Ақсуда қант қамысы  өңделеді

Уақыты: 04.07.2022
Оқылды: 967
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

 Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев Ақсу ауданына іссапармен барды. Ол аудандағы өнеркәсіп және ауылшаруашылық құрылымдарын  аралап, жаңа салынып жатқан әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысты. Егістік алқаптарға барды. Ирригациялық жүйелердің құрылысын көріп, мүмкіншілігіне назар аударды.

         Облыс басшысы  алдымен атбасын  Қызылағаш су қоймасына бұрды.  Қойма 42 млн. текше метр су жинауға арналған. Бүгінде мұнда жиналған суды сақтау,  науа арқылы ағызу, алқаптарға тарату компьютер арқылы автоматты түрде басқарылады. Әзірге басқару мен су жіберу қалыпты атқарылуда. Қойма жылдың соңында толығымен іске қосылмақ. 

Қызылағаш ауылындағы «Агрохолдинг Ақсу» серіктестігінің қарамағында  1870 гектар алқап бар.  Мұнда ауылшаруашылық техникаларының паркі де орналасқан.  Астық егуге арналған техниканың саны 50 бірлікті құрайды. Серіктестік 2021-жылы 1300 бас ірі қараға арналған тауарлы-сүт фермасының құрылысын бастаған.  Өткен жылдан бері 617 бас  іріқарадан алынатын сүт фермасының өнімдері «Фудмастер» кәсіпорнында өңделеді.  Мал азығын дайындауды да өздері қолға алған.  Мысалы, былтыр  250 гектар алқапқа жоңышқа, 320 гектарға жүгері,  220 гектарға күздік бидай ексе, биыл егсітік жер көлемін едәуір ұлғайтыпты.  Мұнда сүт өнімдерін шығаратын зауыт салу жоспарлануда.   Алдағы уақытта  1300 басқа арналған тағы бір тауарлы-сүт фермасын салмақ. Ферма басшысы барлық жұмысшыны  жергілікті жерден алатынын айтты.  Аталмыш шаруашылық әлеуметтің әлеуетін көтеру мақсатында да ауыл тұрғындарына арнап, баспана салып беру ісін де қолға алмақ.

Ақсу ауданының Сағабүйен ауылында 1980 жылы салынған мектеп күрделі жөндеуден өтуде. Нысанның көлемі 3536 текше метр. Екі қабатты ғимарат 620 оқушының білім алуына арналған. .  Бүгінде онда инфрақұрылым тарту, еденді жаңалау, әктеу-сырлау жұмыстары жүргізілуде. Облыс әкімі Бейбіт Исабаев нысанның жан-жағын көгаландыру шарасын да қатар жүргізу керектігін айтты.

Сағакүрес ауылында жаңадан салынып жатқан мектеп құрылыс материалдарының қымбаттап кетуіне байланысты кестеден кешіктірілуде.  Құрылыс жұмысының қаржысы қайта есептеліп, керекті қаражатқа түзету  енгізілген.  Өңір басшысы құрылыс жұмысын аяқтап, нысанды пайдалануға беру уақытын жылдың аяғына дейін созды.  Ауданда «Ақсу ГЭС» форель шаруашылығы құрылуда.  Серіктестіктің төрағасы Айбарбек Мұхамедиевтің айтуынша, шаруашылықты ашуға 515 млн. теңге қаржы жұмсалған. Бүгінде мұнда инкубация цехы салынуда.  Болашақта балықтан қызыл уылдырық алу жоспарлануда.  Сонымен бірге қайта өңдеумен шұғылданып, балық өнімін көбейтпек.

Ақсу ауданындағы іргелі шаруашылық «Ақсу қант» зауытының жеткекшісі Самат Нәдірбаев өткен жылы 64866 тонна қант қызылшасынан 7,7 тонна дайын өнім алғанын айтты. Биыл жыл соңына дейін қант қамысын өңдеу қолға алынбақ.  Зауыттың мүмкіндігін көрген өңір басшысы  Бейбіт Өксікбайұлы  алқаптарға су жіберу, ауыспалы егіс жүйесін сақтау,  субсидия беру арқылы қант қызылшасын өсіруге қолдау білдірілетінін жеткізді. Сондай-ақ, зауыт басшысына шаруашылықтармен бірлесіп, алдағы уақытта атқаратын жұмыстарды пысықтауды тапсырды. Жансүгір ауылында «Қазсушар» мемлекеттік мекемесінің қолдауымен   шаруашалықішілік  каналын жүргізу қолға алынған. Ирригациялық жүйе Ислам банкі арқылы қаржыландырылуда.  Су жүйесі жаңартылған кезде  196,5 гектар астық алқабы сумен қамтамасыз етіледі. Өңір басшысы мұның да жұмысымен толық танысып, алқаптарға су жіберудің басқа да технологиялары жайлы ойын айтты.  Жаңбырлатқыш агрегаттар қою да тығырықтан шығуға негіз болмақ. Бұл істер алдағы уақытта кезең-кезеңімен жүйеге асырылмақ.

 Ақсу ауданына арнайы ісспармен келген облыс басшысы іргелі істерді атқаруда бірлесіп қана нәтижеге қол жеткізуге болатынын ескертті. Өңірді дамытуға барынша қолдау жасайтынын да жасырмады.

Гүлжан ТҰРСЫН