Сібір жарасының қаупі сейілді

Уақыты: 12.07.2016
Оқылды: 1516
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Премьер-министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өт­кен селекторлық жиында Елбасының 2016 жылғы 1 шіл­деде Индустрияландыру күнінде берген тапсыр­ма­­ларының орындалу барысы мен ауылшаруа­шы­лы­ғын дамытуға қатысты маңызды мәселелер талқы­ланды.

Осыған орай баяндама жасаған ҚР Ұлттық экономика министрі Қуандық Би­шімбаев Үкіметке тұрғын үй құры­лысы­ның жаңа бағдарламасы ұсынылатынын, ауылшаруашылығын дамытуға бағыттала­тын шағын несиені қалалықтарға да беру тетігі қарастырылып жатқанын жеткізді.

Үкімет отырысында талқыға түскен тағы бір өзекті мәселе ветеринария сала­сына қатысты болды. Ол бойынша Ауыл­шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева еліміздегі ахуалды баяндап, сібір жарасы бойынша орны белгіленбеген 714 пункт бар екендігін айтып өтті.

Бұл мәселеге қатысты өңірлердегі ахуал­ға ерекше мән берілді. Облыс әкімі Амандық Баталов сібір жарасына қатысты жуырда орын алған жағдайды баян етті.

– Кербұлақ ауданындағы жағдайға тоқ­­та­лып өтсем, маусымның 7-сі күні       3 тұр­­ғын жергілікті дәрігерлік амбулато­рия­ға келіп, дене қызуының жоғарылап,  қол­да­рында бөрткен пайда болғанын айт­қан. Дәрігерлер шамамен «сібір жара­сы» деген диагноз қойған. Науқастар екі апта қа­жет­ті ем-домды қабылдап, үйлеріне қай­та­рыл­ды. Маусымның 9-ы күні бірден тиісті ма­мандардың қатысуымен халық­пен жиын өткіздік. Онда осы жағдайға се­бепші бол­ған  ірі қара малдың сойыл­ғаны анық­тал­ды. Оған қатысы бар деген 123 адамға вак­цина егу шарасы жүргі­зілді. Бізде тұрғын­дарға арналған  4 мың вакцина бар.  Вете­ри­нарлық қызмет эпи­зо­отияға қарсы сақ­тық шараларын жүр­гізіп, 4794 бас малды тексеруден өткізді. Дезинфекциялау 5 мың шаршы метрлік аумақты қамтыды. Ауру таратқан малдың сүйек-саяғы жойылып, қайта сынақ алын­ды. Сібір жарасының қоздырғышы анық­талған жоқ. Прокурату­ра­ның қау­лысы­мен мал дәрігері мен мал иесінің үстінен қылмыстық іс қозғалды.

Облыста сібір жарасы қаупі бар 181 ел­ді мекен бар.  Сондай-ақ, індет ошағы болып табылатын 257 орынның 178-іне қоршау мен белгі қойылған. Қалған       79-ын қоршау үшін 89,9 млн. теңге бөлдік. Жалпы алғанда соңғы жылдары эпизоо­тия­ға қарсы шараларға 1,7 млрд. теңге қарас­тырылған, барлық аудандық меди­ци­налық бөлімше тоңазыт­қыш­тар­мен қам­тылған, 352 мал қорымы бар. Ол үшін 545 млн. теңге қарастырылған, та­ғы қосымша 40 млн. теңге бөліп отыр­мыз. Бұл мәселе айрықша қада­ғалауы­мызда болады, – деді ол.

Премьер-Министр Кәрім Мәсімов кәсіпорындардағы жалақы қарыз­да­ры­ның төленуі жайына да назар аударды. Үкімет отырысы кезінде әкімдер аталған мә­­се­леге қатысты ағымдағы жағдайды баян­­дады. Өз кезегінде облыс әкімі Аман­дық Ғаб­басұлы мерзімі өтіп кеткен қарыз кө­лемінің 9,6 млн. теңгені құрап отыр­ғанын, 5 кәсіпорын банкрот болға­нын, олардың мүлкі сатылған соң қыз­мет­кер­лерге жала­қы төленетінін, жалпы алғанда, қарыз кө­лемі 25,8 млн. теңгені құрайты­нын жет­кізді.

Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов об­лыс әкімдеріне жиында көтерілген мәсе­лелерді қатаң бақылауға алуды тапсы­рып,  нақты тапсырмалар берді.

Алма Есенбаева