Жолаушы тасмалдаудың жауапкершілігі

Уақыты: 11.07.2016
Оқылды: 1620
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Ауыл мен ауыл арасында немесе қала ішінде қатынаудың бү­гінде түк қиындығы жоқ. Себебі, қай жерде болмасын қо­лыңды сәл көтерсең болғаны желмен жарысқан жүргі­зу­шілер жаныңа жүйт­кіп жетеді. Иә, жалпы айтқанда бүгін такси та­бу­дың түк қиын­дығы жоқ. Қара жолдың бойында қалып қоямын де­ген қор­қы­ныш сейілген заман бұл. Дегенмен сол саны көп так­сис­тердің сапасы қалай? Сапа дегеніміз олардың қауіпсіздігі, сы­пайылығы, тәр­биелігі. Әйтпесе,  такси жүргізушілерінің салда­ры­нан небір оқиғаның өрбіп жатқаны белгілі. Соған байланысты заңсыз көлік жүргізіп, нә­па­қасын тауып жүргендерді тәртіпке салу мәселесі де кө­терілген бо­латын. Бірақ нәтиже жоқ.

Әуежайдың маңында әндетіп, вокзалдың жанында сәндетіп жүрген жүргізушілерге деген құзырлы орындардың қауқары нәтижесіз болып келеді. Ұшақтан түсіп, пойыздан келгеніңде жынды балаша бірден сөмкеңе жармасатындарды көріп расымен жабайы ма дейсің. Сенің келісімің керек пе, керексіз бе белгісіз. Біраз жерге дейін сөйлесе жүріп жүгіңді көтерісіп барады. Сол сияқты базар маңын, дүкен жанын торуылдаған таксистер де нақ бір күзетші секілді. Шаруаңды бітіріп, шыға салысымен, аяғыңды жерге тигізбей алып кетуге ұмтылады. Қаладан қалаға қатынау үшін де табаныңды ти­гіз­бей, өзіңнен бұрын сөмкеңді жетектеп кетеді. Бағалары да құбылмалы. Мәселен, Талдықорған қаласындағы Тәуелсіз­дік пен Жансүгіров көшесінің қиылысындағы таксистердің тұра­ғын­да күнде шу. «Алматы, Алматы!» – деп алды-артыңды орап айғай салғандардың қатары көп. Облыс орталығы болған соң, ауыл-аймақтан, өзге де қалалардан қонақтың көп келетіні белгілі. Соны пайдаланып тепсе темір үзетін жігіттер жол торуылдап, жүргізуші болып кеткен. Қиналмай бір орында оты­рып қаржы табу қай көңілді қанағаттандырмасын?! Жеңіл­дің үстімен жүру кімге болсын жағады емес пе? Так­систер кезекке тұрып, салығын төлеп заңды түрде жұмыс­тарын жалғастырғаны жөн бе? Болмаса бір бағаға тұрақтап тәртіпті алға қойып, тиімді қызмет көрсеткені дұрыс па? Жалпы бұл кәсіпке кім жауапты?  Кім бақылап, кім жөнге салады?!  Міне, мені осы мәселелер толғандырды. Халыққа да мұндай қызмет қиынға соғатын шығар деп топшыладым. Сөйттім-дағы көлік жүргізуді кәсіп көзіне айналдырған бір жүргізушімен сұхбаттастым.

Талдықорған – Алматы бағытына жолға шықтым.  Дема­лыс күні болатын. Жаңбыр жауып тұр. Күн суық. Жаңбырлы күні көлік тізгіндегендер аз шығар, тіптен болмай қалмасын деген күдікпен де таксистердің тұрағына жеттім. Сөйтсем өз ойыма өзім қарсы шығуыма тура келді. Аспаннан шелектеп төккен нөсерге қарамастан жол жиегінен жүргізушілердің жиырмасы бірдей күтіп алды. «Алматы, Алматы» деп айқай­лап қояды. Жаңбырлы күн бағалары да қымбат көрінеді. 3000 теңге дегендеріне қарамай, өз бағамды айтып тұрдым. Такси тұтынушы аз, оның үстіне су болғаннан шаршады ма әйтеуір бір ағамыз менің бағама келісті.  Иә, мен армандаған шетелдің сымбатты көлігі. Керемет, отыра салысымен ішіне қарап көп сүйсіндім. Отырған орындығым мен көліктің ішкі көрінісі еліктіріп барады. Жүрісін айтсаңшы, шіркін! Нағыз тұлпар, желге қарсыласып жүйткіп барады. Бірақ осындай қымбат көлікті тізгіндеуші тиын-тебенге қарап неге жүргізуші болып жүр? Осы ой санамды жеп барады. Көлік ішінде үнсіздік. Негізінде жолаушы тасымалдаумен айналысатын таксистердің көпшілігі жұмыссыз жандар. Отбасының күнделікті қажет­тілігін өтеу үшін арзан-құрзан көлік тізгініне отырып, табыс табуды көздегендер. Ал мына кісіге таңым бар, мынадай керемет көлігі бола тұра такси тізгіндегені несі? Ойымды ішіме жинап, өз-өзімнен тынғанша деп таксиске тосыннан сұрақты қойып жібердім.

