ҰЙЫМДАСҚАН ҰТАДЫ

Уақыты: 14.02.2023
Оқылды: 1227
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Жаркент өңіріндегі Алтыүй ауылының іргетасы өткен ғасырдың басында, дәлірек айтсақ, 1908 жылы жері жайдақ, іргеде ағып жатқан Шежін өзенінен арық тартып, егін өсіруге бел буған  6 отбасы қоныстанғаннан қаланған. Қазір бұл ауыл «Бірлік» ауылдық округінің орталығы. Округке қарасты Шежін, Нәдек, Алтыүй ауылдарында жалпы 8 мыңға жуық адам тұрады.

Алтыүйліктер өзіне қарасты елді мекендермен қатар, бүкіл өңір жұртшылығына жаңа бастамасымен үлгі болуда. Өткен жылы олар ауылының барлық көшесін өз күшімен жарықтандырыпты. Қатардағы қарапайым тұрғындар қал-қадірінше ақшасын жинаса, кәсіпкер, қалталы азаматтар ауылдастарының жетпей жатқанын қомақты қаржысымен демеп, 20 көшені жарықтандырыпты. Осындай игілікті іске ауыл әкімі Дидар Мұқаметжан бастап, ауыл ақсақалдары мен азаматтары оған қолдаушы болған.
Жыл сайын елді мекеннің көшесін жарықтандыруға бюджеттен қаржы бөлінеді. Десек те, мемлекет қаржысына қарап отырмай, ұйымшылдықпен мәселені өз күшімен шешкен алтыүйліктердің бастамасын басқалардың да қолдағаны өздеріне тиімді. Көше жарығына Алтыүй ауылының әр тұрғыны жылына орташа есеппен 4 мың теңге төлейді екен. Бұл ақшаны 12 айға бөлсеңіз қалтаға айтарлықтай салмақ түспейтінін бағамдайсыз. Ұйымдасқан ұтады деген осы.

Мырзағали НҰРСЕЙІТ
Панфилов ауданы