МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫНЫҢ ТАПСЫРМАСЫ: ІС ПЕН НӘТИЖЕ

Уақыты: 13.02.2023
Оқылды: 536
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

ТӨРТ ТҮЛІКТІ ТҮЛЕТСЕК

Жетісу өлкесі екіге бөлінбей,  2 миллионнан астам тұрғыны, бірнеше мемлекет сыйып кететін ұлан-ғайыр аумағы бар тұтас бір облыс болып тұрғанда, Алматы облысы еліміздегі ең малды аймақтардың бірі еді. Жалпы, ол кездері ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруде облыс еліміз бойынша алдыңғы бестіктен төмендеп көрмепті. Кейбір бағыттарда тек бірінші үштікте тұрақтайтын. Бірақ жыл сайын егістік алқабын 1 миллион гектарға жеткіземіз, қойдың санын 4 миллионға апарамыз дегенімізбен, желтоқсанда ауыл шаруашылығы жылының қорытындысы шығарылғанда, осы межелерге сәл-пәл жетпей қалатынбыз.

Былтыр маусымда облыс бір кездегі шекараларының сызығы бойынша екіге бөлінді. Жетісу өз алдына жеке отау құрып, Алматы облысы өз алдына бөлек кетті. Соған сай барлығы бөлініске түсті. Өңір экономикасындағы жетекші саланың бірі болған мал шаруашылығында да бірқатар өзгерістер орын алды. Төрт түлікті көптеп өсіретін аудандардың біразы Алматы облысының еншісіне тиді. Атап айтқанда, бір өзінде 500 мың басқа жуық қой бағылатын Жамбыл, негізгі күнкөріс көзі ретінде төрт түлікті қарастыратын, жайлауы жайлы, қыстауы сайлы Райымбек, Кеген, Ұйғыр, Еңбекшіқазақ аудандары Алматы облысының құрамында қалды. 
Дегенмен, Жетісу облысында да мал шаруашылығын дамытудың мүмкіндігі мол. Алакөл, Кербұлақ, Қаратал, Ескелді, Ақсу, Сарқан, Панфилов, Көксу аудандарында осы саланы өркендетуге қажетті қолайлылықтар жеткілікті. Табиғаттың барлық белдеуі орналасқан Алакөлде бүгінде мыңғыртып жылқы, мыңдап қой өсіріп, сиырдан сүт бұлағын ағызып отырған ірі шаруашылықтар бар. Жаркент өңірінде де төрт түлікті тірлікке тіреу етіп отырғандар баршылық.Қараталдың сулы-нулы және қойнауы құт құмды аймақтарында да малдың арқасында шалқып өмір сүріп отырғандар жетерлік. Басқа аудандарда да өсімдік шаруашылығының өркен жайған өсімімен бірге, төрт түліктің де қызығын көріп, табысын тасқындатып отырғандар көптеп саналады. 
Алайда қай заманда болмасын біздің елдегі тұрғындардың негізгі кәсібі, әсіресе, қазақтардың басты күнкөрісі болған мал шаруашылығының бүгінгі ғылым мен техника қарыштап дамыған кездегі жағдайында көңіл аударар түйткілді тұстары жетерлік. Кеңес одағы кезінде Қазақстан бүкіл одақты етпен, астықпен қамтамасыз ететін негізгі республиканың бірі еді. Басқа да шикізаттарды қазақ даласынан тасып, өзімізге соның пайдасын да көрсетпеген кезең бүгінде артта қалды. Сол жылдары біздің елде: «Астықты миллиард пұтқа, қой санын 50 миллионға жеткіземіз» деген ұран болғанын бүгінде көп адам біле бермейді. Қалай дегенмен, келмеске кеткен кеңестік заманда да қазақ даласында мыңғырып мал өсіп, мыңдаған гектарда алтын астық жайқалғаны рас. Жекешелендіру жылдары соның бәрі тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кетті. Өз алдымызға дербес ел атанған 30 жылдан астам уақытта барымызды молайтудың орнына, жоғалтып ала жаздағанымыз да шындық.

Облыста:    ірі қара –  512 754, қой  – 1 410 909, ешкі – 241 411, жылқы  – 182 530, ойсылқара  – 1532, құс  – 2 503 608

Өткен жылы 126,20 мың тонна  ет дайындалған, 334,2 мың тонна  тонна сүт сауылған, 384,8 миллион дана  жұмыртқа жиналған, 4,0 мың тонна жүн қырқылған

Басқаны қайдам, мал шаруашылығын дамыту үшін небір мемлекеттік бағдарламалар ойластырылып, атағы дардай жобалар қолға алынды. Бірақ солардың барлығы нақты нәтиже берген жоқ. Мал тұқымын асылдандырамыз деп, алыс шетелдерден қой мен сиырдың, жылқының түр-түрін тасыдық. Оған миллиардтап ақша шаштық. Әсіресе, сүтті, етті бағытта деп мүйізді ірі қараға кеткен қыруар қаржыға ішің ашиды.Олардың қазақ даласын жерсінер, жерсінбесін ден зерттемей, ұшақпен жеткізгендерді де көзбен көрдік. Ақыры не болды? Мақтауы келіскен ангус, герефорд, джерси сынды асты-үстіне түсіп, мәпелеуге үйренген сиыр тұқымдары қазақты байытпады, қайта кері тартты. Қазіргі кезде басқа өңірлерді айтпағанда, жері малға аса қолайлы деп саналатын солтүстік аймақтардағылардың өзі мақтауы келіскен «асыл» тұқымдардан бас тартуда. Осындайда Алматы облысын екі рет басқарған, Ауыл шаруашылығы министрі болған Серік аға Үмбетовтің облыстағы мал шаруашылықтарын аралаған кезекті сапарлардың бірінде: «Осы, мына, соңғы әкеліп жатқан шетелдік сиырларың маған ұнамайды. Біздің даланы жерсіне қояр ма екен? Тым шәкімшіл, жаны аяулы сияқты. Қазақтың төл малына айналып кеткен алатау, әулиекөл, қазақтың ақбас сиырынан неге жерідіңдер?» деп қасында жүрген әкімқараларға ренжігені еске түседі. Көзін ашқалы малды көріп өскен ағамыз сол кезде ақиқатты айтқанына бүгінде көз жетіп отыр. Ет пен сүттің бағасы шарықтап бара жатыр. Мал асырау да оңайға соқпайтын болған. Жайылым мен шабындық жетіспейді. Жемшөптің бағасы удай. Жағдай бұлай жалғаса берсе, ет жеп, сүт ішуді де шектейтін шығармыз...
Жетісу облыстық ауыл шаруашылығы басқармасынан алынған мәліметке сенсек, дәл қазіргі кезде облыстағы мал шаруашылығының жағдайы жаман емес. Облыстардың бөлінуі де қатты әсер ете қоймаған. Қазіргі Жетісу облысын мекендейтін 600 мыңның үстіндегі тұрғынды тарықтырмауға жететін төрт түлік пен құс бар. 
Биылғы қаңтардағы жағдай бойынша 512 754 сиыр болса, оның ішінде сауылатыны 248 мың бас.  Қойдың саны – 1 410 909. Ешкі – 241 411. Шошқаның саны – 17300. Жылқының саны – 182530. Ойсылқара өсіретін ең ірі шаруашылық Алматы облысында қалғандықтан, түйе санымен мақтана алмаймыз. Облыста әзірге 1500-дің үстінде ғана түйе өсіріледі. Сонымен бірге 2,5 миллионнан астам құс бағылады. Былтыр барлық шаруашылық санатын қосқанда тірідей салмақта 126,20 мың тонна ет дайындалып, 334,2 мың тонна сүт сауылып, 384,8 миллион дана жұмыртқа жиналып, 4,0 мың тонна жүн қырқылыпты. Аудандар бойынша салыстырсақ, ірі қараның ең көбі Панфилов ауданына тиесілі – 89300 бас. 2-орындағы Ақсуда – 80700 бас сиыр бар. Қой саны бойынша да осы екі аудан басқалардың алдында тұр. Ақсуда 268 мың, Панфиловта 258 мың бас қой өреді. Жылқы бойынша Ақсу ауданы алдыда. Мұнда 37 мың, Алакөлде 33 мың қылқұйрық елдің берекесін арттырып отыр. Жоғарыда айтқанымыздай, Жетісу облысында түйе өсіретін ірі шаруашылық жоқ. Дегенмен, кейінгі жылдары осы бағытта талпыныстар тіркеле бастаған. Қазіргі кезде Сарқан ауданында 437, Панфиловта 350 ойсылқара кең даланың сәнін келтіріп жүр.
