ТАЛДЫҚОРҒАНДА 2300 ГЕКТАР ПАЙДАЛАНЫЛМАҒАН ЖЕР АНЫҚТАЛДЫ

Уақыты: 30.01.2023
Оқылды: 470
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Талдықорғанда 2300 гектардан аса пайдаланылмаған жайылымдық жер анықталды. Бұл аэроғарыштық зерттеулер арқылы жүзеге асты.

Мониторинг нәтижесінде облыс орталығы аумағында 2306 жайылымдық жердің 2009 гектары қайта пайдалануға берілді. Қалған 296 гектар жердің 3 меншік иесіне бір ай мерзімде заң бұзушылықты жою туралы хабарлама жолданған.   

«Коммерциялық мақсаттағы пайдаланылмаған жерге келетін болсақ, қаланың оңтүстік-батыс бөлігінде 1997–2021 жылдар аралығында қолданысқа беріліп, игерілмеген 110 жер телімі анықталды. Мұндай заң бұзушылықтарға қатысты тиісті шара қабылдау үшін ақпарат облыстық жер ресурстарын басқару департаментіне жолданды», – деді Талдықорған қаласының әкімі Әсет Масабаев.

Бұдан өзге, коммерциялық мақсаттағы жер учаскелерін бөлудің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында, былтырғы қараша айында пилоттық режимде екі жер теліміне қатысты «Геопортал» деректер базасында аукцион өткізілген. Бұл рәсім аукцион қатысушылары тарапынан оң бағаға ие болыпты.

Айгүл Байжұмақызы
Талдықорған қаласы