ҮКІМЕТ ОТЫРЫСЫ: ЕЛІМІЗДЕ КӘРІЗ-ТАЗАРТУ ҚҰРЫЛЫСТАРЫНЫҢ ТОЗУЫ 60 ПАЙЫЗДАН АСҚАН

Уақыты: 28.12.2022
Оқылды: 1504
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен онлайн режимде селекторлық жиын өтті. Онда кәріз және тазарту құрылыстарын салу және жаңғырту, әлеуметтік қамсыздандыру жүйесінің тиімділігін арттыру, ҚР Үкіметінің заң жобалау жұмыстарының 2022 жылға арналған жоспарының орындалу барысы және ҚР Үкіметінің заң жобалау жұмыстарының 2023 жылға арналған жоспарының жобасы талқыланды.

Премьер-Министр еліміздегі кәріз-тазарту құрылыстарының тозу деңгейі 60%-дан, кейбір қалаларда тіпті 90%-дан асып кеткенін атап өтті. Осыған байланысты Әлихан Смайылов бір ай мерзімде әрбір жобаны іске асыру кестесін бекіту және олардың орындалу барысы туралы Үкіметке тоқсан сайын хабарлап тұру керегін айтты. Сонымен қатар, кәріз-тазарту құрылыстарының жобаларын уақытылы іске асыру үшін қажетті техникалық құжаттамаларды жедел әзірлеу мен бекіту, екі ай мерзімде халықаралық тәжірибені зерделеуді және тазарту құрылыстарының қалдықтарын одан әрі өңдеу жөнінде ұсыныстар енгізуді тапсырды.

Әлихан Смайылов Әлеуметтік кодекс азаматтардың өміріндегі, яғни адамның туғаннан бастап қартайғанға дейінгі базалық әлеуметтік құқықтарын белгілейтін аса маңызды құжаттардың бірі болып табылатынын атап өтті. Кодекс қабылданған соң жаңа әлеуметтік саясат өтініш беру формасынан проактивті форматқа көшуі керек. Бұл халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Әлеуметтік кодекс жобасына дауыс бергеннен кейін Премьер-Министр оның ҚР Парламенті Мәжілісіне уақытылы енгізілуін қамтамасыз етуді тапсырды.

ҚР Үкіметінің заң жобалау жұмыстарының 2022 жылға арналған жоспарының орындалу барысы туралы Әділет министрі Қанат Мусин баяндама жасады. Үкімет басшысы биыл конституциялық реформа мен Президенттің сайлауалды бағдарламасы аясындағы бастамаларды іске асыру бойынша жұмыстар жүргізілгенін атап өтті. Алдағы жылы да бұл реформалар жалғасын таппақ. Сонымен қатар, әзірленіп жатқан заң жобаларының тізбесіне уақытылы енгізу үшін Мемлекет басшысының заңнамалық тапсырмаларына тұрақты негізде мониторинг жүргізіп отыру қажет.

«ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ»