БЕЙБІТ ИСАБАЕВ ЖУРНАЛИСТЕРДІ ҚҰТТЫҚТАДЫ

Уақыты: 30.06.2022
Оқылды: 994
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Елдің жаңалығы мен жетістігін жұртқа жеткізіп жүрген журналистердің еңбегі адал. Сондықтан қалам ұстаған әріптестеріміз үшін қандай да бір сый-құрметтің орны бөлек. Талдықорғандағы Журналистер үйінде Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев баспасөз өкілдерімен кездесіп, кәсіби мерекемен құттықтады. 

– Мемлекет дамуының жаңа тарихи кезеңінде билік те, азаматтық институттар да, оның ішінде БАҚ-та уақыт талабына сай жаңаша жұмыс істеуге бейімделуі керек. Еліміздің ішкі тұрақтылығы, ақпараттық қауіпсіздік пен идеологиялық дербестік, қоғамның бірлігі мен елдің ортақ мақсат-мұраттар төңірегінде топтасуы маңызды.  Әлеуметтік желідегі шындыққа жанаспайтын жел сөз бен өсек-аяңға тосқауыл қоя алатын да – кәсіби журналистиканың біліктілігі мен сарабдалдығы, – деді өңір басшысы.
Осыдан кейін облыс әкімі журналистика саласына бар ғұмырын арнаған  Әли Ысқабай мен Кенжехан Рақыштың кеудесіне «Қазақстанның Құрметті журналисі» төсбелгісін тағып, өңірдегі жылт еткен жаңалықты жұртқа жеткізуде табандылықпен еңбек етіп жүрген республикалық, облыстық, аудандық және қалалық басылымдар мен облыстық телеарна журналистеріне Алғыс хат тапсырып, құрмет көрсетті. 
Келесі кезекте сөз алған «Жетісу» телекомпаниясының директоры Серік Әбікенұлы әріптестерін мерекемен құттықтай келе, журналистер қауымының көкейінде көптен бері жүрген ұсынысты ортаға салды:
– Бүгін бәріміз кәсіби мерекеміз аясында кездесіп отырған ғимарат 2014 жылы пайдалануға берілді. Осы ғимарат «Бейсен Құранбек атындағы Журналистер үйі деп аталса», деген арманымыз сіздің тарапыңыздан қолдау табады деп сенеміз, – деді ол. 
Қазіргі таңдағы ақпарат кеңістігінде дәстүрлі журналистикамен қатар жаңа медианың ауқымы да кеңи түсті. Түрлі сайт, интернет портал, ақпараттық ресурстардың жұмысында жылдамдық, ашықтық алдыңғы орынға шықты. Бұл – әлемдегі бүгінгі ақпараттық кеңістікке тән құбылыс. Дегенмен, баспасөзде, теледидарда, сайттарда   ақпараттың шынайылығы баршаға ортақ болғаны жөн.  Осы жайлы ой қозғаған облыстық «Огни Алатау» газеті бас редакторының орынбасары Забира Сайдилдина тілші қауымының көкейінде жүрген ойын жеткізді.
Мерекелік басқосудан кейін облыс басшысы мен журналистер естелік суретке түсіп, тарқасты.

Қажет АНДАС