МӘСЛИХАТ СЕССИЯСЫНДА ШЕГАРАЛЫҚ АУМАҚ КӨЛЕМІ БЕКІТІЛДІ

Уақыты: 01.07.2022
Оқылды: 2127
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Жетісу облыстық мәслихатының кезектен тыс IV сессиясы өтіп, шегаралық аумақтың көлемі бекітілді.

Алқалы жиынды жүргізген облыстық мәслихаттың хатшысы Гүлнар Тойлыбаева Жетісу облысының шекарасын белгілеу туралы ұсыныс Қазақстан Республикасы Үкіметіне берілетінін атап өтті. Күн тәртібіндегі тақырыпқа байланысты облыс әкімінің орынбасары Әлібек Жақанбаев хабарлама жасап, облыс аумағына тиесілі жердің көлемін таныстырып өтті.

– Жетісу облысының құрамында 358 елді мекен бар. Оның ішінде 8 әкімшілік аудан – Ақсу, Алакөл, Ескелді, Қаратал, Көксу, Кербұлақ, Панфилов, Сарқан және Талдықорған, Текелі қалалары бар, – деген облыс әкімінің орынбасары әр жердің гектарға шаққандағы көлемін салыстырды. Жетісу облысының жалпы аумағы 11 845 989 гектар. Оның ішінде Ақсу ауданына 1 259 295 гектар, Алакөл ауданына 2 367 267 гектар, Қаратал ауданына 2 422 222 гектар, Кербұлақ ауданына 1 149 301 гектар, Көксу ауданына 706 695 гектар, Панфилов ауданына 1 058 252 гектар, Сарқан ауданына 2 440 409 гектар, Ескелді ауданына 397 239 гектар, Талдықорған қаласына 38 311 гектар, Текелі қаласына 7 008 гектар тиесілі.

         Осындай мәліметтерді келтірген облыс әкімі орынбасарының ұсынысын облыстық мәслихат депутаттары ашық дауыс беру арқылы бірауыздан қолдады.

         Одан соң облыстық мәслихат хатшысы Гүлнар Тойлыбаева сессияға шақырылған бұқаралық ақпарат құралдарын өткен мерекелерімен құттықтап, облыс мәслихатының атынан Алғыс хат табыстады. Салтанатты шараға жиналғандар естелік суретке түсті.

 

М. Әсетұлы