ТІЛ ТАЗАЛЫҒЫ – ҰЛТ ТАЗАЛЫҒЫ

Уақыты: 03.07.2022
Оқылды: 1428
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Жетісу облысының орталығында «Тіл тазалығын сақтайық!» акциясы өтті. Онда «Қазақшаңыз қалай?» атты жоба барысында мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту мақсатында «Емханада», «Дүкенде», «Дәріханада», «Дәмханада», «Киім-кешек дүкенінде», «Саяхатшы сөздігі», «Нотариусте», «Пәтер иелері кооперативі» тақырыптарында 8 түрлі тілашар халыққа таныстырылды.

Шараға Талдықорған қаласының мәслихаты, қалалық кәсіпкерлік, ішкі саясат бөлімдері, ардагерлер кеңесі, «Аманат» партиясы қалалық филиалы, сауда орталықтарының жетекшілері қатысты. 
Алматы облысының «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы мен Талдықорған қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі ұйымдастырған шарада мемлекеттік тілде қызмет көрсету үшін шағын және орта бизнес субъектілеріне, жергілікті жердің этнос өкілдеріне арналған қазақ тілін грамматикасыз, жеңіл әрі оңай сөйлеуді үйрету қамтылды. Сондай-ақ, қоғамдық орындарда мемлекеттік тілде қызмет көрсетудің сапасын арттыру көзделді.
Алматы облысының «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының басшысы Жеңіс Жолдыбаев:
– Сөздік ретінде әзірленген әр үлестірмелі материалда мекеменің ерекшелігіне қарай тиісті термин сөздер, сөйлемдер қамтылып, қазақша-орысша баламасымен берілген. Акция аясында «Қазақстан Республкасындағы тіл туралы» Заңының 19, 21-бабы талаптарын түсіндіреміз. Сонымен қатар, деректемелер мен көрнекі ақпарат құралдарының тіл нормаларына сәйкес, рәсімделуін анықтау мақсатында жергілікті атқарушы органдар, қоғамдық ұйымдар, жастар ұйымдары, бұқаралық ақпарат құралдарымен бірлескен әдістемелік көмек көрсетуді жоспарлап отырмыз, – деп акцияның мақсат-міндетін түсіндірді. 

М. Даниярұлы
Сурет ғаламтордан алынды