КҮН МЕН ЖЕЛДІҢ ҚУАТЫ ЗОР

Уақыты: 03.07.2022
Оқылды: 1165
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Қазіргі таңда қоршаған ортаны қорғау, экологиялық мәселелерді реттеу, туризмнің өркендеуіне мүмкіндік ашу бағытында баламалы энергияның пайдасы көп тиюде.

Өткен жылдары республикалық, жергілікті бюджеттен қомақты қаржы бөлініп, электрмен жабдықтау желілері салынды және реконструкцияланды. Алакөл, Еңбекшіқазақ, Кербұлақ, Көксу, Ұйғыр және Панфилов аудандарының электрмен жабдықтау схемаларын болашақта дамытуды көздейтін техникалық- экономикалық негіздемесі әзірленді. Оның шеңберінде жаңартылған энергия көздері объектілерінің қуаттарын беру схемасы да ескерілген. 

Бүгінгі таңда облыс тұрғындарының  электр желілері мен электр қуатына қажеттілігін қамтамасыз ету үшін жел ресурстарын пайдалану арқылы жел электрстансысы құрылысының бірнеше жобасы іске асырылды. Бұл бағыт бойынша Қапшағай өңірінде өнімді жұмыс жүргізілуде.  Айталық,  2018 жылдың шілде айында  «ВЭС Сарыбұлақ» ЖШС мен «ВЭС Сарыбұлақ-2» ЖШС-нің жел электрстансысы іске қосылса, 2019 жылы «ВЭС Кербұлақ» ЖШС және «ВЭС Кербұлақ-2» ЖШС-нің жалпы қуаты 9,0 МВт жел электрстансысы қолданысқа берілді. Сондай-ақ, Қапшағай қаласында ҚР Үкіметінің «Жаңартылатын энергия көздерін дамыту» бағдарламасы аясында «Аннар» ЖШС-ның қуаттылығы 5 МВт жел электрстансысы жұмыс істей бастады.   

Жел электрстансысының басқа энергия көздерінен экологиялық және экономикалық артықшылығы көп. Ол көмір мен мұнайды, газды үнемдеуге септігін тигізеді, әсіресе, қоршаған ортаны ластанудан сақтайды. Мамандардың сөзіне сүйенсек, жел күшінен өндірілетін энергия мөлшері желдің тығыздығына, жел турбинасы қалақшаларының ауданына, жел жылдамдығына тәуелді болмақ. 

Жалпы, баламалы энергия көзін іздеудің маңызы артып келеді. Энергияны шектен тыс пайдалану салдарынан жер бетінде жаһандық жылыну үрдісі жүруде. Осы орайда Алматы облысында табиғаттың өзін энергия көзі ретінде пайдалануға ынта жоғары болып отыр. Бұл үрдіс алдағы уақытта да сәтті жалғасын табады.

Қажет АНДАС
Қонаев қаласы
Алматы облысы
Сурет ғаламтордан алынды