ТАЛДЫҚОРҒАН: КӨШЕЛЕР САПАСЫ СЫН КӨТЕРМЕЙДІ

Уақыты: 30.01.2023
Оқылды: 1142
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Халық «Талдыпариж» атап кеткен Жетісудың жүрегі Талдықорғанда тұрғындар сынына ілігетін жайттар аз емес. Соның бірі – жол мәселесі. Шұрық-тесік жолдармен көлік түгілі жаяу жүрудің өзі мұңға айналатын көшелер бар. Оның бәрін тізбектемей-ақ, бір-екеуін мысалға келтірсек жеткілікті. Қалғанын көлік тізгіндеген жүргізушілер өздері-ақ біліп жатар.

Мысалы, былтыр ғана жаңаланған Жұмахан Балапанов көшесіндегі жайт бүкіл елге жария болды. Өйткені, ол жаңа болмаса да, сол жаңа жолдарға жетеқабыл еді. Асфальтін қырып тастап, басқасын төседі, одан бөлек бүкіл бордюрі ауысты. «Оған кеткен қыруар қаржы неге саяжайлардағы шұрық-тесік жолдарға жұмсалмады?» деген сауал пайда болды. Жоспарға еніп, жобалық-сметалық құжаты рәсімделіп, бюджеттен ақша бөлінген соң амал жоқ, ол көше жасалды.
Қаладағы асфальті сылынған Сланов, Хан Тәңірі секілді көшелердің құрылысы былтыр ала жаздай аяқталмай, күзді өткеріп, қыста сол қалпы жатыр. Көліктің жүруіне кәдімгідей кедергі келтіруде. Әсіресе, Слановтың Абай мен Абылай хан көшесін жалғар тұсында кей кездері кептеліс пайда болады. Екі көшенің ортасында тасбақа жүріспен өтпесең, шоқалақтардан  миың шайқалады.
Жылу құбырларының жарылуы салдарынан қыстың көзі қырауда кей жолдар қазылып, беті дұрыс жабылмады. Оған айқын дәлел – Қабылиса бабамыздың атындағы көшедегі келеңсіз көріністер. Дәл осы көшенің Гагарин мен Алдабергенов арасын жалғайтын жағында дөңгелегің түссе, жарылмай не дискің майыспай шықпайтын шұңқырлар бар. Оны, жарайды, жаттап алған біз айналып өтеміз. Оның өзінде бір мәрте аямай тесікке түсіп, басқа тиген соң. Сырттан келген, қаладан хабары жоқ адамдар ше? Олар қайтпек?

Анықтама: Былтыр қала жолдарына шамамен 5 млрд. теңге бөлінді, қараша айының соңында ұзындығы 78 шақырымды құрайтын 122 көшедегі жөндеу жұмыстары аяқталды. Нәтижесінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы  жолдардың үлесі 82%-ға жетті. Ал, 2021 жылы 4,8 млрд. теңге бөлініп, ұзындығы 97,4 шақырым 144 көше жөнделді.

Жә, бұларды ысырып Талдықорғанның ең негізгі көшелерінің бірі – Ілияс Жансүгіров көшесін алайық. Алдабергеновпен қиысқан тұсы шұрық-тесік. Алдабергеновтың Қабанбай батырмен қиылысқан тұсындағы шұңқыр да көзге шыққан сүйелдей болып жатыр. Келген қонақты басынан аяғына дейін мақтап алып өтетін көшелердің жайы осы болса, басқасын қайтпекпіз? Қала көшелерін күтіп, ұстауға, түрлі апаттық жағдай орын алғанда ретке келтіретін қаржы бөлініп те қойған шығар. Осы мәселені қала әкімдігі назарға алып, біз мысалға келтірген олқылықтарды дер кезінде реттеп отырса, нұр үстіне нұр болар еді. Сосын жаңаланған, жасалған жұмыстардың сапасын қатаң қадағаласа деген ұсыныс бар. Оны біз ғана емес, қала тұрғындары да айтып жүр. Мысалы, бір-екі жылдың алдында ғана түгел жаңарған Шоқан Уәлиханов көшесінің бүгінгі жайы мәз емес.

Медеу мен Рүстембеков көшелерінің қиылысындағы беті ашық жатқан құдық талай көліктің дөңгелегін талқандады. Қақпақсыз екенін білдіретін ешқандай белгі орнатылмаған, көзге де оңай түспейді.
Қала сыртындағы саяжай тұрғындары да жол мәселесін жыл сайын көтеріп, дабыл қағуда. Жаңбыр жауса балшық кешулеріне тура келетін олар әр жаңа жылдан жаңа көшемен жүреміз деген үміт күтеді. Өткен жылы облыс әкімі Бейбіт Исабаев Талдықорған халқымен кездескенде: 
– Қаланың жаңа шағынаудандары мен саяжайларында жол салу жұмыстары жалғасуда. Мәселен, бүгінде «Көктал», «Шығыс», «Оңтүстік-Шығыс», «Жастар-2» және «Шайқорған» шағынаудандары бойынша 2023 жылы құрылыс бастауға жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. 2023 жылы 48 көшеге күрделі жөндеу және «Үйтас», «Шайқорған», «Мерекелік», «Агроөнеркәсіпші» саяжайларында 50 көшеге орташа жөндеу жүргізіледі. Бұдан бөлек Сарыбұлақ және Ащыбұлақ саяжайындағы 29 көшеде қиыршықтас төсеу жұмыстарын жүргізу жоспарланды, – деп қаржыландырудың жеткілікті көлеміне қарамастан, жұмыстарды орындау сапасы мен мерзімдері бойынша шағымдар бар екенін айтты. Сөз соңында қала әкіміне Талдықорған  жолдарындағы құрылыс, жөндеу жұмыстарының мерзімдері мен сапасын ерекше бақылауға алуды тапсырды. Облыс басшысы айтқандарды шаһар әкімінің  қалай жүзеге асыратынын уақыт көрсетер. Қалай болғанда да, халықтың жанайқайына құлақ түретін кез жетті.

Мәулен ӘНЕРБАЙ