ҚОНАЕВ ЕҢ ӘДЕМІ ҚАЛАҒА АЙНАЛАДЫ

Уақыты: 30.06.2022
Оқылды: 1347
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Алматы облысының әкімі Марат СҰЛТАНҒАЗИЕВ Қонаев қаласының тұрғындарымен кездесті. 

Аймақ басшысының айтуынша, биылғы 5 айда облыс экономикасының негізгі салаларында оң динамика байқалған. Мәселен, өнеркәсіп өндірісінің көлемі – 5, ауыл шаруашылығы – 2,8, сауда – 3, құрылыс – 14,3 пайызға ұлғайған. Барлығы 413 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға беріліп, облыс экономикасына 220 млрд. теңге инвестиция тартылған. Жергілікті бюджетке түсетін түсім 42,4 пайызға өсіп, 202,8 млрд. теңгені құраған. Жыл соңына дейін қол жеткен барлық табыс сақталмақ. 

Облыс экономикасының өсіп-өркендеуіне дамыған өнеркәсіптік инфрақұрылымы бар Қонаев қаласы да үлес қосуда. Қала үлесіне өнім көлемінің 8,4 пайызы тиесілі және облыста 3-орын алады. 101 кәсіпорын жұмыс істейді, оның 64-і – өңдеу өнеркәсібінде. 
Биыл «Бизнестің жол картасы» аясында 17 субъектіге қолдау көрсету жоспарлануда, 28,2 млн. теңгеге  46 адам грант алмақ. Оның ішінде жыл басынан бері 11 бизнес субъектісі 13,5 млн. теңгеге грантқа қол жеткізген. 

Негізгі міндеттердің бірі – халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету. Бүгінде 3134 адам тұрғын үй кезегінде тұр, бұл өткен жылмен салыстырғанда 309 адамға артық.

Келесі жылы тапсырылуға тиіс 180 пәтерлік 3 несиелік үй тұрғызылуда. Жыл соңына дейін 120 отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етіліп, оның ішінде 60 пәтер «7-20-25» бағдарламасы бойынша іске асырылмақ. 

Облыс басшысы сондай-ақ, әлеумет, білім беру, денсаулық сақтау салаларына да тоқталып, атқарылып жатқан жұмыстарды сөз етті. Марат Елеусізұлының айтуынша, Қонаев қаласын дамытудың қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді перспективасын айқындау үшін қазіргі уақытта құрылыс нысандарын, көлік және инженерлік коммуникациялар жүйесін орналастыру және абаттандыру тұжырымдамасы көрсетілген жаңа Бас жоспар әзірленуде. Осылайша, қаланың жаңа әкімшілік-қоғамдық орталығын салу үшін алаңдарды орналастырудың үш нұсқасы пысықталған. Олардың ең оңтайлы нұсқасы «Жаңа Іле» жобасы. Алаң Іле өзенінің оң жағалауында, Қонаев қаласының қазіргі орталығынан 10 шақырым жерде, «Алматы – Талдықорған – Өскемен» магистральдық автожолының оңтүстік бетінде орналасқан. Жаңа Бас жоспардың бекітілуімен мұнда түрлі қабаттардағы заманауи тұрғын үйлер және әкімшілік ғимараттар, мектептер мен ауруханалар, сауда-ойын-сауық кешендері, сондай-ақ басқа да нысандар салынады.

– «Жаңа Іле» алаңын қаламен байланыстыру үшін қолданыстағы теміржол көпіріне параллель автожол көпірі және теміржол арқылы өтетін көпір өткелі салынады.Қаланың ескі бөлігі де дамиды. Атап айтқанда, қала жаңа мәртебеге толық сай болуы үшін көшелер мен аулалардың абаттандыру мәселелерін шешу, тұрғын үйлер мен қоғамдық ғимараттардың сыртқы келбетін сәйкестендіру жоспарлануда. Жақын арада Қонаев қаласы еліміздің ең әдемі әрі тартымды қалаларының біріне айналатынына сенімдімін, – деді өңір басшысы.

Кездесу барысында М.Сұлтанғазиев Қонаев қаласы тұрғындары жолдаған сауалдарға жауап қайтарды. Жиналғандар тарапынан қойылған сұрақтардың басым бөлігі Қонаев қаласын көріктендіріп, талапқа сай дамытуға арналды. Тұрғындар спорт нысандары салынса деген де ұсыныстарын жеткізді. Әлеуметтік мәселелер де қозғалды. Егін егіп, мал бағатын шаруалар да өздерінің талап-тілектерін айтып, жер, су шаруашылығы мәселесін көтерді. Әсіресе, жайылымдық жерлердің жетіспеушілігінің қиындық туғызып отырғаны белгілі болды.

Халықтың мұң-мұқтажына құлақ асқан облыс басшысы көп тілегінің ескерусіз қалмайтынын, бақылауға алынатынын мәлімдеді.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА
Алматы облысы