"БӘРЕКЕЛДІ!": КӨШЕЛЕР ҚАЗАҚШАЛАНУДА

Уақыты: 01.07.2022
Оқылды: 1317
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Кеңестік жүйенің саяси идеологиясының бір көрінісі – қазақ жеріндегі елді мекендер мен көше аттарын орыстандыруы еді. Бұл келеңсіздіктің ономастикалық кеңістікте кең қанат жайғаны сонша, тәуелсіздік алғанымызға 30 жылдан асса да, әлі күнге тазара алмай келеміз. Оған бір ғана Талғар қаласының өзінде «социализмнің сарқыншағы»  Фурманов, Яблочная, Набережная, Комсомольская, Школьная, Ленин, Комаров сынды тізбелесең шыға беретін қала көшелерінің біртіндеп қазақшалана бастауы дәлел. Ономастикалық комиссияның табанды іс-қимылы нәтижесінде соңғы екі жыл ішінде ауданда 461 көшеге ұлтымыздың ұлыларын дәріптейтін, тарихи-мәдени мәнге ие атаулар беріліп, жер-су аттары қайта жаңғырған.

Мораторийге қарамастан, 2019-2020 жылдар аралығында онлайн режимде табанды жұмыс жүргізілді. Оған Талғар ауданында жаңа көшелер мен жаңа құрылыстардың қарқын алуы себеп болды. Тұрғындар тарапынан көше атауы мен үй нөмірінің болмауы салдарынан мекенжай анықтай алмау, такси шақыра алмау, тіптен, ауырған жағдайда жедел жәрдемнің көмегіне жете алмайтындығы туралы шағымдар түсуіне байланысты көше атауларын беруді мүлдем тоқтатып қою мүмкін болмады. ZOOM, онлайн режимде қоғамдық кеңес құрамымен бірлескен отырыстар өткізіп, жұмыстарды жалғастырдық. Екі жылдың төңірегінде 461 көшеге жаңа атау берілді. Оның ішінде 30 шақты көшеге бұрынғы атаулары қайтарылды. Осы күнге дейін идеологиялық тұрғыдан ескірген көшелерді республикалық ономастика комиссиясының шешімімен қоғамға еңбек сіңірген тарихи тұлғалар есімдерімен, дәстүрлі, жер-су атауларымен ауыстырдық, – деген аудандық ішкі саясат, мәдениет және спорт бөлімінің басшысы Фарида Бегенбаева, көше атауы – ел тарихының айнасы іспетті екендігін ерекше атады.

Талғар ауданында көшелермен бірге, мектептерге де тарихи тұлғалар есімін беру басты назарда. Оның көшбасында салынғанына көп жыл өте қоймаған денешынықтыру және спорт кешені тұр. 2018 жылы Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров қызыл лентасын қиған бұл кешенге спорт саңлағының есімін беруге ұсыныс жолданған. Сондай-ақ, бірқатар мектептерге Алаш арыстарының есімдері берілуде.

Адам өз елінің патриоты болу үшін – өз елінің патриоттарын, тарихын тану керек, сонда ғана ел мен жердің қадірін білетін боламыз. Сондықтан көше атауының адам өміріне әсері өте зор. Осы елдің киесі де, иесі де менің ата-бабам, менің жерім деген ұғым қалыптаспай, ешкім еңбегін арнамайды. Осы бағыттағы жұмыстарды жандандыра беруіміз керек, – дейді Фарида Мамырбекқызы.

Барымызды бағалап, ұлтымыздың ұлыларын ұлықтауда зор маңызға ие көше атауларын бір ретке келтіріп, қазақыландырудағы жұмыстар жалғаса бермек. Бұл ұрпақ тәрбиесіндегі рухани жаңғырудың ұлттық коды десек, артық айтқандық емес. Ендеше, жаңа Қазақстан құруда ескіліктен арылып, жаңашылдыққа бастар қадамдарымыз нығая берсін!

Ұлбосын ИСАБЕК, 
Талғар ауданы
Алматы облысы