ЖЕР КӨШКІНІНДЕ ЗАРДАП ШЕККЕН ТЕКЕЛІЛІК ТҰРҒЫНҒА ҮЙ БЕРІЛДІ

Уақыты: 01.07.2022
Оқылды: 1296
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Өткенде Текелі қаласында орын алған жер көшкінінде зардап шегіп, үйсіз-күйсіз қалған Гүлнар Тілеухан отбасы баспаналы болды. Олар енді  Текелі қаласы, «Алатау» шағын ауданы, Қора көшесінде орналасқан көпқабатты тұрғын үйдегі екі бөлмелі пәтердің иесі атанды.

«Апат айтып келдмейді» дегендей, жер көшкінінен бес жастағы қыз қайтыс болып, тұрғындардың қабырғасын қайыстырып жіберді. Сондықтан Гүлнар Тілеухан біраз уақыт туыс-туғандары мен көршілерінің үйін паналаса, кейін Текелі қалалық әкімдігі жалдап берген пәтерде тұрып келді. Жаңа қоныстың кілтін алғанда жарым көңіл жандардың жүздері қуаныштан бал-бұл жанды:

– «Мал ашуы – жан ашуы» дегендей, басында баспанамыз  лай-батпақтың астында қалып, бес жасар қызым қайтыс болғанда ендігі өмірдің мағынасы жоқтай сезімде болғанымыз рас. Алайда, жүрегі жомарт халқымның, жанашыр облыс басшыларының, Текелі қаласы әкімінің көмегінің арқасында екі бөлмелі пәтерге ие болдық. Баламды ойлап жарым көңіл болсам да, жағдайымызды түзеп берген еліме рахмет, – дейді жаңа үйдің иесі Гүлнар Тілеухан.

Оқиға орын алғалы бері біраз уақыт өтсе де, жүректі сыздатқан қайғының салқыны әлі басылмай тұр. Бірақ бастапқыдағы қиындықтың бәрі артта қалды.

         Пәтерді сатып алуға 8,5 млн. теңге бюджет қаржысы жұмсалса, оның ішін жаңартып, жөндеу үшін «Риголит» ЖШС 3 млн. теңгеден астам қаржы шығындапты. Біз барғанда аталған серіктестіктің мамандары жап-жаңа үй жиһаздарын құрастырып, жөндеу жұмысын жүргізіп жатыр екен. Көмек мұнымен тоқтап қалмайды.

– Гүлнардың басқа балаларының таршылық көрмеуі үшін тағы да 2 млн. теңге қарастырып отырмыз. Бұл олардың демалысын көңілді өткізу, келесі оқу маусымына дайындық және басқа да керек-жарақтарына  жұмсалады, – дейді Текелі қаласының әкімі Батыр Молдахметов.

Қажет АНДАС,
Текелі қаласы,

Жетісу облысы