ТЕКЕЛІ ҚАЛАСЫНДА КАДЕТ СЫНЫБЫ АШЫЛДЫ

Уақыты: 02.02.2023
Оқылды: 1382
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Текелідегі №4 орта мектепте жас құтқарушыларға  арналған кадет сыныбы ашылды. Мақсат – өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беру, төтенше жағдай кезінде зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсету, оқушыларға ерте жастан өмір қауіпсіздігі дағдыларын қалыптастыру.

Сыныптың ашылу салтанатында сөз алған Текелі қаласының әкімі Алмас Әділ оқушыларға әкімдік тарапынан ашылған кадет сыныбын керек-жарағымен қамтып, жастарға кәсіби дәріс беретін мамандарды жіберуге, өскелең ұрпақтың жақсы білім алуы үшін барынша қолдау білдіретінін жеткізіп, ізгі тілегін арнады.
Осыдан кейін кадет сыныбына өткен 4 «А» сынып оқушылары ант қабылдап, куәлік алды. Сонымен қатар, оқушылар төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша флешмоб ұйымдастырып, саптық дайындық дағдыларын көрсетті.
Шара барысында облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Бауыржан Ізбасаров: 
– Құрметті оқушылар, бүгін сіздер жас кадет деген куәліктеріңізді алып, «адал қызмет етемін» деп ант қабылдадыңыздар! Сондықтан, бұл мамандыққа жауапкершілікпен қараңыздар. Сабақты түсініп оқысаңыздар, болашақта осы сала бойынша оқуға түсуге де оңай болады. Біздің мақсатымыз – төтенше жағдай департаментінің жұмысымен таныстыру, – дей келе ТЖД қызметкерлері алдағы уақытта оқушыларға арнайы сабақ беретінін, түрлі кездесу өткізіп, департамент мұражайымен таныстыратынын айтты. 
Өз кезегінде сөз алған мектеп директоры Меруерт Бюрина: «Отанға деген сүйіспеншілік мектептен басталады. Сондықтан оқушыларды ұлтжанды, адал, жанашыр етіп тәрбиелеу мақсатында кадет сыныбын аштық. Әр ата-ана үшін бала қауіпсіздігі әрқашан бірінші орында. Оқушылардың өрт сөндіру техникасын, қауіпсіздік ережесін біліп өскені үлкен қуаныш», – деді.
Кадет сыныбына 30 бала қабылданды. Сынып оқушылары мектеп басшылығымен бекіткен нысанда әскери киім киеді. Олар мектеп қабырғасында жалпы білім беру стандарты бойынша білім алумен қатар, кадет сыныбы туралы бағдарламаға сәйкес қосымша үйірме пәндерін оқиды. Атап айтсақ, балалар қосымша өрт сөндіру, әскери медициналық көмек, шахмат, туризм сияқты мамандықтарды меңгереді.
Мектепте келесі жылы әскери парад алаңын салу, тағы сыныптар қосу жоспарлануда. Айта кетейік, бұл облыс бойынша екінші кадет сыныбы. Алғашқысы Ақсу ауданында ашылған.

Айдар ҚАЛИЕВ,
Текелі қаласы