ҚАНТ ТАПШЫЛЫҒЫН ЖОЮ АМАЛЫ ҚАРАСТЫРЫЛУДА

Уақыты: 01.07.2022
Оқылды: 1461
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Жетісу өңірінде қант қызылшасынан алынатын өнім соңғы жылдары төмендеп кетті. Оның әртүрлі себебі бар. Біріншісі, су тапшылығы. Бұған су қоймаларына судың толмауы және арықтарды шөп басып, ысыраптың көбеюі себеп.  Екінші, ауыспалы егіс жүйесін сақтамау.

Өңірде  майбұршақ  өсіруші шаруашылықтар саны жыл сайын көбеюде. Оның себебі, өнімге сұраныс жылдан-жылға артып келеді.  Аталмыш дақыл топырақтың құнарын төмендетіп жібереді.  Егістік алқаптарына су жіберу үшін бірнеше жылдан бері ирригация жүйелері жөнделуде.  Арық жүйелеріне науа қойылуы керек. Науасыз су жерге сіңіп кетеді. Каналдарда қаулап өскен қамыстар да судың тоқтаусыз ағуына  кесірін тигізуде.  

Облыс әкімі  Бейбіт Исабаев жақында  Жетісудың ірі кәсіпорындарын аралады. Сонда  Талдықорғандағы  «Темір-бетон» зауытына ат басын тіреді.  Ол кәсіпорынның мүмкіншілігін саралай келіп,  сала басшыларына болашақта  алқаптарға су тарту үшін қолданылатын науаларды осы зауыттан алу керегін ескертті. 

Облыста алқаптарға су тарту үшін Жанама алқабындағы суару желілерінің, Бүйен су қоймасының құрылысы жоспарлануда.  Алдағы уақытта «Жоламан» алқабын да айналымға қосу ойда бар. Бұл үшін  «Қызылшоқы» ЖШС жаңбырлатқыш машиналар әкеліп, қант қызылшасының  314 гектарын суаруда.  Егер осы шаралардың барлығы  жүзеге асса, алдағы, яғни  2023 жылы Жетісу облысында  қант қызылшасының алқабы 8,1 мың гектарға жеткізілмек. Осылайша жыл сайын тәтті түбір алқабы кеңейіп, экономикалық жағдайға серпін беріледі деген болжам бар. 

Болашақта  Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарының суармалы жерлері көптеп игерілмек.   Жалпы, егіс көлемін ұлғайту 2026 жылға дейін жоспарланған. Сала басшыларының айтуынша, түсімді арттыру бойынша жоспар да жасалыпты. Мысалы, 2022 жылы тәтті түбірден алынатын өнім 215 мың тоннаға жеткізілмек. 5 жылдан кейін, яғни 2026 жылы  өсімді 2,4 есеге арттырып,  525 мың тонна өнім алу ойда бар. Қант өндірісін арттыру  мақсатында  шетелден  қант қамысы сатып алынуда. Ауылшаруашылығы басқармасы жетекшілерінің  айтуынша,  қант  шығару 5 жыл ішінде 104 мың тоннадан 195 мың тоннаға дейін арттырылады.  Ауылшаруашылығы мамандарының пайымдауынша,  айналымға қосылатын  суармалы жерлерде ауыспалы егіс жүйесі  сақталса, қант қызылшасы  алқабын 9000 гектарға ұлғайтуға болады.  

Бүгінде қант зауыттары маусымдық жұмыстарға кіріскен. Мысалы, «Көксу» қайта өңдеу кәсіпорны украиналық технологиямен қамыс шикізатын өңдеуде. Өнім Бразилиядан алынуда. Кәсіпорын басшысы Алтынбек Абатов жылына   27 мың тонна  қант өндіруге мүмкіндік барын айтты. Өндірістің қуаты  бір маусымда 250 мың тонна қант қызылшасын өңдеуге қауқарлы.  Бүгінгі таңда зауытқа өткізілетін бір тонна қант қызылшасына 15000 теңге субсидия төленеді.
Жалпы, 2022 жылы субсидияға  бөлінген қаражаттың көлемі – 3,3 млрд. теңгені құрайды. Сондай-ақ,  тәтті түбір тұқымының 2,6 мың себу бірлігі жеткізілген.

Тұқым Германия, Франция, Дания елдерінен алынады.   

Бүгінгідей қанттың тапшылығы туындаған кезде дақыл өндірудің өзектілігі артуда. Ендеше, қант өндіру саласын дамыту – уақыт күттірмес міндет.

Гүлжан ТҰРСЫН
Алматы облысы