Құс бойынша Талдықорған қаласы бәрінен қара үзіп тұр. Мұнда 1700 мың құс бар. 2-орындағы Ақсуда 127 мың құс өсіріледі. Құс шаруашылығын дамыту қажеттігін осыдан біраз бұрын өткен алқада облыс әкімі де айрықша атап өтіп, облыс аумағында құс фабрикаларын салуға инвесторлар тарту жөнінде тапсырма берген. Ендігі үміт, осы тапсырамның орындалуында.
Қалай болғанда да, Жетісу облысының бүгіні берекелі, болашағы мерекелі, халқы бақуатты болуы үшін ауыл шаруашылығының, оның ішінде мал шаруашылығының дамуы аса маңызды. Жетекші саланың дәл қазіргі кездегі жағдайы жаман еместігін жоғарыда айттық. Дегенмен, мал шаруашылығының жілігін шағып, майын ішкен мамандардың да пікірін біле кеткенді жөн санап отырмыз.
Алмасбек Садырбай, агросарапшы, «Шопан ата» агроқозғалысының төрағасы:
– Жетісу облысында мал шаруашылығының дамуына, өңір экономикасының басты тірегіне айналуына мүмкіндік жетіп артылады. Мәселен, осы саланың ішінде қандай бағыттарды таңдауға және қолдауға байланысты. Дүниежүзілік Банктің осыдан бірнеше жыл бұрын мал шаруашылығындағы ең тиімді бағыттары туралы жасаған қорытындысы бар. Сонда 1-орын құс шаруашылығына тиесілі. Одан кейін шошқа орналасса, алдыңғы үштікті қой шаруашылығы қорытындылайды. Жылқы өсіру төртінші, мүйізді ірі қара шаруашылығы 5-орында.
Құс шаруашылығына келер болсақ, тұтас Алматы облысы болып тұрғанда бұл саладағы мүмкіндігіміз үлкен еді. Өкінішке қарай, дәл бүгінгі күні Жетісу облысында аталған бағытта Талдықорғандағы «Аққұс» фабрикасынан басқа ірі өндіріс орны жоқ. Жұмыртқа мен тауық етіне деген қажеттілікті сырттан тасымалдап, жауып отырмыз. Құс шаруашылығына қарапайым қазақ кіре де алмайды. Өйткені бұл сала алғашқы кездің өзінде аса қомақты қаржыны талап етеді. Талпақ танауды айтпай-ақ қояйық. Біздер үшін олардың саны мүлде азайғаны дұрыс.Сондықтан дәл қазіргі кезде Жетісуда қой шаруашылығын барынша өркендету керек деп ойлаймын. Өйткені, дәл осы түлік бойынша бір кездегі Алматы облысы бойынша да Жетісу өңірінің үлесі қомақты болған және бізде осы бағытта дамытуға қажетті қолайлылықтардың барлығы бар. Сонымен бірге жылқыға баса назар аударсақ, оңды болар еді. Бұл бағыттарда үлкен талпыныстар мен нақты істер бар. Мыңдап қой мен жылқы өргізіп, қызығын көріп отырғандар көптеп саналады. 
Мүйізді ірі қара туралы бұлай айта алмаймын. Ірі қара шаруашылығын қолдауға негізделіп талай мемлекеттік бағдарламалар қабылданды. Қыруар қаржы бөлінді. Солардың ешқайсысынан нәтиже шықпады. Құр ақша шашу болды. Осындай аты мен атағы дабыралы болғанымен, берері болмаған бағдарламалардың пайдасын емес, зиянын әбден көрдік қой...
