кездесті.
Ескелді ауданы аграрлы аймақ болғандықтан, Б. Өксікбайұлы басымдықты ауыл шаруашылығына беріп, бірқатар жетістік пен кемшіліктерді тілге тиек етті. Сонымен қатар жер мәселесіне кеңінен тоқталды. 
– Жайылымдық жердің жетіспеушілігі ауыл тұрғындарының наразылығын тудыратын проблемалық мәселе болып қалуда. Бұл мәселені Ақын Сара, Жалғызағаш, Қайнарлы, Бақтыбай ауылдық округтерінің тұрғындары жиі көтереді. Соңғы қабылданған шаралар нәтижесінде 1,6 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды, дегенмен бұл жеткіліксіз және қазіргі таңда 3,2 мың гектар бойынша материалдар жергілікті атқарушы органдардың қарауына берілді. Облыста екі өңірде бұл мәселелер өте баяу жүруде, – дей келе, әкім жұмысты одан ары ширатуды жауапты тұлғаларға тапсырды.
 Бейбіт Өксікбайұлы: «Екі өзеннің ортасында тұрып, бірде-бір балық шаруашылығы жоқ. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындауда инвесторлар тартылмаған», – деп кемшін тұсқа да назар аудартты. Әсіресе ауданда өңдеу өндірісінің жоқтығын алға тартып, бар күшті осы салаға жұмылдыруды қадап айтты. Қант қызылшасы, газдандыру, ауызсу мәселесіне де тоқталып, бұл жұмыстардың да кенжелеген тұстарын тілге тиек етті. Кездесу барысында облыс басшысына 40-тан аса сұрақ қойылды. Өзекті деген сауалдарды алға тартқанды жөн көрдік.
Мадияр Ақжолтаев: Алдабергенов ауылының қасындағы Жастар ауылында ауылшаруашылық колледжі бар. Міне, сол білім ордасында интернет жоқ. Соны қолжетімді етуге көмек көрсетсеңіз? Сонымен қатар ауданға оңалту орталығын салып беруге ықпал етсеңіз?
Бейбіт Исабаев: Интернет мәселесі Ескелді ауданында ғана емес, Талдықорған қаласында да бар екенін байқадым. Сондықтан бұл мәселені орынбасарым Рустам Әлиге тапсырамын, арнайы хат дайындап, министрлікке жолдасын. Осы іспен айналысатын арнайы комитет бар, сол жерден мамандар шақырып, мәселені шешу жолын қарастырсын. Ал оңалту орталығы бойынша құрылыс басқармасына тапсырма беремін, ауылдағы ескі ғимараттың жай-күйін тексеріп, жарамды болса аудандық емес, облыстық оңалту орталығын ашуға мүмкіндік туғызайық. 
Ержан Елеуов, Ешкіөлмес ауылының тұрғыны: Ауылда мектеп жоқ. Жаңа мектеп тұрғызу жоспарда бар ма?
Аудан әкімінің орынбасары Ж. Әлімбетов: Ешкіөлмес ауылындағы мектепте 90 бала білім алуда. Ауыл аудан орталығымен жалғасып жатқандықтан жоғары сыныптың оқушылары Қарабұлақ ауылына қатынап оқиды. Жөндеу жұмысына жобалық құжат дайындалып жатыр. 
Бұл ретте Б. Исабаев ауылдың болашағы бар-жоғы және бала санының өсуі бойынша тексеру жұмысын жүргізуді тапсырды. 
Шымыр ауылының тұрғындары: Ауылға газ қашан тартылады?
Бейбіт Исабаев: Биыл аудан бойынша 4 ауылға газдандыру жұмысы жүргізіледі. Қалған ауылдар кезең-кезеңімен іске асады. Жалпы, аудан бойынша 33 ауыл бар. Осының барлығына газ тарту мәселесі басты назарда тұр. 
Шымыр мен Матай Байсов ауылының тұрғындары «жеке ауылдық округ болып, өз әкіміміз сайланса» деген өтінішін айтты. Бұған Бейбіт Өксікбай-ұлы «заң талаптарын қарастырайық, мен бұл жұмысты назарға алдым, егер халық саны мен талаптары сәйкес келіп жатса, жеке округ жасаймыз», – деді.
Кездесу соңында облыс әкімі Бейбіт Исабаев аудан тұрғындарын жеке мәселелерімен қабылдады.

Алма ЕСЕНБАЙ,
Ришад ТҰРҒАНБАЙ