КӨКСАЙ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫ СУДЫ САТЫП ІШУГЕ МӘЖБҮР

Уақыты: 01.07.2022
Оқылды: 1473
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Бұл өзі  жылда жыр болатын жағдай. Жаз басталысымен Алматы қаласын айнала қоршай орналасқан ауылдарда ауыз су тапшылығы жағадан алады. Биыл да көктемнен бері толассыз жауған жаңбырлардан кейін келген аптап ыстық тұрғындарды өзекті жалғар суға зәру етіп тастады.

Еліміздегі су көздері мол аймақ болғанына қарамастан Алматы облысына қарасты Қарасай, Талғар, Іле аудандарының елді мекендері жаз айларында ауызсу жетіспеушілігінен зардап шегеді. Бұл өз кезегінде Алматы сияқты алып мегаполистің іргесінде тұрып, өркениет өлшемдерінен тысқары қалған тұрғындардың наразылығын тудырып келе жатқаны рас.

Атап айтқанда, Алматымен іргелес жатқан Қарасай ауданының Көксай ауылында жұртшылық бүгіндері суды дүкендерден сатып ішуге мәжбүр болып отыр. Ауыл тұрғындары Мақпал Мұхамеджанова мен Кегенбей Әшімовтың айтуынша,  мұнда апталап су болмай қалады екен:

– Ғылым мен  техника қиял жеткісіз биіктерді бағындырған ХХI-ші ғасырда өмір сүріп отырған жоқпыз ба?! – дейді Мақпал Мұхамеджанова амалы таусылып. – Алматының іргесіндегі біздің күйіміз осындай болса, алыс ауылдардың жағдайы нешік?  Осы мәселені айтып бармаған жеріміз, ашпаған есігіміз қалмады. Алайда құрғақ уәдеден басқа ештеме естімей келеміз. Бізде жарияға жар салған «Жаңа Қазақстанның» иісі де сезілмейді!

Расымен, жаз айларында тұрғындар бақша суғарумен айналыса бастаған кезде құбырмен келетін  су жеткіліксіз болатыны белгілі. Көксай елді мекені кіретін Іргелі ауылдық округіндегі сумен қамтамасыз ететін мекемелер қосымша ұңғылар бұрғылап, сораптар қойғанымен қажетті су мөлшерімен қамтамасыз ете алмай отыр.  Оның үстіне әбден тозығы жеткен құбырлар да қайта-қайта істен шығып, қосымша кедергілер келтіруде. Демек, қондырғылар мен құбырларды толықтай жаңартпай су тапшылығы жойылмайтыны түсінікті. Дәл осындай күйді бүгіндері Жаңатұрмыс және Қырғауылды ауылдарының тұрғындары де бастан кешуде.

Шынымен, аталған үш ауданда халық саны күн санап артып келеді. Жаңадан бой көтерген үйлер мен жазық жерде пайда болған шағын ауылдарда қисап жоқ. Оларды жарықпен, жолмен, таза ауыз сумен қамтамасыз ету өзекті мәселелердің біріне айналған. Күрделі құрылыстарды жобалап, жоспарға енгізіп, қаржыландыру мәселесін шешкенше біршама уақыт өтіп кететіні де түсінікті.

Жаңадан құрылған Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевпен болған кездесулер барысында аталған үш ауданның халқы ауыз су мәселесін көтерген еді. Марат Елеусізұлы Іле мен Қарасай аудандарындағы су құбырлары тиісінше  45 және 65 пайызға ескіргенін айтып,  мүмкіндігінше мәселені шешуге уәде берді. Енді оның орындалуы аймақ басшысының бақылауында болмақ.

Біздің білуімізше, осыған дейін де  өзекті мәселені шешу үшін түрлі бағдарламалар қабылданған. Атап айтқанда, 2014 жылы Қарасай ауданының елді мекендерін таза сумен толықтай қамтамасыз ету үшін «Қаскелең топтама су жүйесі: 24+1» жобасы жасалынып, жүзеге асырыла бастаған.  Бастауын Іле Алатауының шыңдарынан алатын Казачка өзенінің суы бұғатталып, тазаланғаннан кейін құбырлар арқылы ауданның 24 елді мекені мен Қаскелең қаласы толықтай сумен қамтамасыз етілуі керек-тін. Алайда, белгілі бір себептермен қаржыландыруда кедергілер кезігіп, біраз жыл маңызды жоба тоқтап қалды. Соңғы жылдары жұмысына жан біткен жоба қайта қолға алынғанын білеміз. Оның аяқталуымен Қарасай ауданындағы ауылдар ауыз су тапшылығынан құтылады деуге негіз бар. Қалай болғанда да мәселенің толық шешілуі үшін қомақты қаржы мен уақыт керек. Ендеше төзімнің белбеуін қаттырақ тартып, шыдамның шырағын маздатудан басқа амал қалмағандай...

 

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ,
Қарасай ауданы
Алматы облысы