Мен осы мал шаруашылығы бойынша әлемнің біраз елін аралап, жетістіктерімен таныстым, шаруашылықтарын көрдім. Сонда бір байқағаным, кез келген елді 1-кезекте өздерінің өндірісін қолдайды, өз өнімдерін саудалайды. Басқаны айтпағанда, барлық жағынан дамыған жоғары технологиялы мемлекет болып саналатын Оңтүстік Кореяда бәленбай қабатты сауда үйіне кірсеңіз, есіктен ене салып, саудадағы ең тиімді болып саналатын төменгі қабаттарда, онда да оң жағындағы көзге бірден түсетін сөрелерде сол елдің, өңірдің өнімдері самсап тұрады. Басқа елдердің бүкіл әлем мойындаған ең озық өнімдерінің өзі жоғары қабаттарға орналастырылған. Кірген адам оған жеткенше, сұранысын жергілікті өнімдермен-ақ қанағаттандырып, үйіне қайтады. Осылайша, отандық өндіріске қолдау жасайды. Ал бізде бәрі керісінше. Шаруа малын, егінші егінін өсіріп, өнімін алғаннан кейін оны саудаға шығару жолында, қайта өңдеуден өткізу барысында бірқатар машақатты бастан өткереді. Араға делдалдар түседі. Үлкен сауда орындарын айтпағанда, базарлардың өзінде қақпадан енбей жатып, аранын ашқан алыпсатарларға тап боласың. Солармен арпаласып жүргенің де өнім сапасын жоғалтады, онымен қоймай, тұтынушыға жеткенше еселеп қымбаттайды. Сондықтан нағыз еңбек адамының қолынан шыққан өнімдерді сапалы әрі балғын күйінде тұтынушыға жеткізудің сатушыға да, тұтынушыға да тиімді тәсілдерін қолға алуымыз керек. Осы орайда Мемлекет басшысы кооперация туралы айтып, тапсырмалар берді. Айта берсе, әңгіме көп. Ең бастысы, басқа елден үйренгенде, өзіміздің қолайымызға жағатын, жерімізге, шаруашылық жүргізуімізге сай келетін әдіс-тәсілдерге мән бергеніміз жөн. 
Тасқын Жапарқұл, «Ернар» ЖШҚ       төрағасы:
–  «Мал баққанға бітеді» дейді ежелден несібесін төрт түліктен айырған қазақ. Тек далада ғана емес, бүгінде ауылда, тіпті шағын қалаларда қорасында мал ұстап, отбасына соның өнімінен береке байлап отырған адамдар аз емес. Шекаралы Панфилов ауданы да төрт түлік өсіруге өте қолайлы аймақтың бірі. Әсіресе, тау баурайындағы Қоңырөлең, Іле өзенінің жағалауындағы Айдарлы ауылдарының жұрты атакәсіпті негізгі тіршіліктірегі деп санайды. 
Жалпы, Жетісу облысында төрт түлікті негізгі өндіріс көзіне айналдырып, өрістетуге және одан мол өнім алуға жер жағдайы барынша қолайлы. Тек Жаркент өңірі ғана емес, суы мен өрісі мол Алакөлаймағы, ежелден елі мал баққан Қаратал, Сарқан мен Ақсу, Кербұлақ ауданының шөбі шүйгін Қоғалы өңірінде мал шаруашылығын барынша дамытуға мүмкіндік мол.Өйткені бұл өңірлердің жер жағдайы егін өсіргеннен мал баққанға қолайлы.
Облыста мал шаруашылығын дамытудың бірнеше басты талаптарын ескеру керек. Ең алдымен, жер жағдайын, өрісті тиімді пайдаланумен қатар, жемшөптің берік негізін қалау қажет. Мысалы, Жаркент өңірінде жүгері өсірілетіндіктен, қожалықтарға күзде «дала аруының» дәнінен жем, өнімін жинағанда егіс даласында шашылып қалатын сабағынан шөп тайлап, сүрлем бастырып алған абзал. Мұндай қорды әр өңір шаруалары өз өңірлерінде өсірілетін дақылдардың қалдығынан жасай алады. Көпжылдық шөп егісін көбейтіп, табиғи шабындықтардың шалғынын тиімді пайдаланған жөн. Екіншіден, қандай мал түрін өсірсеңіз де тұқымын асылдандырып, өнім сапасын көтергенде  ғана ұтасың.  Үшіншіден, ветеринарлық қызметті жолға қойған дұрыс. 
Бір кездері Талдықорған облысы мемлекетке сатқан еттің 40 пайызын Панфилов ауданының шаруашылықтары берген. Бұл жетістікке жаркенттіктер жаңа айтқан мал шаруашылығын дамытудың басты талаптарын орындаудың арқасында жеткен. Жемшөп қоры мол болған жағдайда қой мен ірі қараны топтап, интенсивті әдіспен бордақылауға кең жол ашылады.

Болат АБАҒАН
Талдықорған қаласы