САРЫБҰЛАҚТЫҚТАРДЫҢ ҮМІТІ АҚТАЛАДЫ

Уақыты: 30.01.2023
Оқылды: 1335
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Газетіміздің 7 қаңтар күні шыққан №2 санында Кербұлақ ауданы, Сарыбұлақ ауылы жайлы «Ерін кетсе, тіс тоңады» атты журналистік зерттеу жарияланған болатын. Онда ауылдың инфрақұрылымын, тұрғындардың әлеуметтік, экологиялық, демографиялық жағдайы, газдандыру, жол және электр энергиясымен қамтамасыз етуге қатысты бірқатар мәселелер көтерілген. Сол бойынша Кербұлақ ауданының әкімі Қанат Есболатов пен Жетісу облысы бойынша экология департаментінің басшысы Орман Аққозиевқа хат жолдағанбыз. Ең алдымен аудан әкімі мен департамент басшысына газетте жарияланған материалда көрсетілгендерге түсіністікпен қарап, нақты жауап бергендері үшін басылым атынан алғыс айтамыз.

Аудан әкімдігі тарапынан келген хатта былай делінеді:
1. Сарыбұлақ ауылдық округі, Қазынсу ауылының жалпы аумағы 1606 гектар, 48 аулада 264 адам тұрады. Ауылда 785 мүйізді ірі қара, 425 жылқы, 6825 қой мен ешкі бар. Ал Сарыбұлақ округі, Қарағаш ауылының жалпы көлемі 2987 гектар, онда 197 аулада 1077 адам тұрады. 1560 мүйізді ірі қара, 802 жылқы, 14360 қой мен ешкі және 14 мал қыстату орны бар. Бұл ауылдарға жаз мезгілінде Көксу ауылдық округінен жайылым бекітіп берілген. 
2. Сарыбұлақ ауылдық округі халық санының аз болуына байланысты өңірлерді дамыту бағдарламасына кіргізілмеген, сондықтан газ желісіне қосу қарастырылмаған және экономикалық тұрғыдан да тиімсіз.
3. Сарыбұлақ ауылына 2012 жылы «Достық энерго» ЖШС Оңтүстік Корея мемлекетінің демеушілігімен күн электрстансы салып, қолданысқа берген. Сондай-ақ, стансы ішінен ұңғыма бұрғыланып, ауылға құбыр тартылып, колонкалар орнатылған еді. Күн электрстансысы іске қосылған соң ұңғымаға су реттегіш құрылғы орнатылып, ауылға ауызсу және электр энергиясы берілді. Алайда, стансы 1 жылға жетпей істен шықты. Оңтүстік Корея елінен мамандар шақыртылып, ақаулар қалпына келтірілді. Бірақ көп өтпей құрылғыдан тағы ақау пайда болып, стансы екінші рет істен шықты. Облыс, аудан тарапынан мамандар шақыртылғанымен қалпына келтіру мүмкін болмады.
Бүгінгі таңда күн электрстансысының ішіне орнатылған 200 дана аккумуляторлық батареяның жұмыс істеу мерзімінің өтуіне байланысты оны іске қосу мүмкін болмай тұр. Осыған байланысты 2021 жылы облыстық бюджеттен Сарыбұлақ ауылына 10 кВ. электр жеткізу желісінің құрылыс нысанына жобалау-сметалық құжаттама даярлауға 10287,0 мың теңге қаражат бөлініп, мемлекеттік сатып алу өткізіліп, келісімшарт жасалды. Аталған жобаны ағымдағы жылы тамыз айында сараптамадан өткізіп, құрылыс-монтаж жұмысын жүргізу үшін облыстық басқармаға бюджеттік өтінім берілді. Нәтижесінде Сарыбұлақ ауылын электр желісімен қамтамасыз ету үшін ВЛ-кВ. электр желісінің құрылыс жұмысына 251 млн. 481 мың теңге бөлініп, қазіргі кезде мемлекеттік сатып алу жұмысы жүргізілуде. Алдағы уақытта тендерді ұтқан мекеме ауылды электр энергиясы және ауызсумен қамтамасыз ететін болады. 
4. Алматы – Талдықорған күрежолы Сарыбұлақ ауылдық округіне қарасты елді мекенді жалғастыратын облыстық маңызы бар тасжолды жөндеу жұмысына екі жылдық жоба ретінде 343 млн. 693 мың теңге (14,847 шақырым) бөлінген. Мақалада көрсетілгендей, өткен жылы 2,5 шақырым жол мен ауылға дейінгі көпір жөнделген. Ал биыл қалған қаражатпен 12,347 шақырым жолға жөндеу жұмысы жүргізілетін болады.
5. Этномәдени туризмді дамыту үшін инфрақұрылым дайын болмағандықтан жан-жақтылы зерттеу жүргізілуі керек.
Ал облыстық экология департаментінен келген хатта былай делінген:
ҚР Экология кодексінің (ҚР 2001 жылғы 2 қаңтардағы №400-VI ҚРЗ Кодексі) 29-бабының 1-тармағына сәйкес, қоршаған ортаны қорғауға және оның сапасын жақсартуға бағытталған технологиялық, техникалық ұйымдастырушылық, әлеуметтік және экономикалық шаралар кешені қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар болып табылады. 
Аталған баптың 3 тармағының 1 тармақшасына сәйкес, қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шараларды жергілікті деңгейде – облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, Астананың жергілікті атқарушы орындар ұйымдастырады. 
Яғни, туындаған мәселе бойынша жергілікті атқарушы орган тарапынан тиісті шаралар қабылданып, зерттеу және зерделеу жұмыстарын жүргізу қажет. Сонымен қатар бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шара жасалуы керек.
Сәйкесінше, жергілікті атқарушы орган тарапынан зерттеліп, толықтырылып ақпарат ұсынылған жағдайда департамент тарапынан Жетісу облысының әкімі мен ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрімен бекітілген облыстың экологиялық мәселесін шешу жөніндегі «Жол картасына» қосу мәселесі қарастырылатынын хабарлаймыз.

Тілші түйіні:
Газетке келген жауапқа сүйенсек, электр жарығы мен ауызсу және жол мәселесі шешіледі. Ал газдандыру мәселесі тұрғысынан: «Ауылдастар елді мекеннің демографиялық жағдайын жақсартудың жолдарын қарастыруы керек?» деп түйдік. Мүмкін, кезіндегі қиын жылдары ауылды тастап, тіршілік қамымен қалаға көшкендер ата-бабасының рухы сіңген мекенге қайта оралатын шығар. Әлде, көші-қонның мүмкіндігін тиімді пайдаланудың жолын қарастырып көру керек. Этномәдени туризмді дамыту бұл ауылдастардың белсенді және білікті түрде іске асыратын жұмысы. Мүмкін, ауыл жастары туризм бағытындағы мемлекеттік қайтарымсыз гранттар арқылы осы жұмысты қолға алудың жолын қарастыруы керек шығар. Ал ауылды құм басу туралы сұрақтың нақты жауабын табу үшін ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне жүгінетін боламыз.

Қажет АНДАС