 – Аға, осы таксидің бағасы неге тұрақты емес? Бірде арзан, ал бірде қымбат. Әлде ауа райына да қарайсыздар ма?

– Балам, айтшы маған, арзан не бар қазір? Жанармай да қымбат. Автобөлшектер де қалтаға ауыр. Машинаға құятын майдың өзіне майланып жүріп жетеміз. Бәрің қымбат дейсіңдер. Қымбат болса неменеге бізге отырасыңдар? – деп аға ашуға мінді.

Мен жүргізушіні сабырға шақырдым.

– Ой, аға, сіздің көлігіңіз майға түсірмей, аймен алып жүретін секілді ғой. Тап-таза, жап-жаңа, өзі қымбат. Мұнымен адам тасып жүргеніңіз не? – дедім.

– Әй, балам, қымбат көлік мініп, неменеңе таксист болып жүрсің дейсің ғой? Осы қымбат көлікті кезінде жақсы бір жұмыс жасап жүргенімде сол қызметіме сеніп несиеге алған болатынмын. Сосын жұмысымда қысқарту болды. Несие келіп желкеден қысты. Төлемесең кілтіңді алып қояды екен. Содан не керек, біріншіден, осының айлық төлемін табу үшін, екіншіден үйдегілерді бағу үшін таксист болып жүрміз. Нан оңайлықпен келмейді. Жаныңды жеп жүріп үлкен еңбекпен келеді. Көбісі біздің жұмысымызды оңай деп санайды. Қайдағы оңай, Күніне мінезі мың бұралған көп адаммен кездесеміз. Оның бірінің еркелігін көтерсек, екіншісімен ұрсысуға тура келеді. Кейбірі тіпті жеріне жетіп алып, келіскен қаржыны бермей  кетеді. Ал кейбірі жететін жеріне жеткен соң айғайлап шығады. Жалпы, балам, қазір адамның бәрі ашулы, асығыс, сөйлегеніңді жақтырмайды. Табыс аз, содан тарыққан бәрі. Мен сонда да көпшілігінің көңілін табуға тырысамын. Себебі өз жүйкемді тоздырғым келмейді.

– Жаңа жұмысымнан қысқартты дедіңіз. Қазіргі таңдағы табыс көзіңіз осы ғана ма?

– Өкінішке орай, солай болып тұр. Тұрақты жұмысым бол­са таксист болып нем бар?! Таңнан қара кешке көлікте отыру да оңай емес. Тапқанымның жартысы несиесін жапса, жар­тысы бұзылған құрылғысына кетеді. Амал жоқ сонда да тар­тып теріп бала-шағамды осымен асырап отырған жайым бар.

Көлікке отырған кездегі алғашқы ойымнан айни бастадым. Иә, бұл кәсіп те қиындықпен жүретіндігіне көзім жетті. Ағаны алғаш көргенде жылпос, ақша үшін айлаға баратын адамдай көрінген. Сөйтсем соның бәрі осы бір жағдайда жатыр екен ғой. Әдепті де арлы, тәрбиелі кісі екені әңгімесінен-ақ көрініп тұр. Осы мезетті пайдаланып келесі сауалымды қойдым.

– Аға, қазір жалпы таксист болып жүргендердің көбісі мәдениет сақтамайды. Әдеп дегенді артта қалдырған. Заңды белшесінен басып, салық төлеуден де жалтарып жүргені қаншама? Бұның бәрі неден шығады?

– Өйтпей қайтсін, балам? Жанармай қалтаны қағады, көп­шілігінің көлігі ескі, ескі көлік есіңді кетіреді. Оның жөндеу жұмыстары бар.      

