ТӨЛТАҢБА - ҰЛТТЫҢ ТӨЛ ТЕРМИНІ...

Уақыты: 15.11.2022
Оқылды: 1537
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Терминдерді аудару ісі – ежелден бар дәстүр. Таңбаның жаратылыста да, қоғамда да орны айрықша. Жазуда да, есепте де, өнімде де, тіпті малда да, басқада да таңба болады. Олардың атаулары – ен таңба, сапа белгісі, т.б. деп кете береді. Ал, қоғамда елтаңбадан бастап эмблема, логотипке дейін әрқайсысы өзіндік айыру мазмұнына ие.


    Таңбаның ресми түрінің төрінде елтаңба тұрса, ел ішіндегі штат, губерния, облыс және басқа да территориялық белгілерді әлі де сол қалыптасқан жат терминдермен атауға мәжбүрміз. Батыс классиктері сөздік қорға бір сөз қоса алса, оны бүкіл шығармашылық жетістіктерінен де биік қояды екен. Бұл орайда азаттықтың 30 жылдығында 30 тістен шыққан отыз ауыз сөздің бірін қазақшаласақ та саябырлықтан сәл алыстайтын едік. Менің пікір қозғауыма өзек болып отырған Айдын Рысбекұлы деген бауырымыздың «Қазақ әдебиеті» газетіне шыққан «Төлтаңба – тарихтан тиген тәберік» атты мақаласы еді. Облыс, қала немесе басқа да жергілікті территориялық ерекшеліктерді көрсететін таңбаларды қазақша айту үшін логотип, эмблема дегендердің қайсысы сәйкесетінін таппай ойланып қаламыз. Яғни, түркішілдердің бірінші құрылтайында А. Байтұрсынұлы ұсынған қағидалардың алғашқысының өзі-ақ термин әлемінің бүкіл жүгін көтеруге жеткілікті. Немесе, толық кемерінде қаймағы бұзылмаған бай ұлттық тіліміз тұрғанда терминнің аудармасын туыстас түркі тілдерінен іздеудің, соңғы мүмкіндікте адамзат танымын айшықтап тұрған халықаралық терминдерге жүгінудің де қажеті шамалы. Мысалы, Қытайда барлық сөздер мен терминдердің қытайша аудармасы жасалған деген сөз бар. Ол жаққа өзім студент кезімде барғанда өзімнің қытайша шала қабылдауыммен топшыласам, телевизорды «дянши», магнитофонды «лонжи» деп аударса, онда тұратын ұйғыр ағайындар да магнитофонды «үнақ» деп аударыпты десетін. Меніңше, терминдер – халықаралық ортақ ұғымдардың сипаты. Кезінде әдебиетіміз сияқты руханиятымыздың да «түрі – ұлттық, мазмұны – социалистік» деп айтуға бір табан жақындап қалып едік. Сол сияқты терминдерге де ұлттық шапан кигізсек, түрі ұлттық, мазмұны халықаралық болып шыға келеді. Әрі азат елдің ертеңіне бір шетінен рухани қорғаныс қызметін де атқарады. Кешегі Алаш қайраткері Х. Досмұхамедұлы, бүгінгі ғалым Шерубай Құрманбайұлының жат сөздерді қабылдаудың маңыздылығына тоқталуының да өзіндік себебі бар шығар. Олай дейтінім, Шыңғыстан басталған саяси жағдайлар тайпалық патшалықтарды империяға күштеп бағындырып, саяси эволюция толық бір тілде сөйлеу дәуіріне де жеткізді.
    Әр тайпаның сөздік қоры ортақ қазанға құйылып, толыққанды қазақ ұлты қалыптасты. Оған сонау парсы, қытай, моңғол, жоңғар, орыс басқыншылықтары сияқты осман, араб халифаттарының да тілдік қорымызға көп ықпалы болды. Айтулы ғалымдардан түсінгенім – тілді жат тілмен байытқанда халықаралық терминдер өркениетімізге етене емес дегенді білдіретін сияқты. Ал тіліміздің жартысынан артығы жаттан кірсе, құрама штат сияқты онда құрама ұлт болып шығатындығымызды мойындамасқа лаж болмайды. Сөйтпес үшін ғаламдасудан дәуірлер бұрын-ақ қорғана бастаған қытай, жапон елдері сияқты мемлекетті саясатпен ғана емес, ұлттың пәрменділігін күшейтіп, руханиятпен қорғауға да атсалысу – басты міндет. Терминді де кімнің саяси ықпалы басым болса, соның тілінде қабылдаймыз. Орыс отаршылдары арқылы келген батыс терминдерінің айтылуы қай елден шықса, соның тілінде мүлде басқаша болып жатады. Бәлкім, ол елдердің өздері де мүлде түбіріндегіндей айтпайтын шығар. Сондықтан өз сөз маржандарымыздың қадір-қасиетін дер кезінде ескеріп, терминдік мәртебеге лайықты сөзден сөз тудырып жатсақ, азат әрекетімізді ешкім де шектей алмайды. Латын мен грекке табынып, батыстың басқа сөзіне бағынып, өз мүмкіндігімізден қағылып жүре берсек, құлдық санадан айықпағандықтың нақ дәлелі сол болар еді. 
    Осы орайда Айдын ініміз де керемет салыстырмалы талдаулар жасапты. Бұдан терминдік бір сөздің өзінің тұтас бір ғылымның тамырын қозғайтындығын байқаймыз. Өңірлік атауға әзірге «Төлтаңбадан» басқа лайықты терминнің де жоқтығын жұрт та білетін болар. Сондықтан бұл сөздің ресми бекітілуі де заңды. Тәуелсіздік алғалы «елтаңба», «әнұран», «рәміз», т.б. атаулардың қолданысына тез-ақ үйрендік. Бір жағы «Елтаңбаны» топтық, кәсіптік, ұйымдық логотиптің орнына қолдану рәміздің беделіне де нұқсан келтіреді. Керісінше, беделін арттырып, әсірелеу мағынасында қолданылатын тұстары да болады. Мысалы, «Қазақ әдебиеті» газетіне «Айтыс – өнердегі елтаңбамыз!» атты мақалам шықты. Мұнда «төлтаңбамыз» десем мүлде мағына болмас еді. Өйткені, айтыс – өңірдің ғана өнері емес, ұлттың рухани айшықты бедері. Бәлкім, Әнұранның да өңірлік, топтық баламасын табатын болармыз. Ең бастысы, жасалған іс, ойластырылған тұжырым болса, санамен салмақтап дұрыс-бұрысына мән беріп, уақытында қолдау көрсеткен де абзал. Бір сөз біртұтас ой мен іске түрткі болады. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы қарсаңында ұлттық терминге ерекше мән берген геральдика маманы, басқа да бірнеше еңбектердің, кітаптардың авторы Айдын Рысбекұлы бауырыма осы салада ақ жол тілеймін!

Аманғазы КӘРІПЖАН,
ақын, сазгер,
Қазақстан Жастар Одағы және Халықаралық Алаш әдеби сыйлықтарының иегері