АЛТЫ ЖАСАР БАЛАНЫҢ АҚЫЛ-ОЙ ДАМУЫ

Уақыты: 07.02.2023
Оқылды: 936
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Алты жасар бала дүниетанымының бастапқы келбеті қандай, жаратылыс құбылыстары мен қоғамдық құбылыстарды бала қалай түсініп саралайды, эстетикалық талғамы қандай дегендерді білу өте маңызды. Бұл үшін алдымен кейбір баланың өзіндік танымынан байқалатын дүние көрінісінің бірнешеуін алып қарастырғанымыз жөн.Бұл ретте алты жастағылардың танымдық процестерінің даму ерекшеліктері арнайы талданатындықтан, типтік көріністер жеке керіністің тасасында қалмауға тиіс.


Ойлауды дамыту. Психикасы дұрыс қалыптасқан балаға тән нәрсе —оның білуге құштарлығы. Баланың білмекке құмарлығы үнемі айналадағы дүниені танып-білуге және өз санасында осы дүниенің өзіндік бейнесін жасауға бағытталған. Бала ойын үстінде тәжірибе жасайды, себеп-салдарлық байланыстар мен тәуелділікті анықтауға тырысады. Мәселен, ол қандай заттың батып, қандай заттың батпай жүзіп жүретіндігін өздігінен ажырата алады. Оның санасында айналадағы өмір құбылыстары жайында көптеген сұрақтар туады. Ақыл-ой жағынан бала неғұрлым белсенді болса, сұрақтарды да көбірек қояды және сұрақтары алуан түрлі болып келеді. Алты жасар бала жарық дүниедегі атаулының бәрін: тіпті мұхиттың тереңдігін де, ондағы жануарлардың қалай демалатынын да, Жер шары көлемінің қандай екендігін де, төменде қар еріп кеткен кезде таудағы қардың, ерімеу себебін де білгісі келеді. Бала білуге талпынады, білімді меңгеру үстінде оны «не үшін?», «қалай?», «неліктен?» деген сан алуан сұрақтар мазалайды. Ол: білімге жүгінуге, жағдайға, орай өзі білмейтін сұрақтарға қисынды: жауап іздеуге тырысады. Алты жасар бала кейбір мәселелерді шын жағдайға орай шешудің жолдарын қарастырады, ол тіпті оларды ойша шешуі де мүмкін. Ол нақты жағдайды болжамдап, оны көз алдына елестетуге әрекет те жасайды. Міндеттерді шешуде осындай ішкі әрекеттер нәтижесінде іске асатын ойлаудың мұндай түрі — көрнекі-бейнелі ойлау деп аталады.Бейнелі ойлау — алты жасар бала ойлауының негізгі түрлері. Бала, әрине, кейбір жағдайларда логикалық ойлауы да мүмкін, бірақ бір ескерер жайт — бала бұл жаста көрнекі құралдардың көмегімен білімді меңгеруге бейім тұрады. Ересек адам өзінің ақыл-кеңесімен жөн сілтеу арқылы бала зейінін шоғырландыра алады. Бұл ретте ол балаға тапсырылған істі орындау қажеттігін ескерте отырып, оны қалай жүзеге асыру жолдарын да үйретеді.Есту дамыту. Мектепке дейінгі жас — естің жедел дамитын кезеңі. Есті жетекші танымдық процеске таңып жүр. Шынында да, мектеп жасына дейінгі баланың сөзді игеріп алатыны соншалық, ол ана тілінде емін-еркін сөйлей біледі. Баланың есі бала үшін мәнді оқиғалар мен мағлұматтарды тұтып алады да, оны сақтап қалады. Мектепке дейінгі балалық шақ адамның бүкіл өмірінде ұмытылмас естеліктер қалдырады.Алты жасар бала бұл кезде ықтиярлы түрде есте сақтайды. Есте сақтау көңілдегідей ойынның шартына айналған кезде немесе баланың әрекетін жүзеге асыратын мәнге ие болған кезде, бала сөзді, өлеңді, сондай-ақ жүйелі іс-әрекетті, т. б. жадына тез тоқып алады. Ол есте сақтау тәсілдерін саналы түрде біртіндеп меңгере бастайды. Еске сақтауға қажетті деген нәрселерді жадында еселеп сақтайды, олардың мән-мағынасын жете түсініп, ұғынуға тырысады. Алайда ықтиярсыз түрде есте сақтау басымырақ мәнге ие. Бұл жерде мәселе баланың өзі айналысатын іске қаншалықты дәрежеде ынта-ықылас білдіре алатындығында.

                Гүлмира ДУЛАТОВА 
Жетісу  облысы, Талдықорған қаласы, Оқушылар сарайы МКҚК 
«Мектепалды даярлық» үйірмесінің жетекшісі