Ағамның дауысының дірілінен ашуланып отырғанын сезіп, сауалымды тоқтата тұрдым. Отырдым да ойға баттым. Бұл кісілердің әрекеті  белгілі-ақ.  Сол арқылы бір отбасын асырап-бағып отыр емес пе? Сондықтан мұндай жүргізуші­лерге бір жағынан түсіністікпен қарау керек сияқты. Біраз үнсіздіктен соң ағамды қайта әңгімеге тарттым.

– Аға, Талдықорғандағы тұрақтарыңызда қанша көлік бар? Кезекті қалай аласыздар? Ешкім тексермей ме?

– Ол жерде 30-дан аса көлік бар. Күн-түн демей кезектесіп жүре береді. Жоқ дегенде күніне бір рейс жасаймыз. Келе салысымен кезекке тіркелеміз. Алматыда да сол. Кезегім келгенше күтуге тура келеді. Түнге  дейін болсын күтуің керек.

Ағамның біраз әңгімесін естіп, Алматыға да жеттім. Бұл – мен сөйлескен бір ғана таксист. Мұндай жағдайда жүрген қаншасы бар әлі?! Қанша жерден таксистерге тосырқап қарасақ та бұл кісілердің көмегі халыққа керек-ақ деп те топшыладым. Елімізде такси қызметі мен оның жүргізушілері үшін қабылданған арнайы ереже бар. Жол тосқан таксистерге қарағанда кәсіби такси жүргізушісіне қойылатын талап та жоғары. Ереже бойынша, кәсіби такси жүргізушілері кәсіпкер ретінде тіркеліп, құжаттарын түгендеуі қажет. Құжат болғанда да адам тасуға рұқсат беретін құжат. Сонымен қатар көлігі арнайы такси белгісімен жабдықталып, арнайы жүргізуші киімін де киюге міндетті. Қызығы көлік салонында жүргізу­шінің фотосуреті мен аты-жөні жазылған ақпарат туруы тиіс. Мұ­ның бәрі қауіпсіздік үшін. Иә, бұл жайттар қуантады. Бірақ жаңағы жол жиегінде тұратын жүргізушіге қарағанда бағасы екі-үш есе қымбат. Осы жерін білгенде бұларға жолағың да келмес. Тек қауіпсіздігі дегені болмаса, қызығатын түгі де жоқ. Жалпы тексеруге жүгінсек, жол жиегіндегі жүргізушілерге шағымданатындар, қалтасында қаржысы қомақты немесе шетелден келген азаматтар екен. Ақпаратқа сүйенсек, жеке таксистердің кесірінен қомақты қаржысынан айырылғандар да, жолда қалып, көлік бұзылып келеңсіз жағдайға ұшыраған­дар да осылар. Ал тұрмысы орта тұрғындар үшін кәсіби таксиіңе қарағанда жеке таксистерден тиімдісі болмай тұр. Заң негізінде әдепсіздік көрсеткен жүргізушіге 10 мың теңге айыппұл салынып, екінші рет қайталанса 5 тәулікке қама­латынынан да бәрі хабардар. Себебі, құқық қорғау қыз­мет­керлерінің бұл қағиданы түсіндіріп жүргендеріне де талай жыл болды. Жыламсырап жүріп, жүздеген мыңды табатын так­сис­терге де сол керек шығар деп ойлайсың. Дегенмен, елге тиім­дісін дәл білмеген соң дал боласың. Таксистердің  адамға тала­сып, шу шығарып қала құтын қашырып жатқаны да жағымды жайт емес. Сапасы жоғары, судай жаңа көлік мінген қауіпсіз таксистер қызметін көбінің қалтасы көтере бермейді.

Ал қала ішінде қатынайтын арнайы такси қызметінің сапасы жоғары болғанымен, бағасы қалтаға айтарлықтай салмақ. Әлемдік зерттеу нәтижесінде ең қымбат  такси  қызметі Цюрих қаласында тіркеліпті. Ал одан соң Амстердам, Лондон, Берлин, Вена, Сидней, Париж, Нью-Йорк қалалары осы қатарды толықтырып тұр. Арнайы шақырумен келетін такси қызметінің құны біздің елімізде де арзан емес. Сондықтан халықтың да барлық талаптарға сай, заңды такси қызметіне жүгінбеуі түсінікті жайт. Қалай десек те елімізде қауіпсіз таксистерге қарағанда көлденең табыс табатын жүргізушілердің қалтасы қампиып тұр. Бұл олқылықтың  жолы жабылатын күн жақын. Жол жиегінде заңсыз жолаушы тасымалдап күн көретін жүргізушілерді тізгіндейтін уақыт келді.

Құралбек Сәбитов