«ҮЙТАС» САЯЖАЙЫНА ГАЗ БЕРІЛЕДІ

Уақыты: 30.01.2023
Оқылды: 1178
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Қаңтар айының соңына дейін «Үйтас» саяжайында 2 мыңнан аса үйге табиғи газ беру қамтамасыз етілмек.

Наурыз айында «Қызыл тас» және «Қаратал» саяжайында  шамамен 6 мың тұрғын таза ауыз суға қол жеткізбек. Талдықорған қаласының әкімі Әсет Масабаевтың айтуынша, биыл облыс орталығында барлығы 69 шақырымнан аса газбен жабдықтау желілерін салу жоспарлануда. Сондай-ақ өткен жылдың қыркүйегінде 8-ші шағын ауданда газбен жабдықтау желілерін салу жұмысы басталған. Осы жоба аясында биылғы наурыз айына дейін 16 көпқабатты тұрғын үй табиғи газбен қамтамасыз етілмек.

Биыл екі нысан бойынша жобалау аяқталады. Бұл қаланы газдандырудың негізгі жобасына кірмеген желілер және Мойнақ ауылында желілер салу. Бүгінгі таңда табиғи газбен 4 мыңға жуық учаске қамтылмаған. Бұл «Қаратал», «Красный камен», «Мерекелік», «Балықты», «Сарыбұлақ», «Алмалы», «Ащыбұлақ» саяжайлары, сондай-ақ ЖТҚ 1-бөлімшесі. Облыстық энергетика және ТКШ басқармасының хабарлауынша, биыл жобалау жұмыстары басталады. Облыс орталығын сумен жабдықтау жұмыстары да маңызды. Осыған байланысты қала әкімі биыл 85,2 шақырым сумен жабдықтау және су бұру желілерін салу жоспарланғанын айтты.

Атап айтқанда, 2-жартыжылдықта 141 көшеге ұзындығы 71 шақырым су және кәріз желілерін салу бойынша жобаны іске асыру, сондай-ақ, «Ұлан» қалашығында, «Жастар 1/1» ЖТҚ және Еркін ауылында желілерді салу және реконструкциялау басталады. «Ащыбұлақ» қауымдастығында сумен жабдықтау желілерін салу жұмыстары толық аяқталған. Осылайша 700-ге жуық тұрғын сумен қамтылған.

Айгүл Байжұмақызы
Талдықорған қаласы