ІРІГЕННІҢ АУЗЫНАН...

Уақыты: 30.01.2023
Оқылды: 1136
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Бүгінгі таңдағы өзекті мәселенің бірі – қоғамдық орында балағаттағаның үшін 69 мың теңге айыппұл төлеу болып тұр. Күн өткен сайын оның өзектілігі артып келеді десе болады. Бәдік айтқаны үшін жауапқа тарту өте орынды деп ойлаймын. 

Дәл қазіргі уақытта боқауыз сөз айтып, өзгенің ар-ұжданына нұқсан келтіретін адамның қатары көбейіп келеді. Заман дамыған сайын мәдениет төмендеп бара жатқандай көрінеді. Әдетте қазақ халқы былапыт сөйлеген адамды ортаға қоспайтын, елді бүлдіреді деп шетететін. Ондайларға «Ірігеннің аузынан шіріген сөз шығады», – деп қырын қараушы еді. Ал қазір басқаша, төстен алып, бетке шауып жатқан әйелдер, аузына ақ ит кіріп, көк ит шығып жатқан еркектерді көргенде жағаңды ұстайсың. Осылар анадан тәрбие, атадан ғибрат алды ма деп қынжыласың. Құрмет, аяушылық, сыйластық, мейірімділік деген ұлттық сипат жойылып барады. Осыны көрген жас ұрпақ та көргенін істеп, көңілге кірбің түсіріп, жаман әдеттің жетегінде кетуде. Әлімсақтан «текті атаның ұрпағымыз» деп кеуде қаққанда ешкімге дес бермейміз. Бірақ тектіліктен жұрнақ та жоқ, аузымыз жаман сөзге былғанып жүр. Енді осыдан кейін тоқтамға келетін шығар деген үміт басым. Үкімет осындай шешім шығарғаны өте орынды деп санаймын. Мұны біразы қолдаса, біреулері қарсы болып та жатыр. Әйтсе де заңға бағыну керек және әдептен озбаған дұрыс. Қоғамдық орынмен ғана шектеліп қалмай әлеуметтік желідегі жауапкершілікті назарға алса деген ойым бар. Ауыз өзімдікі, сөз еркіндігі деп бір адамды аш қасқырдай талауға дайын. Жеке басына тисіп, жан жарасын тырнап, күстаналап жатқандарды көргенде жаным аурады. Біз неге осындай күйге түстік, осыншама қатігез болатындай адамдықтан қалайша алшақтап барамыз?! Сол үшін де, әлеуметтік желідегі боқауыз сөзге тосқауыл керек. Боқтампаздар заң шеңберінде жауапқа тартылып, айыппұлдан шет қалмағаны абзал. Егер заң қатал болса, бағынуға, оның талаптарын орындауға, бір елі ауызға, екі елі қақпақ бола алатынымыз хақ. Жол ережесін қатайтты, жүргізушілер оған бағынды. Бұл да соның бір мысалы. Әдепті сөйлеу әдеміліктің белгісі, мәдениет пен жан тазалығы.

Ришад ТҰРҒАНБАЙ